Бүгін «Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің жылдық қорытынды конференция отырысында Қазақстан күрес федерациясына жаңа басшыны сайлау рәсімі болды.
Бұған дейін федерациясының президенті қызметін атқарған даңқты балуан, Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Тұрлыхановтың орнына кәсіпкер Еркін Оқасов сайланды.
Қазақстан күрес федерациясының әлеуметтің желідеге парақшасында Дәулет Тұрлыханов қызметінен кететінін жария етті.
— Бүгін мен Қазақстан күрес федерациясының президенті қызметін аяқтау туралы шешім қабылдадым. Бұл сәтті мен терең алғыс сезімімен қабылдаймын. Өзінің жүрегін Қазақстан күресін дамытуға арнап, соңғы 4 жылда бірге еңбек еткен әрбір жанға – бапкерлерге, спортшыларға, өңірлік федерацияларға, төрешілерге, дәрігерлерге, серіктестерімізге және күн сайын табанды еңбек еткен барлық азаматтарға шынайы алғыс айтқым келеді. Менің басшылығым кезінде еліміз мақтан тұтарлық нәтижелерге жетті.
Атап айтқанда, Париж-2024 Олимпиадасының күміс жүлдесі ересектер арасында 3 әлем чемпионы, 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында 3 әлем чемпионы, 20 жасқа дейінгі спортшылар арасында 4 әлем чемпионы, 17 жасқа дейінгі спортшылар арасында 4 әлем чемпионы шықты. Бұл жеңістер – біздің біртұтас командамыздың еңбегі, күресіміздің болашағына сенген, табандылық танытқан, жанкештілікпен жұмыс істеген адамдардың ортақ жетістігі, — деді Дәулет Тұрлыханов.
Сондай-ақ ол үлкен жолды бірге жүріп өткенін атап өтіп, қазақ күресінің халықаралық аренадағы беделін нығайтқанын жеткізді.
— Ірі халықаралық турнирлерді жоғары деңгейде өткіздік. Жас таланттарға жаңа мүмкіндіктер аштық. Осы тарихи кезеңнің бір бөлігі болу – мен үшін үлкен құрмет. Бірақ спорт тек сабақтастық пен алға жылжу бар жерде дамиды. Жаңа команда жаңа көзқарас, тың идеялар және біздің сүйікті спортымызды дамытуға тың серпін әкелетініне шын жүректен сенемін. Жаңа президентке және федерация ұжымына зор табыс тілеймін. Әрбір қадам бізді жаңа жеңістерге, жаңа чемпиондарға, еліміздегі барлық күрес түрлерінің бірдей әрі қарқынды дамуына бастай берсін. Сенімдеріңізге, қолдауларыңызға және бірлескен еңбегімізге мың алғыс. Мен Отанымызға қызмет етуден ешқашан бас тартпаймын. Қазақстанды дамыту – менің басты басымдығым және елге, қоғамға пайда тигізе алатын кез келген жерде өз үлесімді қоса беретін боламын, — деді ол.
Бұдан бұрын Дәулет Тұрлыханов Азия күрес федерациясы басшылығынан кеткен болатын.
Оның орнына сайланған Еркін Оқасов та Қазақстан күрес федерациясының жұмысына қатысты өз ой-пікірін білдірді.
— Күрестің туын түсірмей, қазақ спортын әлемге асқақтата беру үшін бар күш-жігерімді саламын. Сенім білдірген барша жандарға мың алғыс және өздеріңіздің қолдауларыңыз арқылы талай белестерді бірге бағындырамыз деп сенемін, — деді Еркін Оқасов.
Еркін Оқасов – Батыс Қазақстан облысының тумасы. Кәсіпкер, «ВД Строй-Инжиниринг» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы. Осы уақытқа дейін «Qazaq kuresi» қауымдастығының вице-президенті қызметін атқарды.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары