24-25 ақпан аралығында Польшаның астанасы – Варшава қаласында дзюдодан өткен ересектер арасындағы European Open турнирінде Қазақстан құрамасы екі қола медаль жеңіп алды, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясы.
Аса ауыр салмақта (+78 кг) кадеттер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Мадина Парагульгова қола жүлде үшін белдесуде Нидерланд спортшысы Свирс Полиеннен басым түсті. Бұл салмақта Мәдинадан Парагульговадан басқа Толқын Тұрсынақынова да бақ сынап, жұбаныш кездесуінде дәл осы Нидерланд өкіліне есе жіберді.
Ерлер сайысында ең жеңіл 60 келіде жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Шерзод Давлатов Грузия спортшысы Тома Гелашвилиден айласын асырды. Шерзод Давладов былтыр да Польшадағы жарымста үшінші орын алған болатын.
Екі күнге жалғасқан додада 37 елден 458 татами шебері 14 салмақта жүлдегерлерді анықтады.