Александр Бублик, Александр Шевченко, Бейбіт Жукаев, Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева «Үлкен дулыға» турниріндегі жарыстарын одан әрі жалғастырып жатыр. Жастар арасында Уимблдонда Әмір Омарханов, Заңғар Нұрланұлы мен Дамир Жалғасбай (іріктеу) ойнайды.
Сол сияқты Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 9-ракеткасы Анна Данилина Ұлыбританияның Истбурн қаласында өтіп жатқан WTA 250 турнирінде жаман ойнап жатқан жоқ. Әлемнің 274-ракеткасы Зарина Дияс та Испанияның кортының шаңын қағып жатыр.
Енді бәрін рет-ретімен айтсақ.
Бейбіт Жукаев алғаш рет Уимблдон жарысына жолдама алды
Әлемнің 251-ракеткасы Бейбіт Жукаев Уимблдон турнирінің іріктеу сайысын сәтті аяқтады
Ол іріктеу сайысының финалында әлемнің 239-ракеткасы, франциялық Лука Павловичті жеңді. Бірінші партияда франциялық теннисші 6:3 есебімен басым түсті. Бұдан кейін Бейбіт Жукаев 6:3, 6:2, 7:6 (7:5) есебімен камбэк жасады.
Осылайша, 24 жастағы Ақтау теннис мектебінің түлегі негізгі жарысқа алғаш рет жолдама алып, өзі үшін тарихи нәтижеге жетті. Ал Михаил Кукушкин, Тимофей Скатов пен Дмитрий Попко іріктеу сынынан өте алмады.
Бейбіт Жукаев былтыр іріктеу сайыстарының финалында франциялық Алиссу Кантенге 3:6, 4:6, 4:6 есебімен жол беріп, негізгі додадан шет қалған еді.
Уимблдон додасы 30 маусымда басталады.
Сөйтіп, жоғарыда атап өткеніміздей, «Үлкен дулыға» турнирінде Қазақстаннан жекелей сында Александр Бублик, Александр Шевченко, Бейбіт Жукаев, Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева өнер көрсетеді. Ал жастар арасындағы Уимблдонда Әмір Омарханов, Заңғар Нұрланұлы мен Дамир Жалғасбай (іріктеу) ойнайды.
Данилина мен Боузкова дуэті де финалды көздеп отыр
Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 9-ракеткасы Анна Данилина Ұлыбританияның Истбурн қаласында өтіп жатқан WTA 250 турнирінің жартылай финалына шықты.
Ол чехиялық Мари Боузковамен бірге ширек финалда ұлыбританиялық Джоди Бёррэдж, Сонай Картал деген теннисшілермен ойнады.
Данилина — Боузкова дуэті қарсыластарын 6:4, 7:6 (7:1) есебімен жеңіске жетті. Бір жарым сағат астам уақытқа созылған матчта екеуі 1 эйспен бірге 12 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды.
Енді Анна Данилина — Мари Боузкова финалға шығу үшін корт иелері Хэрриет Дарт — Майя Лумсденмен сынға түседі. Бұл дуэт ширек финалда жарыстың 2-ракеткалары, жапониялық Эри Ходзуми мен индонезиялық Алдила Сутджиадиді 6:1, 6:4 есебімен жеңді.
Дияс — турнирдің төртінші ракеткасы
Әлемнің 274-ракеткасы Зарина Дияс Испанияның Пальма-дель-Рио қаласында жалауы көтерілген ІTF W50 турнирінің екінші айналымына шықты.
Дияс жарыстың 4-ракеткасы болып тіркеліп, бірінші ойынын дүниежүзілік рейтингіде 250-орында тұрған португалиялық Матилде Жоржемен ойнады.
Осы матчта қазақ теннисшісі 6:3, 6:1 есебімен жеңді. Ойын бір жарым сағаттан астам уақытқа созылды.
Енді Зарина Дияс ширек финалға шығу үшін әлемнің 551-ракеткасы, чехиялық Тереза Мартинцовамен кортқа шығады. Ол алғашқы айналымда рейтингіде 392-сатыдағы Польша өкілі Мартина Кубкадан 6:4, 7:6 (9:7) есебімен басым түсті.
Отандасымыз осыған дейін Таусте (Испания) ITF W35 жарысының жеңімпазы атанған еді.
Жібек жолынан жаңылмай келеді
Жібек Құламбаева Сербияның Курсумлийска Баня қаласында жалауы желбіреген ITF W15 турнирінің ширек финалына жолдама алды.
Ол жарыстың 1-ракеткасы болып тіркеліп, алдымен сербиялық Александра Джокичті 6:0, 6:3 есебімен ойсырата жеңді.
Екінші айналымда рейтингіде 1319-орында тұрған чехиялық Люси Урбановамен ойнады. Бұл ойында Жібек 6:1, 1:0 есебімен жеңіп жатқан кезде чехиялық спортшы матчты жалғастырудан бас тартты.
Жібек Құламбаева жартылай финалға шығу үшін рейтингіде 768-сатыдағы босниялық Суана Тукаковичпен ойнайды.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА