Теннисшілер Асылжан Арыстанбекова мен Іңкәр Дүйсебай жұптық сында Түркияның Анталия қаласында өтіп жатқан ITF W15 турнирінде жарыс көрігін қыздырып жатыр. Олар жартылай финалға шықты, деп хабарлады Қазақстан теннис федерациясы.
Жарыста қазақ қыздары 4-ракетка болып тіркелген. Ширек финалда теннисшілер Мажарстанның Мелинда Биро мен Аустрияның Клаудиа Гаспарович есімді қарсыластарымен ойнады.
Ойында Асылжан мен Іңкәр қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмай, 6:1, 6:0 есебімен ойсырата жеңді.
Енді теннисшілер финалға шығу үшін осы доданың 1-ракеткалары, жапон қыздары Нанари Катсуми мен Ринко Мацудамен бақ сынайды.
Асылжан Арыстанбекова жекелей сында 1/16 финалда дәл осы Н.Катсумиге 4:6, 3:6 есебімен жеңілген еді.
Бұдан басқа да елге қуанышты хабар келіп жетті.
Аружан Сағындықова Үндістандағы турнирде бір күнде екі ойынды жеңді. Ал Альбина Кәкенова 18 жасқа дейінгілер арасында Үндістанда өткен екі ITF Juniors 100 турнирінде жеңімпаз атанды.
Ол алдымен отандасымыз Сәтима Төрегенмен бірге жұптық сында Нью-Дели додасында үздік шықты. Онда қазақ дуэті финалда ресейлік Ксения Ахрамеева мен Ева Колядинаны 6:4, 6:4 есебімен басым түсті.
Альбина Кәкенова жекелей сында Пуне қаласында өткен жарыста қарсыластарының бәрін жеңіп шықты. Ол сенбі күні соңғы ойында корт иесі үнді Диа Рамешті 6:2, 6:0 есебімен жеңді.
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары