Қазақ спортында аттары айшықты тұлғалардың арасында Тимур Қамалұлы Досымбетов, Эдуард Фердинандович Айрих пен Қазбек Дәулетбекұлы Байболовтардың есімдері ерекше айтылады. Бұл үш азаматтың Қазақстан спортының дамуына өз салалары бойынша салып кеткен сара жолын жас ұрпақ ұмытпас деп білеміз.
Айтулы үш тұлғаның қол астынан тәрбие алған жүздеген спортшылар еліміздің көк байрағын әлемдік ареналарда абыроймен желбіретіп, жеңіс биігінен көрініп келеді. Мысалы, Қазбек Дәулетбекұлы Байболов КСРО-ға еңбегі сіңген жаттықтырушы, допты хоккейден Кеңес Одағының спорт шебері, аты әйгілі допты хоккейден «Динамо» клубының бас бапкері болса, Эдуард Фердинандович Айрих КСРО-ға еңбегі сіңген жаттықтырушы, Қазақ КСР-на еңбегі сіңген жаттықтырушы, Қазақстанда көгалдағы хоккей мен допты хоккейдің негізін қалаған жан. Сонымен қатар «Динамо» клубының бас бапкері, 19 дүркін КСРО чемпионы, допты хоккейден Еуропа чемпиондары кубогының иегері. Ал, Тимур Қамалұлы Досымбетов КСРО-ға еңбегі сіңген жаттықтырушы, қазіргі бессайыстан әлем чемпионы, Ұлттық Олимпиада комитетінің тұңғыш президенті, «Динамо» Дене шынықтыру және спорт қоғамы төрағасының бірінші орынбасары болған танымал тұлға.
Міне, осындай қазақ спортының дамуына орасан үлесін қосқан тұлғалардың есімдерін келер ұрпақ ұмытпай еске алып, қалдырып кеткен мол қазынасынан үлгі-өнеге алуға міндетті деп ойлаймыз.
Жуырда Алматы қаласында орналасқан «Динамо» Дене шынықтыру және спорт қоғамының «Динамо» стадионының қабырғасына аттары елге әйгілі үш тұлғаны ұлықтау мақсатында мемориалдық ескерткіш тақта қойылды.
Салтанатты іс-шараның ашылуына қатарлары сиреп қалған аттары әйгілі хоккейдің ардагерлері де келген екен. Сонымен бірге Қазбек Байболовтың ұлы Мұхтар Қазбекұлы да келіп қатысып, әке рухына қойылған тақтаға тағзым етті. Алдымен сөз алған «Динамо» Дене шынықтыру және спорт қоғамдық бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары Асқар Әлирахымұлы Омарқұлов, қазақ спортында өшпес із қалдырған үш тұлғаның есімі ешқашан ұмытылмайтынын сөз етіп, жас динамошылар үшін ашылып отырған тақтаның мәні зор екендігіне тоқтала кетті.
Содан кейін «Генаралдар кеңесі» Республикалық қоғамдық бірлестіктің төрағасы Бексұлтан Сәрсекұлы Сәрсеков, «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылкен Сағынжан Байболов, допты хоккейден КСРО чемпионы, көгалдағы хоккейден КСРО-ның 4 дүркін чемпионы, Қазақ КСР-на еңбегі сіңген жаттықтырушы Борис Александровия Чехлыстов және ҚР Ұлттық Олимпида комитетінің бас хатшысы Әлімжан Ұбайдұллаұлы Ақаев бүгінгі ашылып отырған қуанышты іс-шараға қатысты өз ойларын ортаға салып қуаныштарымен бөлісті.
Салтанатты іс-шарада 1 минуттық үнсіздік жария етіліп барып, мемориалдық ескерткіш тақтаның шымылдығы түрілді. Осылайша, қазақ спортында ұмытылмас із қалдырған үш тұлғаға гүл шоқтары қойылып, ардагерлер мен жасөспірім динамошалар естелікке фотосуретке түсті.
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,
АЛМАТЫ