Жуырда Алматы облысы Іле ауданы Өтеген кентінде орналасқан №13 Мұқағали Мақатаев атындағы орта мектептің қабырғасында тартымды, тағылымы зор кездесу болды.
Кештің құрметті қонағы Қазақстанның Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, журналист, жазушы, Желтоқсан қанды көтерілісінің қаhарманы Ақын Ордабайұлы еді. Осындай келелі кездесуге ұйытқы болған айтулы мектептің директоры Аяулым Жақашбайқызы Керімқұлова кездесу кешінің жақсы өтуіне бар жағдайды туғызыпты.
Мектептің ішіндегі акт залы бұл күні оқушылармен лық толған. Ине шаншыр бос орын жоқ. Міне, құрметті қонақтың да төбесі көрінді. Ақын Ордабайұлы кіргенде оқушылар орындарынан тік тұрып қарсы алып құрмет көрсетті.
Кеш уақытымен басталып кетті. Сахнадан орын алған кеш қонағы Ақын Ордабайұлының жасөспіріп оқушыларға білімнің өмірлерінде алар орны жоғары екенін, сондықтан да мектеп қабырғасында өткізген бір сәттің бағасына ешнәрсе жетпейтінін айтып, ғибраттты өнегемен өрілген өсиет сөздерін айтып бір желпінтіп тастады. Иә, «Білім –асыл қазыналы сандық, Оны ашатын кілт-еңбек», деген екен П.Буаст.
Ақын оқушыларға білімді болып мақсатына жету үшін талмай, табанды еңбек етудің маңызына да тоқтала кетті. Сонымен қатар өз өмірінде орын алған көрнекті сәттерін айтып берді. Әсіресе, жастарға Желтоқсан қанды көтерілісінде басынан кешкендері мен спорт баспасөзінде еңбек еткен көп жылдардағы тәжірбиесінің маңызы мен мәні туралы тереңнен қозғап айтқандары оқушыларға үлкен әсер етті.
Кездесуде оқушылар да өздерінің сұрақтарын қойып, қанағатты жауаптарын алып жатты. «Құнды сөз құнарлы ойдан шығады», демекші, қазыналы,мағыналы айтылған сөздерден біздің кейіпкердің өмірде көргені мен түйгені көп адамдардың қатарына жатқызуға толықтай сеніммен айтуға болатынына көз жетті. Енді аз-кем Ақын Ордабайұлының өміржолына тоқтала кетсек.
«Алып анадан туады», демекші Ақынның анасы Рәпия Халыққызы — Қазақстан мен Орта Азия аймағында әйелдер арасынан шыққан алғашқы киномеханик. КСРО киномотография саласының үздігі. Қазақстанға еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, «Октябрь Революциясы» және «Құрмет Белгісі» ордендерінің иегері, Жамбыл облысының құрметті киномеханигі. Қордай ауданының құрметті азаматы.
Рәпия апай туралы сонау 1985 жылы атақты кинорежиссер Ораз Әбішев «Рәпия» деген деректі -документальды фильм түсіріп, тұлғаның жарқын бейнесін көркемдеп көрсете білді. Бұл күні туған ауылы Қордай ауданы Кенен аулындағы Мәдениет үйінде ел құрметтеген анаға арналып тарихи мұражай ашылған. Ал әкесі Ордабай Сәдібекұлы Ұлы Отан соғысының ардагері. Жамбыл облысы, Қордай ауданы бойынша үздік ұстаз атағын алған алғашқыдардың бірі. Араға 7-жыл салып соғыстан елге аман-есен оралғаннан кейін қазақтың оқу ордаларының алғашқы шаңырағы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық иниститутына оқуға түсіп, жоғары білім алып шыққаннан кейін елге оралып, табаны күректей 45 жыл ауыл балаларын оқытып, ұрпақ тәрбиелеуде өлшеусіз үлес қосқан ардақты ұстаз.
Ордабай Сәдібековтің еңбегі еленіп, Қордай ауданы бойынша Қазақ КСР Оқу ісінің үздік қайраткері марапатын алған алғашқы ұстаздардың бірі-бірегейі. Сонымен қатар, Қордай ауданының құрметті азаматы, Ұлы Отан соғысының ардагері. Ордабай ағайдан білім алған шәкірттер бүгінгі күні еліміздің әр өңірінде түрлі қызметті, әр салада еңбек етіп, олар да шәкірттер тәрбиелеп, өрістері кеңейген. Ордабай ақсақал жыр алыбы Жамбыл бабамыздың алдына отырып батасын алып, ақиық ақын Кенен Әзірбаевпен бірге бір ауылда тұрып, бір ауаны жұтып, аға- іні болып араласып өскен туысқан жандар. Сонымен бірге бала күнінде аты әйгілі қазақтың бел балуаны күш атасы Қажымұқанның өз аузынан айтқан әңімесін тыңдаған екен. Міне, Ақынның марқұм ұстаз әкесі осындай адам болған. «Қасқа биеден қасқа тумаса да төбел туады», дегендей, Ақын Ордабайұлының осындай ел таныған қаламы ұшқыр жазушы, журналист, Желтоқсан батыры болы өсіп өнуіне ата-анасының берген тәрбиесі зор ықпал болғанын көреміз. Қазақтың қанмен келген тектіліктің адам өміріне берер әсерін осыдан-ақ білуге болатын шығар.
Ақын Ордабай екі бірдей жоғары оқу орынын аяқтаған. Еңбек жолында 1998-2000 жылдары «Өнер» баспасында корректор, «Алтын бесік» журналы, «Ұлан», «Ана тілі» газеттерінде штаттан тыс тілші болып жұмыс істеген. 2002-2015 жылдары «Рахат» кейінгі атауы «СТВ» телеарнасында «Ауыл спорты» және «Аршын» атты телебағдарламалардың авторы болып қызмет атқарған. Аудармашы, сериалдарды қазақша сөйлеткен. С. Бердіқұлов сыйлығының лауреаты. 2004 жылы Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы ревизиялық комитетінің төрағасы, тұңғыш рет қазақ күресінен ашылған интернет сайттың авторы және ол «Қазақ күресі» журналының (ағылшын,қазақ) екі тілде журнал ашқан.
2005 жылы «Қазақ күресін БАҚ арасында дамыту жолындағы еңбегі үшін» медалін тұңғыш алған журналист. 2012 жылы «Динамо» ДШСҚ дамытуға сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталған. 2013 жылдан бері Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. 2020 жылы Жасөспірімдердің спорттағы жетістіктері туралы «Жас қыран» журналын ашқан.
2024 жылы Жамбыл облысы «Қордай ауданына сіңірген еңбегі үшін» орденінің иегері атанса, 2025 жылы «Қазақстан Республикасының Құрметті Азаматы» атағымен марапатталған. 2025 жылы «Динамо» ДШСҚ 100 жыл толуына орай жарық көрген тарихи спорт кітабын қазақша аударған. Бес кітаптың авторы. Олар — «Жақсылыққа жарасады жақсылық», «Рәпия», «Ізгілікпен өрілген өмір», «Ер елінде қадірлі», «Қазақ күресінің қара нарлары».
2021 жылдан Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» Республикалық қоғамдық бірлестігінің басқарма мүшесі. Жуырда Желтоқсан батыры Ақын Ордабайұлы 60 жас мерейтойын өткізген болатын. Сол мерейлі 60 жасына орай, Туризм және спорт министрлігінің атынан Ақын Ордабайұлы Қазақстанда «Деншынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар, «Желтоқсан Ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлесітігінің атынан «Азаттық» орденін құметпен табыс етті.
Желтоқсан ардагерлері арасында көптеген ауқымды спорттық іс-шараларды ұйымдастырушы. 2022 жылы Алматы қаласы прокуратурасының шешімімен «Саяси қуғын-сүргін құрбаны болып» ақталды. Сөз басында айтқанымыздай, Сәдібек әулетінің ұрпағы Ақын Қазақ еліне ата-бабаларымыз аңсаған тәуелсіздік жолында күрескен батырлар арасындағы ұлтжанды елім, жерім деген бірегейі.
Кездесу соңына қарай мектеп директоры Аяулым Жақашбайқызы құрметті қонақтың ғибарты зор әңгімесіне зор алғыстарын айтып, мектептің спорт саласында облыс, республика жарыстарында жүлде салып жүрген мектептің мақтаныштары талантты жасұландармен естелікке суретке түсті.
Нұрым Болатқанұлы БАЗАРБАЕВ,
Аман Отанұлы МЕКЕБАЕВ
Алматы обл, Іле ауданы Өтеген кенті №13 Мұқағали Мақатаев атындағы орта мектептің денешынықтыру пәндерінің мұғалімдері




SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары