• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Біреуге қараған күнің құрысын…

    Азия ойындарындағы медалі ең көп спорт түрі — жеңіл атлетика.  Жалпы медальдар жиынтығы ең көп жарыс — жеңіл атлетика жарысы.  Біздің ел кешенді үлкен жарыстарда бұл мәселені үнемі есте ұстап жүретін.  Кешегі Токио Олимпиадасы мен бұл Ханчжоудағы XIX Азия ойындарында осы дәстүрден жаңылғандаймыз ба, қалай… 

    Біріншіден, Ханчжоуға небәрі 20-дай ғана жеңіл атлет әкелдік.  Есесіне, Е-спорт дей ме, аты-жөні белгісіз бір спорт түрінен 30-ға тарта спортшы қосыппыз.  Бұл Е-спортың спорт па, баланың ойыны ма түсінбедік.  Рас болса, отырып, компьютермен ойнайтын бірдеме секілді.  Өткенде әлгі 30-дың ешқайсысы жартылай финалға да жете алмағанда, бір жас журналистің: «Мен компьютерде жетікпін, барған бетте дайындалып, келесі Азия ойындарына қатыспасам!..» – деп қалғанын өз құлағыммен естідім.  Сондай спортты да спорт деп Азия ойындарына енгізгендеріне қайранмын.

    Бірақ «қазаншының еркі барды…» айтқан да өзіміздің қазақ-ау.  Сонымен, Азия ойындарына келген 20-дай жеңіл атлетіміз айды аспанға шығара алмады.  4х400 метрге аралас эстафетада Шри-Ланкалық спортшыларды жазалағанның арқасында төртінші орында қалған спортшыларымыз жүлделі үшінші орын алды. Қыз-жігіттердің еңбектерін елемеуден аулақпыз, бірақ біз жеңіл атлетикадан Азияда көш соңында жүрмеуіміз керек еді. Ең әуелі, сонау 1960 жылы жеңіл атлетикадан күміс медаль алған Ғұсман ағамыз бар. Одан соң Ғұсман аға Әмин Тұяқов ағамен бірге Кеңес Одағы мен Еуропада (Ол кезде Кеңес Одағында болғаннан кейін біз Еуропада күш сынадық қой. -Н.Ж.) атой салып, жүлделерін де алды, рекордтарын да жаңартты.  Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін де біз бірнеше Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлерін тәрбиеледік. Енді, міне, Азия құрылығындағы Ойындарда чемпиондық түгілі бір күміс медаль ала алмай мысымыз құрып отыр!

    Бұл жерде ел спортын өркендетудегі соңғы жылдарға кемшіліктердің мол әсері бар екенін баса айтамыз.  Жасыратыны жоқ, бұл Азия ойындарында біз өз спортшыларымызға емес,сырттан сатып алып келген шетелдік желаяқтар Каролин Кипкури мен Дейзи Джепкемейге үміт артқанымыз жасырын емес!  Жеңіл атлетикалық жарыстың алғаш басталған күндері өткен 10000 метрлік қашықтыққа жарыс Кипкури үшін алтын медаль күткен жарыс еді.  Ол жолы Каролин үшінші боп қалды.

    Жарыстың бел ортасында әйелдердің 3000 метрге кедергілер арқылы жарысы өтті.  Оған қатысқан Дейзи алдағыларға ілесе алмай, бесінші боп келді. Енді екеуін де кеше ғана өткен 5000 метрге болған жарысқа салғанбыз.  Каролин үшіншіге әрең ілінді, Дейзиіңіз сегізінші болып салпақтап, көмбеге әрең жетті.

    Біреуге қараған күнің құрысын!  Не болса да өз елімізде туған спортшыларды тауып, тәрбиелеген дұрыс. Дәл әлгілер алтынмен аптап, күміспен күптейтін болса да, солардың менің елім үшін жарысқа қатысқанын өз басым қаламаймын! 

    Кешегі жарыс кезінде де өзге елдің спортшылары киген киіміндегі елінің аты жазылған сөз бен кестелеген туларына табынып, соған бас иіп, тағзым етіп жүрсе, мыналардың киімдері де өзге спортшыларымыздағыдай қазақ иісі шығатын форма емес, кеуделерінде кестелеген туымыз да жоқ!  Сонда бұлар әлгі Африкасынан Ханчжоуға кешігіп келіп, жарыс жолына өз киімдерімен шыға салған ба, әлде біздің киім үлгісі мен туды кестелеуді менсінбегені ме?! 

    Бұл 5000 метрлік қашықтықта Үндістанның желаяқ қызы чемпион болды!  Және де қандай керемет тактикалық әдіс қолданды дейсіз ғой: ол жапон жеңіл атлет қызын алдына салып отырып, тек мәреге 20-30 метр қалғанда ғана атқан оқтай боп өте шықты жанынан!  Керемет жеңіс!  Жалпы, бұл Азия ойындарындағы жеңіл атлетика жарыстарында осы Индия мен Бахреиннің спортшылары таң қалдырды.  Бахрейннің жеті алтын медаль алуының ішінде олардың жеңіл атлеттерінің зор үлесі бар.  Ал, Үндістан ұлы ел, әлі-ақ олар да Қытай спортшылары секілді спорттаға көп алтын жүлделерді өзгелердің аузынан жырып алатын болады.  Олардың суға жүзудегі, жеңіл атлетикадағы табыстары бас игізгендей!  Және де бұл елдердің спортшыларының бәрі өз ұлтының ұл-қыздары.

    Біз де солай болуымыз керек деп ойлаймын!  Кісіге қараған күнің құрысын!!!

     

    Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ – Ханчжоудан (Қытай)

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *