• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Аян Төлеген

    Қазақстан боксшылары Олимпиадаға бес жолдама алды (ВИДЕО)

    Бокстан Италияның Бусто-Арсицио қаласында өткен әлемдік іріктеу турнирі өз мәресіне жетті.

    Биылғы додаға елімізден 11 боксшы (6 ер, 5 әйел) қатысып, ел намысын қорғады. 11 спортшының бесеуі Олимпиадаға жолдананы жеңіп алды.

    Ерлер құрамасындағы былғары қолғап шеберлері 22 рет шаршы алаңға шығып, соның біреуінде ғана жеңілді. Өкінішке қарай, 63,5 келі салмақтағы Мұхаммедсабыр Базарбайұлы қарысласына есе жіберіп алды. Ал басқалары, атап айтқанда әлем чемпиондары 51 келідегі Сәкен Бибосынов, 57 кг салмақтағы Махмұд Сабырхан, 71 келідегі Асланбек Шымбергенов, 80 кг салмақтағы Нұрбек Оралбай мен 92 келі салмақтағы Азия чемпионы Айбек Оралбай ширек финалда қарсыластарын жеңіп, Олимпада лицензиясын иеленді.

    Сәкен Бибосынов ¼ финалда Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері Киаран Макдональдты 4:0 есебімен жеңді. Ол екі раундта қарсыласынан басым болды. Одан кейін ол ойда-жоқта нокдаунға түсіп қалды. Бірақ, соңғы раундта қайта күшіне мініп, Макдональдтан айласын асырды.

    Осылайша, Сәкен Бибосынов 51 келіде Болат Жұмаділовтен кейін екінші рет қатарынан Олимпиадаға баратын боксшы болып отыр.  Еске салсақ, Болат Жұмаділов 1996 жылы АҚШ-тың Атланта қаласындағы Олимпиада мен 2000 жылы Аустралияның Сидней Олимпиадасына қатысып, екеуінде де күміс жүлдегер атанған болатын. Ал Сәкен Бибосынов 2021 жылы Токио Олимпиадасына қатысып, қола медальді алып келді. Енді ол Париж Олимпиадасына қатысады.

    Махмұд Сабырхан ширек финалда жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Асрор Вахидовты 4:1 есебімен жеңді.

    Осылайша, 22 жастағы отандасымыз Олимпиаданың жолдамасын қалтасына басты. Ол 1/32 финалда Ядеса Лета Фикремариамды (Эфиопия) 5:0, 1/16 финалда 22 жасқа дейінгі Азия чемпионатының күміс жүлдегері, таилдандтық Саравут Сукзет 3:2, 1/8 финалда Паган Калеб Жосие Тирадоны (Пуэрто-рико) 5:0, 1/4 финалда Асрор Вохидовты (Тәжікстан) 4:1 есебімен жеңді.

    Еске салсақ, 57 келі салмақта қазақ тарихында жалғыз ғана боксшы Олимпиадада жүлде алған. 2000 жылы Сидней Олимпиадасында Бекзат Саттарханов чемпион атанған.

    2004 жылы Афина Олимпиадасында Павлодар облысында туған Виталий Тайберт Германия сапында қола жүлде алды.

    71 келіде әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов әзербайжан Вархан Алиевтен 5:0 есебімен басым түсіп, жолдананы жеңіп алды. Ол 1/32 финалда фин Сэм Мороватиді екінші раундта техникалық нокаутқа жіберсе, 1/16 финалда поляк Дамиан Дуркач 4:1 есебімен жеңді. Бұл боксшы Токио Олимпиадасына қатысқан екен.

    1/8 финалда Байрамдурды Нұрмұхаммедовты (Түркіменстан) 3:2 есебімен, 1/4 финалда 2021 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері әзербайжан Вархан Алиевті 5:0 есебімен жеңді.

    Асланбек Шымбергенов былтыр әлем чемпионы, 2022 жылы Азия чемпионы болған. Енді оған Олимпиаданың алтын медалі жетпей тұр.

    Бокс турнирінде егіз спортшылар Айбек пен Нұрбек Оралбай да Олимпиадаға баратын болып шешілді. Айбек жолдаманы кеше алды. Ал әлем чемпионы Нұрбек Оралбай 80 келіде шешуші айқаста Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері Келин Кассидиді 4:1 есебімен жеңіп, лизенцияға ие болды.

    Осы жекпе-жекте Нұрбек Оралбайдың мұрыны сынса да сағы сынбай, қарсыласын «бесінші бұрышқа» тығып, сабады десе болады. Енді ол көп ұзамай төрт жылдық турнирлердің төресі Олимпиада ойындарына дайындықты бастайды.

    Әйелдер боксында әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері Алуа Балқыбекова (50 кг) Макси Карина Клоетзерге 2:3 есебімен жеңілсе, әлем чемпионы Валентина Хальзова да ширек финалда Ұлыбритания атынан сынға түсіп жатқан Камерун тумасы Кинди Нгамбаға есе жіберді.

    Осылайша , екеуі де Олимпиада жолдамасынан қағылды.  Енді мамыр айының соңы мен маусым айының абас кезі аралығында Таиландтың астанасы – Бангкок қаласында тағы бір әлемдік іріктеу турнирі болады.

    Әзірше Қазақстан құрамасынан Олимпиадаға жолдаманы 51 келідегі Сәкен Бибосынов, 57 кг салмақтағы Махмұд Сабырхан, 71 келідегі Асланбек Шымбергенов, 80 кг салмақтағы Нұрбек Оралбай, 92 келі салмақтағы Азия чемпионы Айбек Оралбай, аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев пен әйелдерден 57 келі салмақта Карина Ибрагимова жеңіп алды.

    Биылғы турнирге 114 елден 668 спортшы қатысты.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *