Польшаның Олесница қаласында дзюдо күресінен өткен Еуропа кубогы үшін жарыста Қазақстанның намысын қорғаған 11 палуанның арасынан К.Ахметов атындағы мектеп-интернаттың төрт бірдей өрені жеңіс биігіне шығып, Қазақстанның командалық бірінші орынды жеңіп алуына зор үлестерін қосты.
Енді жеңіс тұғырына көтерілген саңлақтарымыздың есімдерімен таныстырсақ. Қос бірдей алтын жүлдені ел қоржынына салып берген 60 кг салмақта Біләл Болат мен 90 кг ауыр салмақта күрескен Серікболсын Шынтастың есімдерін дзюдо күресінің жанкүйерлері жаттап алғаны жөн. Өйткені, болашағына зор сеніммен қарата білген бұл екі балуанның есімдерін әлі талай әлемдік деңгейдегі байрақты жарыстарда еститін болармыз деген сенім бар.
Сонымен қатар, 55 кг салмақта күміс жүлдеге ие болған Ұлықбек Әбілқайыр мен қола жүлдемен қуантқан 73 кг салмақтағы Айбар Мұқышевтің де жекпе-жектері мамандардың көңілінен үлкен орын ала білді. Иә, жаттықтырушы балуанға екінші әкесіндей қамқор, жанашыр әрі тәрбиеші деп білеміз. Палуанның жақсы көрсеткен нәтижелеріне қарап бапкерінің де қосқан үлесін ескеріп отырған жөн шығар. Әлем кубогы үшін өткен белдесулерде К. Ахметов атындағы мектеп-интернаттың жастарының табысты көрсеткіштеріне аға жаттықтырушы Нұрбек Мықтыбеков пен Қанат Жұлдызқановтың сіңірген еңбектері ерекше деп айтар едік. Күрес десе, селт етіп, делебесе қозбайтын қазақ жоқ шығар. Егер ол жанкүйер ғана емес, өзі кезінде ел біріншілігінде күресіп талай рет жеңіс биігіне көтерілген айлалы балуан әрі білікті басшы болса сөз басқаша. Айтқалы отырғанымыз, кәрі құрылықта қазақстанның намысын қорғауға аттанған балуандардың жанында бірге болып, ақыл кеңесін бөлісіп, тұғырлы жеңістерін өз көзімен көріп қайтқан Каркен Ахметов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінің директоры, ардагер балуан Сейілхан Бақтығалиұлы Қарақовтың сапарының сәтті болғанынының куәсі болып отырмыз. Өйткені, ел намысын қорғаған палуандардың арасында айтулы мектеп-интернаттың атынан қатысқан алты балуанның төртеуі жеңіс тұғырына көтеріліп, 2 алтын, 1 күміс, 1 қола медальдерді жеңіп алып берді. Бір ғана мектеп үшін бұл жетістікті мақтанышпен айтуға болары сөзсіз. Енді бұл балуандарымыз қолды бір мезет төмен түсірмеуге міндетті. Өйткені, алда әлі талай додалы жекпе-жектер дарынды жастарды күтіп тұр.
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,
АЛМАТЫ