Еліміздің бокстан ерлер құрама командасы Шымкент қаласында Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтетін әлемдік лицензиялық турнирге дайындалып жатыр, деп хабарлады Қазақстан бокс федерациясы.
Оқу-жаттығу жиынына 80-ге жуық боксшы қатысуда. Олардың арасында лицензиялық турнирге қатысатын алты боксшыдан басқа, ұлттық құраманың өзге де мүшелері мен әр облыстың құрамалары бар.
Жігіттердің дайындығы жақсы. Біз лицензиялық турнир алдында боксшылардың тактикалық және техникалық дайындығына екпін қойып жатырмыз. Қазақстан бокс федерациясы тарапынан барлық жағдай жасалған. Енді 29 ақпанда Италияға жол жүреміз, — деді ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов.
Апеннин түбегіндегі турнирге 51 келіде Сәкен Бибосынов, 57 кг салмақта Сабырхан Махмұд, 63,5 келіде Мұхамедсабыр Базарбайұлы, 71 кг салмақта Асланбек Шымбергенов, 80 келіде Нұрбек Оралбай мен 92 келіде Айбек Оралбай қатысады.
Италиядағы турнирге қатыспайтын боксшыларымыз Сербия, Литва, Әзербайжан елдеріндегі халықаралық турнирлерде шаршы алаңға шығады. Сондай-ақ, оқу-жаттығу жиынынан кейін боксшылардың бірқатары Атырауда өтетін Болат Теміровті еске алуға арналған халықаралық турнирде қолғап түйістіреді. Ал Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтетін әлемдік лицензиялық турнирде ерлер арасында 28 лицензия сарапқа салынады.
Қазіргі таңда Қазақстан ерлер құрамасы Париж Олимпиадасының бір лицезиясын иеленген. Жолдаманы жазғы Азия ойындарында аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев жеңіп алған еді.