• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Футзалдан ӘЧ: Қазақстан іріктеу кезеңінде төртінші рет жеңіске жетті (ФОТО, ВИДЕО)

    Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2024 жылғы әлем чемпионатының элиталық іріктеу кезеңінде қатарынан төртінші рет жеңіске жетті. Бұл жолы ұлттық құрама Әзербайжан командасымен кездесіп,3:2 есебімен басым түсті. Матчта алаң иелері 0:2 есебімен жеңіліп жатып, камбэк жасады.

    Ойында командалар бірінші минуттан бастап аңдыспай, бірден шабуылға шықты. Соның нәтижесінде бірінші болып қонақтар есеп ашты. 4-минутта Амадеу голдың авторы атанды. Одан кейін 8-минутта Апшерон түбегінің өкілдері есепті еселеді. 8-минутта Кардозо Игита қорғаған қақпаны дәл көздеді.

    Осыдан кейін алаң иелері бірінен соң бірі шабуылдар жасап, матчтың бірінші таймында есепті теңестіріп кетті. 13-минутта Лео есепті бір голға қысқартса, Біржан Оразов 18-минутта допты торға тулатты.

    Екінші таймда Қазақтан құрамасы Әзербайжан командасының қақпасын үшінші рет дәл көздеді. 22-минутта Жуниор Дуглас голдың авторы атанды.

    Осылайша Қазақстан қарсыласын 3:2 есебімен жеңіп, қатарынан төртінші рет жеңіске жетті.

    Бұл ойында Әзербайжан құрамасы да жақсы ойын өрнегін көрсетті. Қонақтар матч басталысымен алаң иелерімен иық теңестіріп ойнады. Дегенмен Қазақстан құрамасы тәжірибе мен бас жаттықтырушы Рикардо Каканың тактикасының арқасында айласын асырып кетті. Камбэк жасады.

    А тобында 10 қыркүйекте Румыния мен Нидерланд құрамалары 1:1 есебімен тең түсті. Енді қазір төрт турдан кейін Қазақстан құрамасы 12 ұпаймен көш бастап келеді. Ұлттық құрама әлі бірде-бір ойында жеңілген жоқ. Бұған дейін Румыния командасын 4:3, Нидерланд жасағын 2:0 есебімен жеңсе,  жақында Бакуде Әзербайжаннан 4:2 есебімен басым түсті.

    Енді Қазақстан құрамасы 14 желтоқсанда өз алаңында Нидерландпен кездеседі. 20 желтоқсанда Румынияға барады.

    2024 жылғы әлем чемпионаты Өзбекстанда болады.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    Бағдат ҚАЛИЕВ,

    Мобилограф – Жандос САРДЕНОВ

    ФОТО: kff_team_futsal

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *