Әсем қала Алматының Шымбұлақ тау бөктерінде «Могул», «параллель могул» және «шаңғы акробатикасы» бағыттары бойынша фристайлдан FIS Әлем кубогының финалдық кезеңдері өз мәресіне жетті.
Үш күнге созылған сайысты Туризм және спорт министрлігі, Алматы қаласы әкімдігі, Спортты дамыту дирекциясы, «Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада Комитеті» БҚ, «Самұрық Қазына» АҚ, «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» Ұжымдық қоры, «Қазақстан Республикасының Ұлттық Шаңғы Ассоциациясы» БЗТ ФА, «Шымбұлақ» ТК ұйымдастырса, сондай-ақ бас серіктестер «Самұрық Қазына» АҚ, Sport Qory және іс-шараның демеушілері Mastercard төлем жүйесі және «Jusan Bank» банкі демеушілік жасады. Көрермендер үш күн бойы сайысты тамашалап, ал өз кезегінде әлемнің фристайл жұлдыздары өздерінің өнерлері мен шеберліктерін көрсетті.
Сайыстарға 16 елдің халықаралық деңгейдегі 100-ден астам спортшысы қатысты. Қазақстанның атынан 15 спортшы шықты. «Могул/параллель могул» бағытында 10 атлет, «шаңғы акробатикасы» бағытында 5 атлет бақ сынаған жарыс тартысты да шиеленісті өткенін куәгер болдық. Алдымен «Могул» бағыты бойынша сайыстар өтіп, ерлер арасында канадалық Кингсбури Микаэль жеңімпаз атанды. Әйелдер арасындағы сайыста австралиялық Энтони Джакара ешкімге дес бермеді. Сондай-ақ аталған бағыт бойынша мезгілдің қорытындысы бойынша спортшылар марапатталды. Жалпы есепте бірінші орынның және кіші хрусталь глобустың иегерлері жапониялық Икума Хирошима мен аустралиялық Энтони Джакара бұл атаққа ие болды.
«Параллель могул» бағытында әлемнің үздік атлеттерінің нағыз тартысты деңгейде өрбіді. Отандасымыз Павел Колмаков үлкен финалға өтіп, сол жақта ғана атақты канадалық фристайлшы Кингсбери Микаэлден артта қалып, Әлем кубогы кезеңінің күміс жүлдегері атанды. Әйелдер бәсекесінде австралиялық Энтони Джакара тағы да ешкімге дес бермей, тұғырдың биік сатысынан көріне білді.
Фристайл сайыстарының соңғы күнінде «шаңғы акробатикасы» бағыты бойынша жеңімпаздан іріктеу кезеңіндегі жүріп өтулердің қорытындысы бойынша анықталды. Оған ауа райының күрт құбылуы себеп болды (қатты тұман және спортшылардың секіруге мүмкіндіктерінің болмауы). Іріктеудің қорытындысы бойынша ерлер арасында қытайлық Ци Гуаңпу, әйелдерден канадалық Зенаулт Мэрион жеңімпаз деп есептелінді. Жалпы есепте шаңғы акробатикасы бағытында ерлер арасында қытайлық Ци Гуаңпу, ал әйелдер арасында австаралиялық Дэниелла Скотт жылдың хрусталь глобустың иесі атанды. «Жылдың жаңа тұлғасы» атағын ерлер арасында қытайлық Жаң Ифаң , ал әйелдер арасында американдық Тэссиа Тэнер иеленді. Ұлт кубогын АҚШ командасы жеңіп алды.
Нұрлан ҚҰМАР,
АЛМАТЫ