• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Азат СҮЛЕЙМЕНОВ

    Almaty арнасы ұйымдастырған аламан

    «Адамзат бөз бермейді сөз береді», деген екен атабабамыз. Қазіргі ақпарат жүйелері тоғысып, оқырман қауымға ағыны тасқындап жатқан заманда БАҚ өкілдерінің қызметі еселей түсуде. Сөз тіршіліктің құралы болса, сол сөз құдіретінің тонын теріс айналдырып оқырманның назарына жеткізіп жатқан қаламгерлердің еңбегі адал деп білеміз. Баспасөз бен теледидардың қазақ қоғамындағы ролі ерекше. Оны көзі ашық көркірегі ояу оқырман жақсы біледі. Ахмет Байтұрсыновша айтқанда «Газет халықтың көзі, құлағы hәм тілі» болса, ақпарат құралдары қоғамның айнасы. Сондықтанда баспасөз өкілдерінің мерекелік күні де естен шығарылмай өз деңгейінде аталып өтіп жатса нұр үстіне нұр болмақ.

    Кезінде қазақ спорт журналистикасының атасы Сейдахмет Бердіқұлов пен белгілі спорт қаламгері Арыстан Сариннің атында журналистер арасында дүбірлі жарыстар өтіп тұратын. Ол жарысты тіпті, қала тұрғындары топтасып келіп тамашалайтын. Сол аламан жарыстарда Алтынбек Сәрсенбаев, Нұртөре Жүсіп, Диас Омаров, Бүркіт Аяған секілді елімізге белгілі танымал азаматтар доп теуіп, ойын көрігін қыздаратын. Әсіресе, Алтынбек ағамыздың ортадан салған финттеріне жанкүйерлер үлкен қошаметпен қол соғушы еді. Жасыл алаңның шетінде жайғасып алып, тартысты ойындарды тамашалап отыратын ақсамайлы ағалардың айғайы қуат беріп, ойыншылардың рухын асқақтатушы еді. Сонда алаң шетінен Дуалат Исабеков, Ғазизбек Тәшімбай, Әшірбек Көбіш, Рабат Жәнібек, Жұмабек Кенжалин секілді елге белгілі жазушы, журналистерді көріп риза болсақ, Тимур Сегізбаев, Құралбек Ордабаев, Сейілда Байшақов сынды қазақ футболында аттары алтын әріптермен жазылып қалған футбол ардагерлері журналистердің арасынан топжарған жеңімпаздарын өз қолдарымен марапаттап жататын. Ол күндер де келмеске кетіп, тарих қойнауына еніп кетті. Енді сол журналистер арасындағы Арыстан Сарин атындағы турнир көп жылдан бері өтпейтін болса, Сейдағаңның атындағы жарыс Астанаға ауып кеткелі бері қызығын бірге ала кеткендей әсер қалдырады. Негізі Сейдағаң бар шығармашылық ғұмырын Алматыда өткізгенін білеміз. Оның үстіне Алматы әдебиет пен мәдениеттің орталығы болғандықтан, оңтүстік қалада өтудің маңызы зор еді. Өкінішке қарай, алматылықтар Сейдағаңның турнирін теледидардан жылт еткен жаңалық арқылы ғана қызықтауға мәжбүр болып отыр. Ал, журналистер үшін шағын футболдан ұйымдастырылатын жарыстардың мән-мағынасы өте зор. Өйткені, ақпарат айдынында жүрген қаламгерлердің бір-бірімен араласып, сырласып, шер тарқасып қайтуы үшін дүбірлі өтер жарыстардың орны айырықша. Міне, осындай жарыстарды аңсап жүрген қаламгерлер үшін жуырда Алматы қаласындағы Әскерилер орталығындағы жасыл алаңда өткен жарыс қаламгерлерді қайта бір қауыштырған қуанышты күн болды.

    Қаламы мен микрофонын қолына ұстаған журналистер қауымының қоғамдағы болып жатқан оқиғаларды сиясын суытпай жарыққа шығарып жатқан еңбектерін елемеу мүмкін емес. Алматы қаласы әкімшілігі мен Аlmaty телеарнасы бірігіп, журналистер мерекесін назардан тыс қалдырмай жақсы бір спорттық іс-шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған екен. Өздерінің кәсіби мерекесін ұмыт қалдырмай ескеріп, үлкен бір спорттық жарысты өткізуге мұрындық болған айтулы ұйымдастырушылар алқасына жарысқа келген қаламгерлер дән ризашылықтарын  білдіріп жатты.

    Сонымен шағын футболдан ұйымдастырылған жарысқа Алматы қаласындағы барлық бұқаралық ақпарат құралдарының командасы келіп қатысты. Тіпті, сонау Талдықорғаннан журналистер арасында өтіп тұратын жарыстардан қалыс қалмай келіп қатысып тұратын «Харекет» журналистер командасы да келіп бағын сынады.

    Жарыстың салтанатты ашылуына Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Бескемпірұлы Қалдыбеков, қала әкімінің коммуникациялар жөніндегі кеңесшісі, баспасөз хатшы Ильзат Шұхратұлы Акчурин, Almaty телеарнасының бас директоры Тимур Талғатұлы Базарбаев, Almaty телеарнасының бас продюсері Ралида Меңдігерейқызы Мұқанова, Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Рахымжанұлы Есенбеков мен басқа да азаматтар қатысып, жарысқа қатысушы қаламгерлерді төл мерекесімен құттықтап, жеңіс тіледі. Салтанатты ашылуы рәсімі аяқталғаннан кейін, екі топқа бөлінген командалар төрешілердің ысқырығымен ойындарын бастап кетті.

    Бұл бәсекеге бізде «Алатау» телеарнасы мен «Қазақ спорты» газеті бірігіп бір команда алып барып бағымызды сынап көрген едік. Өз тобымыздан екі жеңіс бір тең ойынмен екінші орынмен шықтық. Дегенменде «Хараекет» сынды азулы қарсыласқа жол беріп, үшінші орынға таласуға «Сентанта спорт» командасына қарсы тұруға мүмкіндік алдық. Иә, «доп доғалық», демекші, ойын нәтижесі 3:3 есебімен тең аяқталып, пенальтиден мүлт кеттік.

    Пенальти ол лоторея деген қанатты сөз бар емес пе. Дегенменде осындай дүбірлі аламанда 4-орынға жетудің өзі үлкен нәтиже шығар деп өзіміздің hам көңілімізді жұбатып қойдық.

    Ұйымдастырушылар тіпті жураналисттерге арнап түскі ас қамын да әзірлеп қойған екен. Ойын алаңынан терлеп-тепшіп шыққан ойыншылар сәл дем алып алғаннан кейін, дәмі тіл үйірер ыстық палаудан дәм татып, жүрек жалғап алып қайта ойын алаңына шапқылап шығып жаттты. Қаламгерлердің қамын қарастырып, жағдай туғызып беріп отырған осындай Алматы қаласы әкімшілігі мен Almaty теларнасының ұжымына бұл күні қатысушылардың айтар алғысы шексіз болды. Хош, сонымен аптап ыстыққа қарамай күні бойы жасыл алаңда шүмектеп тер төккен журналистердің арасынан оза шыққандары да белгілі болды. Сын алаңына шыққан 9 команда арасынан топ жарып шыққан «Харекет» командасы бас жүлдені иеленсе, «Ауыл» командасы екінші орынды, «Сентанта спорт» командасы жүлделі үшінші орынды жеңіп алды. Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлерін Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Бескемпірұлы Қалдыбеков, қала әкімінің коммуникациялар жөніндегі кеңесшісі, баспасөз хатшы Ильзат Шұхратұлы Акчурин, Almaty телеарнасының бас директоры Тимур Талғатұлы Базарбаев мен Almaty телеарнасының бас продюсері Ралида Меңдігерейқызы Мұқанова өз қолдарымен жеңіс кубоктары мен қаржылай қомақты жүлделерді табыс етіп, құттықтады.

    Турнирдің «Үздік ойыншы», «Үздік шабуылшы» «Үздік қақпашы», «Үздік қорғаушы» деген атақтарына лайықты ойыншылар ортаға шығып құрметпен марапататталды. Осылайша күн ұзақ жасыл алаңда тартысты өткен турнир салтанатпен жабылып, қаламгерлер үйіне көңілді күймен тарқасты.

    БАҚ өкілдерінің басын қосып шексіз қуаныш сый етіп, салауыттылыққа жетелейтін мұндай жарыс есте қалары сөзсіз.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    АЛМАТЫ

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *