…Ұзақ-сонар былшылдан кейін командаларды 12 топқа бөлу басталды. Алғашқы үш команда — чемпионат өткізетін елдер — өз басшыларының «жеңіл» қолының құдіретімен алдын ала дайындап қойған топтарға топ ете қалды. Өзге командалардың қалай жіліктеліп-мүшеленгенін футболға құмар көзі қарақты оқырмандар көрді де, біледі де, телефонына көшіріп алды да, жаттап үлгерді де… Сондықтан ол топтарды бұл жерге топырлатып жазбауға да болар еді,бірақ ол жазу маған көздерін бақырайтып қойып ой айту үшін керек боп отыр!
Сонымен:
А тобы: Мексика, Оңтүстүк Африка Республикасы, Оңтүстік Корея, +
B тобы: Канада, + , Катар, Швейцария
С тобы: Бразилия, Марокко, Шотландия, Гаити
Е тобы: Германия, Кюрасао, Кот-д′Ивуар, Эквадор
Ғ тобы: Нидерланды, Япония, + , Тунис
G тобы: Бельгия, Египет, Иран, Жаңа Зеландия
Н тобы: Испания, Кабо-Верде, Сауд Аравиясы, Уругвай
І тобы: Франция, Сенегал, + , Норвегия
J тобы: Аргентина, Алжир, Австрия, Иордания
К тобы: Португалия, Өзбекстан, + , Колумбия
L тобы: Англия, Хорватия, Гана, Панама
…Түу, не қылған ұзақ тізім, әрең тауыстым ғой! Осыдан бұрынырақтағы футбол жайлы бір жазбамда мен ФИФА-ның әлем чемпионатының финалдық кезеңіне қатысатын командалардың санын 48-ге жеткізуін жөнсіз деп сынаған болатынмын. Оным – «Байдың малын байғұстың қызғануы» емес, әлемдік футбол тойы секілді төрт жылда бір келетін бұл жарысты жанкүйерлер бастан-аяқ жеңсік ас жегендей тамсанып отырып көрсе деген талаптан туған. Бұрын командалар саны 32 болғанда да бір қораға қой мен қозыны бірге қамағандай, екі команданың ойын дәрежесі жер мен көктей боп тұрғаннан соң, алтын уақытың мен алмас жанарыңды аяп, тележәшікті сөндіре салатынсың. Енді не сорым?!!
Осы 12 топтың ішінен әзірше алғашқы екі орынға талас болады-ау дегендер, менің білуімше, мыналар: С, І, L топтары. Әрине, бұл үміткерлерге қосылатын тағы 8 команданың бар екенін ұмытқан жоқпын. Өзге топтар…
Бірінші топта әзірше Мексика мен Оңтүстік Кореяның жалы күдірейіп тұрғанымен, олардың қатарына, менің ойыша, не Дания, не Чехия қосылып, топтық талас дәрежесі орташаға жететін секілді.
Екінші топқа намысы болса Италия қосылатын шығар… Бұл жағдайда Италия мен Швейцария онша қиналмай келесі кезеңге шығады деп ойлаймын.
Үшінші топ екі орын үшін бәсекесімен сәл жанкүйерді алаңдата алады. Бразилияның келесі айналымға шығатынына күмәнім жоқ, екінші жолдамаға Шотландия мен Марокко таласады. Гаити болса табиғаттағы арал-ел ғана емес, футбол әлемінде де әзірге елеусіз арал болып тұра тұрады.
Төртінші топ та өзінше қанталапай болғалы тұрған топ. Бірақ ол да өздеріне ғана қызық бәсеке. Келесі жылғы көктемде өтетін төрт команда тартысынан бұл топқа, меніңше, Түркия шығып қалар. Олардың намысты ұлт екенін де білемін, бүйрегім де бұрады… Ол жағдайда түрік ағайындардың бұл топтан екі команданың бірі болып, келесі айналымға шығуы әбден мүмкін. Бұл топтағы Парагвай құрамасы биылғы бәсекеде Оңтүстік Америка командаларының арасында тәуір орынға ие болды. Австралия болса Азия құрылығындағы мықтылардың бірі. Сонда да… Екінші орынға, үй иесі емес пе, АҚШ құрамасы ілініп қалар. Чемпинат өткізетін елді арқадан қағу ғана емес, қолтығынан демеу де әлемдік футбол чемпионаттарында бар үрдіс. Өйткені, олар қаншалықты ұзаққа баратын болса, жанкүйерлер де стадиондарға бал арасындай үймелей беретіні жасырын емес!
Бесінші топтан Германия келесі кезеңге құйрығына шаң ілестірмей шығады. Екінші орынға Кот-д′Ивуар мен Эквадор таласады. Кот болса Африканың арыстаны, ал Эквадор дегеніңіз биыл Оңтүстік Америка іріктеуінде айды аспанға шығарған команда. Қайсы жеңеді? Әрине, мықтысы жеңеді! …Осы жерде бұл топтағы төртінші команда туралы ауыз ашпай кеткен жараспас. Сөз басында ФИФА-ның әлем чемпионатының финалдық кезеңіне 48 команда шығарғанына қарсы болғанымды айттым ғой. Сонда мен мықтылардың арасына осындай жоқтан барлар кіріп кетуінен қорқып едім.
…Кюрасао ма, мұндай елді көрмек түгілі атын да естіген емеспіз. Бір барда-жоқ елден қағынан жеріп, бөлініп шыққан ауыл шығар. Өзінде небәрі 55 000 мыңдай адам тұрады дейді. Ол біздің 17 облыстағы бір ғана ауданның халқына тең ғой. «Қорқыт дегенде осылай қорқыт дедім бе?!» дегендей, «әлемнің көп мемлекетіне финалдық кезеңге қатысуға мүмкіндік береміз!» дегенде, осындай-осындайлар қатысатын стадионнан да, тележәшіктен де еріккендерден басқа ешкім көрмейтін ойын кімге дәрі?! Оу, ФИФА, бұл ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ ғой!
Алтыншы топ… Бағана бұл топқа шекеден қараған екенмін, келесі көктемде бұл топқа Польша қосылса, екі орын үшін едәуір төбелес болатын топ болғалы тұр. Екі еуропалық команда — Нидерланды мен Польша — үздік дегенмен, өмірдің бар саласында ешкімді алдына шығарғысы келмейтін Жапония олардың астына жата кетпес.
Жетінші топта біздің жолымызды кесіп кеткен Бельгия қрамасы келесі кезеңге ойнап жүріп шығады. Екінші орын тағдыры Египет пен Иран командаларының арасында шешіледі.
Сегізінші топта бас бәйгені Испания құрамасы шаппай алады. Одан кейінгі жолдамаға Оңтүстік Америка мен Азияның командалары таласар…
Тоғызыншы топтың бәсекесі қызық болуға тиіс. Бұл жерде Францияның төбесі анық көрініп тұрғанымен, Сенегалға деген менде бір сенім бар. Ал, сапында Холаны бар Норвегия кімге де болса қауіпті команда. Қазақ ертегілері мен аңыздарында небір қантөгістерді бір батырдың жеке өзі жеңіп беретіні бар емес пе, сондай боп жатса да таң қалмаймыз.
Оныншы топтың арғымағы — Аргентина! Оларға ілесе шығатын команда деп мен Австрияны атаймын. Алжир жүрекке жақын, бірақ жолдамадан …алыс. Осы жерде баяғы сол ФИФА-ға айтқан: «48-де нең бар еді, құлыным?!» сөзі тілге тағы оралады. Иорданияны әлем чемпионатының финалдық кезеңінде ойнатып, абырой да таппас, елге қызық та көрсетпес ФИФА жанымыз!
Он бірінші топта сол үш команда бар деңіз де қойыңыз. Көктемде келіп қосылатын төртінші команданы мен атағанмен, сіз оның атын да білмейсіз, футболдағы затын да есіңізге түсіре алмайсыз, одан да осы үш команданың мүмкіндігін елеуішке салып, екшей берейік. Аса қызық топ. Аса айтары көп топ. Аса ойландыратын топ. Бізді, қазақстандықтарды, ойландыратын… Мұнда біздің құдайы көршіміз — Өзбекстан елінің құрама командасы бар! Құттықтаймыз! Қызығамыз! Қызғанамыз! Ойланамыз! Мұңаямыз… Осыдан отыз жылға таяу уақыт бұрын Қазақстан Азияда жатып, футбол ойнаудан Еуропаға мүше боп кеткенде, мен шырылдадым-ақ. Сондағы айтқаным: «Қай мемлекеттің болса да Футбол федерациясының басты бағыты, міндеті — өз елінің құрама командасын әлем чемпионатының финалдық кезеңіне шығару! Ол міндет тек біз Азия футбол конфедерациясында болсақ қана орындалады!!!». Тіпті, осы 2026 жылғы чемпионатта-ақ орындалар еді! Амал не, Еуропаға қосылдық, небір қызық ойындар, небір жұлдызды футболшыларды көріп жатырмыз, бірақ… әлем чемпионатын командамызды апару деген арманның аспанымыздағы ақ бұлттардың ар жағынан елесі де көрінбейді! Әлі 75-100 жыл көріне қояр ма екен… Әй, қайдам?!! Бұл топтан, мен білсем, Португалия мен Өзбекстан шығады келесі кезеңге. Тіпті, Өзбекстанды Колумбия құрамасы соңына қалдырып кетсе де Өзбекстан құрамасы үкілі 32-нің қатарына қосылатын секілді. Солай болса екен деп тілеймін де…
Он екінші топтан талассыз шықса Англия құрамасы шығады. Қалған орын үшін Хорватия мен Гана шекелесетін шығар. Панама деген елді кейінге кезде Америка президентінің оларға зірк-зірк сөйлегенінен кейін ғана біліп жатырмыз. Болмаса, футболының жарнамасы сол жоғарыдағы Кюрасаодай ғана…
Он екі топты санап шығуға да осынша күш пен уақыт кетті. Олар бүкіл чемпионатты ойнап бітіретін бір ай 10 күнде не болмас дейсіз. Ауыз аштырып, көз жұмғызатын оқиғалар допша домалап, алдымызға талай келер әлі. Күтпеген нәтижелер де бұлтсыз күнгі жауындай төпелер әлі-ақ. Мен де жоғарыдағы сәуегейліктерімді пайғамбарша кесіп айтып жатқан жоқпын. Сөз болсын, әңгіме болсын, футбол әлемін білетіндер байқап қамшы сілтесін, түк білмей,тек көшке ілесіп жүргендер сабындай бұрқырасын дегенім ғой… Басталуына әлі жарты жыл бар әлемдік футбол тойының қызықтары бүгін-ақ тау боп үйіліп жатыр. Оларды шетінен суырып,ортақ қазанға тастап отыру үшін де күш,уақыт керек. Бүгінгі әңгіме осы жерден тоқтасын. Ертең де күн бар дегендей…
(Жалғасы бар)
Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
спорт журналисі, жазушы, спорт қайраткері
АСТАНА
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары