Теннисші Жібек Құламбаева жұптық сында Қытайдың Хучжоу қаласында өткен WTA 125 турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлады Қазақстан теннис федерациясы.
Жарыстың 2-ракеткалары Жібек Құламбаева мен словениялық Вероника Эрьявец жапониялықтар Момоко Кобори мен Аяно Шимицумен бас жүлдені сарапқа салды.
Бірінші партияда 6:4 есебі тіркелді. Қазақстандық-словениялық жұп екінші сетте де қарқынын төмендеткен жоқ. Есеп — 6:2.
Осылайша, Құламбаева жұптық сында WTA жарысында алғаш рет жеңімпазы болды. Ол бұған дейін жұптық сында ITF додаларында 35 рет топ жарған еді.