• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Ұлттық Олимпиадалық комитет

    Халықаралық Олимпиадалық комитетке жаңа басшы келді

    23 маусымда, Халықаралық Олимпиада күнінде, Лозанна қаласындағы Олимпиада үйінде Халықаралық Олимпиадалық комитеті (ХОК) президентінің өкілеттігін табыс ету рәсімі өтті, деп хабарлады Ұлттық Олимпиадалық комитет.

    ҰОК-тің хабарлауынша, 2013 жылдан бері ХОК-ты басқарған Томас Бах өз өкілеттігін ресми түрде Зимбабведен шыққан жүзуден екі дүркін Олимпиада чемпионы Кирсти Ковентриге тапсырды. Жаңа президент түн ортасында өз қызметіне ресми кіріседі.

    Ковентри ХОК-тың тарихындағы оныншы президент. Ол — алғашқы әйел президент. Сондай-ақ ол бұл лауазымға тағайындалған Африка құрлығының алғашқы өкілі атанды. Ковентри ханым биыл наурыз айында Грекияның Олимпия қаласында өткен ХОК-тың 144-сессиясында сегіз жыл мерзімге сайланған болатын.

    Салтанатты рәсімде Томас Бах Олимпиада үйінің кілтін Ковентриге салтанатты түрде табыс етті.  Бұл ХОК-тағы басшылықтың ауысуын білдіретін дәстүр. Кілтті 1992 жылғы Барселона Олимпиадасының алауын жасаған испан дизайнері Андре Рикар әзірлеген. Іс-шараға ХОК мүшелері, спортшылар, қоғам қайраткерлері мен халықаралық серіктестер сияқты 700-ден астам қонақ қатысты, — делінген хабарламада.

    Семсерлесуден Олимпиада чемпионы, ХОК-тың тоғызыншы президенті Томас Бах ұйымның ең жоғары марапаты – Алтын Олимпиадалық орденімен марапатталды. Қоштасу сөзінде ол әріптестеріне алғыс білдіріп, өз шешімінің маңызын атап өтті.

    Жаңа кезең – жаңа көшбасшылықты талап етеді. Кирсти Ковентри – өмірі олимпиадалық құндылықтармен біте қайнасқан тұлға. Ол ұйымға жаңа үн мен тың көзқарас әкеледі – бұл болашақ үшін аса маңызды, – деді Бах.

    Ковентри өз сөзінде Бахқа 12 жылдық еңбегі мен Олимпиадалық қауымдастықтағы бірлік пен қолдау үшін алғысын айтты.

    Сіз бізге «бірлік» идеясына негізделген мұра қалдырдыңыз. Біз бұл мұрамен мақтана аламыз деп сенемін. Ең қиын кезеңдерде де сіз құндылықтарға адал болдыңыз. Сізге алғысым шексіз, — деді ол.

    Сонымен бірге ол  Олимпиадалық қозғалыстың мәні мен маңызы туралы атап өтті.

    Олимпиадалық қозғалыс – бұл жай ғана спорттық іс-шара емес. Бұл – шабыт беретін, өмірді өзгертетін және үміт сыйлайтын алаң. Бөлінген әлемде ол – біріктіруші күш бола алады, — деді ол.

    Ковентри барша қауымды бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

    Біздің экожүйеміз өрмекшінің торындай күрделі. Бірақ біз бірлікті сақтасақ, ол қуатты бола береді. Әркімнің өз рөлі бар. Тек бірлесе отырып қана біз жаңа буынды шабыттандырып, армандардың орындалуына жол аша аламыз, – деді жаңа президент.

    Рәсім алдында Кирсти Ковентри мен Томас Бах заманауи Олимпиада ойындарының негізін қалаушы Пьер де Кубертеннің зиратына барып, оның құрметіне гүл шоғын қойды.

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *