• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    © Scott Taetsch - FIFA / Contributor / FIFA /

    …Жеребе тасталды — сәуегейлік басталды!

    …Әлем чемпионатының ауыз көпіртер әңгімелері аз емес! 2026 жылы үш мемлекеттің футбол алаңдарында өтетін бұл төрт жылдың басты футбол додасы күтпеген кемшіліктерге сүрініп, Инфантино бастаған ФИФА қарағым жерге қарап жүрмесе болғаны. Ондай талас-тартыстың шеті бүгін-ақ қылтиып тұр…

    Сонымен, 48 команданы жіліктеп-мүшелеп, 12 топқа бөліп, қораға қамадық. Оларға көктемде келіп қосылатын 8 команданы қоса айтып отырмын. АҚШ-тың 11, Мексиканың 3, Канаданың 2 қаласында топтық ойындар аяқталған соң, осы 12 топтан 1-2 орын алған 24 команда келесі кезеңге, яғни 1/16 финалға жолдама алады. Мұнан соң… осы 12 топта 3-ші орын алған 12 команданың 8-і әлгі 24 командаға қосылып(?), ұзын санын 32-ге жеткізеді де, жеңілгені жарыстан шығып қалатын 1/16 финал басталады.

    Басты кемшілік осында! О заман да бұ заман әлем чемпионатында өз тобында 3-ші орын алған команда жарысты жалғастырушы ма еді?! Ол командалардың кімдер болатынын білу үшін футболды мықты білетін ғалым болып керегі жоқ. Бұл ФИФА-ның 48 команда жайлы ғайыптан ойлап тапқан жаңалығынан тұмсығы тасқа тіреліп, содан шығатын жол тапқан түрі! Өйткені, қанша жерден милы бастар жиналса да 48 команданы топтық кезеңнен соң 32-лік плэй-офф кестесіне сарт еткізіп орналастыра алмайды! Сондықтан да кейінгі 8 команда, математикалық есеп кезінде қалдық қалған секілді, сол орынды толтыруға керек боп тұр! Ал, мұндай ауылбайлаған әдіс қолдану — әлемдік футбол чемпионатын өткізу кезінде лайық та емес, даусыз да емес!!!

    Ол ол ма?.. Енді ФИФА-ның рейтингі… дегенді көлденең тартып, әлгі 24-тің ішінен Испания мен Аргентина ма, Франция мен Англия ма… олар топтан шыққанда, 1/16 финалдың алғашқы ойындарында бірден шекелесіп қалатындай болса, оларды жасанды жеребеге сүйеніп, бөліп жібермек… Қазақ айтатын мұндайда: «Бір тойда екі жар жоқ!» деп. Сол айтқандай, Вашингтонда өткен бір жеребе тастаудан кейін «тағы жеребемен бөлеміз!» дегендері қай сасқаны? ФИФА секілді қаржысы мұхит боп шалқып жатқан ұйымда осыны ескеретін, осыдан сақтанатын, осыған жеткізбейтін бір төрешінің табылмағаны ма?! Мақтанды демеңіздер, Қазақстан Республикасының жоғары ұлттық дәрежедегі төрешісі деген атағым бар, осы футболыңнан-ақ талай жарыс өткізіп жүрмін ғой, осы шаруаны маған бергенде, мен ешкім қыңқ демейтіндей етіп бір-ақ жеребемен бүкіл 48 команда қатысатын әлем чемпионатының тізгінін тартып, талассыз өтетін кесте жасап берер едім! Осы 48-ді ойлап тапқан ФИФА ғой, соны ойлағанда оны шешу жолын неге ойламаған? Мысалы… Ақыр мақтандым ғой: Мынадай қарапайым бір ғана әдіс айтайын: Бүйректен сирақ шығарып, қатысатын командалар санын 48 қылдың ба, онда оларды 16 топқа бөл де, әрқайсысына 3 командадан орналастыр! Сосын топтық жарыс қорытындысы бойынша 16 топтан екі-екіден 32 команда шығады да, 1/16 финалдағы 32 орынға жайғаса кетеді. Сол жағдайда 3-ші орын алған командаларды да сапырып әуре болмайсың, ФИФА рейтингі деген жасанды жеребеге де ұрынбайсың… Ә, әәәә, оны мен де білемін, ФИФА-ға көбірек ойын өткізген пайдалы, өйткені әр ойын бума-бума ақша… Мысалы, егер де 16 топқа үш командадан ғана жинаса, бүкіл чемпионатта болатын 104 ойынның орнына небәрі… 80-ақ ойын болады. Сондықтан да бір топқа 3 командадан жинамайды. «Әр топта төрт командадан болуы керек!» дейсіз бе, онда 48 командамен 1/16 финалға әділетті түрде сарт етіп түсе қалатын 32 команданы ФИФА-ның жоғарыдағы жаңылтпашынсыз шығара алмайсыз!!! Ол — тоғыздың 2-ге бөлінбейтіні секілді, 10-ның 3-ке бөлінбейтіні секілді қорытынды! 48 команданы ың-шыңсыз 1/16 финалға шығарып берудің одан басқа да бастан ұрып айтар жолдары бар, бірақ оны менен кім сұрап жатыр?!

    …Жарайды, біреуіңізден «Несіп деген кім, қайда тұрады?» деп сұраса, біздің үй жаққа сілтеп жіберерсіздер. Енді «Кім чемпион болады?» дегенге келейік. Әрине, ең шебер, ең ынтымақты, ең чемпиондыққа шөлдеген, сол жазда ең бір сәтін салған команда чемпион болады! Интернет пен жасанды интеллекттің тізімі мынадай:

    Испания, Англия, Бразилия, Аргентина, Германия, Португалия, Нидерланд, Норвегия, Италия, Уркугвай… Жарайды, осы оны жетер. Бұларды артқа тастап, чемпион боп кететін команда жоқ, сірә. Ал, бірақ бұл онның орналасуына менің таласым бар. Мен бұл ондықты былай орналастырар едім (Әттең, ФИФА-ның 48 командаға жасаған жеребесін толық түсіне алмай отырмын, сондықтан кіммен кімнің кездесуі мүмкін, кіммен кімнің кездесуі мүмкін еместігінен қателесемін-ау…): Бразилия, Испания, Аргентина, Англия… Немесе: Аргентина, Испания, Бразилия, Германия… Немесе… Е, болар, ауыз өзімдікі деп сайрай берген жөн емес, ендігі сөзді сіздерге қалдырайын. әлем чемпионатының басталуына әлі жарты жыл бар. Бұл жарты жылда айтылатын пікір дегеніңіз жүз пілге жүк болар. Сол кезде тағы айналып соғармыз.

    Ал, жақсы, балаларыңызға футбол добын сатып алып беріңіздер, ертелі-кеш тебе берсін!!!

     

    Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ,

    Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

    спорт журналисі, жазушы, спорт қайраткері

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *