Теннисші Юлия Путинцева Ұлыбританияның Бирмингем қаласында өткен WTA 250 турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлады Қазақстан теннис федерациясы.
Финалда теннисші дүниежүзілік рейтингіде 190-орында тұрған Аустралия өкілі Айла Томляновичті 6:1, 7:6(8) есебімен жеңді.
Бірінші партияда Путинцева үш брейк жасап, партияны 6:1 есебімен аяқтады. Екінші партияда да 2:0 есебімен алға шыққанымен, оның қарсыласы дес бермеді. Енді Айла Томлянович 5:3 есебімен алға шықты.
Дегенмен Юлия Путинцева таразы басын теңестіріп, тай-брейкте 7:6 (10:8) есебімен басым түсті.
Осылайша, Путинцева алғаш рет көгал төсенішіндегі WTA турнирінде топ жарды. Бұған дейін ол 2019 жылы Нюрнберг, 2022 жылы Будапешт додасында жеңімпаз атанған еді.
Путинцева енді Бад-Хомбург WTA 500 турнирінде бақ сынайды.