Вьетнамның Тхайнгуен қаласында муайтайдан барлық жас санатында Азия чемпионаты аяқталды, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Биыл команда сапында 24 отандасымыз жүлдеге таласты. Нәтижесінде U23 және ересектер кіретін А санатында ұлттық құрама жалпы есепте Таиландтан кейін 2-орынға тұрақтады.
Қазақстан спортшылары 7 алтын, 7 күміс, 6 қола медаль жеңіп алды. Жүлдегерлер тізімін Спортты дамыту дирекциясының ресми сайтынан көре аласыздар.
Команда капитаны Әбіл Ғалиев тай боксынан 2 дүркін Азия чемпионы атағын жеңіп алған тұңғыш отандасымыз атанды.
Даяна Дүйсенғали «Әйелдер арасында үздік спортшы» («Best female fighter») иегері атағын алды.
Қазақстан құрамасы Азия муайтай федерациясының (FАMA) арнайы сыйлығына ие болды. Ол «Best fair play team» деп аталады.
Биылғы чемпионатқа Азия мен Тынық мұхиты аумағындағы 20 елден 200-ге жуық спортшы қатысты.