• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Семейде Халық қаһарманына құрмет көрсетілді

    Жыл сайын Тәуелсіздік мерекесінде Семейдің спорт академиясының ұйымдастыруымен еліміздің енді буыны бекіп келе жатқан жас балуандарының басын қосатын жарыс өтеді.

    Олай дейтініміз, Семей спорт академиясында дзюдо күресінен Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков атындағы турнир өткізу дәстүрі қалыптасқан. Биыл да білгеннен жаңылмай, мереке күні Семей төріне кілем төселді. Мұзда жанған алау Қайраттың құрметіне арналған республикалық ашық турнирде он сегіз бен жиырма жастағы қыз – жігіттер жан алысып, жан берісті. Айтпақшы, бұл жарыс тұңғыш рет республикалық деңгейде ұйымдастырылып, бәсі жоғары байрақты бәсекелердің қатарына қосылғанын айта кету ләзім. Сондықтан биылғы жарыс бұрынғы жарыстардан өзгерек. Астана мен Алматы қалаларынан, Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының командаларынан жиналған 160-қа тарта ұлдар мен қыздар 9 салмақта сынға түсті.

    — Әрбір елдің жылнамасында оның жаңа тарихының бастауы болған тағдыршешті таңдары болады ғой. Біз үшін жаңа дәуірдің арайлы таңы 1991 жылдың 16 желтоқсанында атты. Міне, биыл рухы асқақ, тұғыры биік еліміздің Тәуелсіздігін жариялағанына 27 жыл толды. Біз бабаларымыздың жүрекпен қалаған Тәуелсіздігін көзбен көрдік. Ұлы даланың ұлық мерекесінде Семей спорт академиясының ұйымдастыруымен дзюдо күресінен 1998 – 2000 жылы туған жасөспірімдер арасында Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков атындағы республикалық ашық турнирді өткізуді дәстүрге айналдырған едік. Бүгінгі жас ұрпақ Қайраттың, Ләззаттың, Ерболдың ерліктерін ұмытпауы тиіс. Біз елдіктің, егемендіктің жолында жанын құрбан еткен батырларды еске ала отырып, бүгінгі буынға патриоттық тәрбие бере аламыз, – дейді жарыстың өтуіне негізгі бастамашы болған азамат Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы, Семей спорт академиясының директоры Мерейғалы Көшкінов.

    Әлбетте, жарыс болған соң бақ пен баптың қатар шапқаны керек. Балғын балуандардың аяқ алысы, боз кілемдегі қимылы, айла – тәсілге ұшқырлығы қандай, белдесулерге бапкерлердің көңілі тола ма, жаңа есімдер ести аламыз ба деген мақсатпен Семей спорт академиясының дзюдо бөлімінің жоғары дәрежедегі аға жаттықтырушысы Ержан Жантасовпен пікірлестік.

    – Қайрат Рысқұлбеков атындағы ашық турнирді Қазақстан Республикасы дзюдо федерациясының күнтізбелік жоспарына енген ел көлеміндегі жылды қорытындылайтын соңғы жарыстардың бірі деп айтуға болады. Бойында намысы бар балуан боз кілемге жеңемін деп шығады ғой. Жарыс жолына шыққандардың даярлығы, дайындығы жақсы екен. Көбінің есімдері елдің ауызына іліге бастағандар. Жаттықтырушы ретінде айтарым, мұндай жарыстар тәжірибе жинауға үлкен мүмкіндік береді. Дзюдо шапшаңдықты талап ететін күрестің түрі. Елдостың, Жансайдың, Ғұмар мен Ғұсманның, Ерасылдың ізбасарлары осы жерде белдесіп жатқанына бек сенімдімін, – дейді Ержан Жантасов бапкер.

    Сонымен бағы жанғандар, бабы келіскендер топ жарды. Ерлан Оңалов, Нұржан Әбет, Рауан Бегалы, Қуан Барыс, Ерзат Арғынов, Теміржан Құлбаев, Ізбасар Ералиев, Дарын Бейісхановтар өз салмағында жеңімпаз атанды. Қыздар арасында Айсұлу Орынғазықызы, Жансая Ахметбекова, Рысалды Ақшайықова, Зарина Сарипова, Нұржаз Сабиолла жеңістің биік тұғырына көтерілді.

     

    Семей спорт академиясының баспасөз қызметі     

    Шығыс Қазақстан облысы,

     Семей қаласы

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *