• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    «Тобыл» футбол клубы

    ҚПЛ: «Қайрат» Орталық стадионда «Тобылдан» ойсырай жеңілді

    Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының ХХVІ турында «Қайрат» клубы өз алаңында Қостанай қаласының «Тобыл» командасымен ойнап, ойсырай жеңілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

    Командалардың бірінші матчы 11 сәуірде Қостанайда болған еді. Осы ойында қарсыластар 1:1 есебімен тең тарқасып, бір-бірінен бір ұпайды ғана жұлып алған болатын. Сол кезде «Тобыл» алты рет ойын ережесін бұзып, бір матчта алты сары қағаз алып, жасыл алаңнан әрең дегенде аяқтарын алып шыққан еді. Содан бері командалар бір-бірімен ойнаған емес. Ал кешегі Алматының Орталық стадионында болған матчта «Тобыл» мүлде басқаша ойын өрнегін көрсетті. Бұл матчта «Қайратқа үш ұпай ауадай қажет еді. Өйткені, Алматы командасына турнир кестесінде бірінші орында келе жатқан Шымкенттің «Ордабасысынан» асып, көш бастау керек болған. Бірақ, матч басталысымен Қостанайдың клубы оңай шағылатын жаңғақ емес екенін көрсетті.

    Олар төрешінің ысқырығынан кейін алаң иелері қақпасына жиі шабуылдап, нысананы іздеді. Сондай сәттің бірінде «Қайраттың» қақпасына 11-метрлік пенальти белгіленді. Сөйтіп, 18-минутта «Тобылдың» құрамында жиі алаңға шығып, көзге түсіп жүрген Урош Милованович бұл жолы да қақпаны дәл көздеді. Содан кейін «Қайраттың» ойыншысы Марк Гуаль 40-минутта есепті теңістірді.

    Бірінші тайм аяқталуға жақын қалғанда таблодағы есеп тағы өзгерді. Шынын айту керек, алаң иелері мұндай есептің ойынның бірінші жартысында болатынын күтпеген еді. Ойынның 44-минутында Урош Милованович тағы бір мәрте көзге түсті.

    Екінші таймда «Тобыл» шабуылды одан сайын жиелетті. Ал «Қайрат» не істерін білмей, қорғанысқа қана шегіне берді. Осы жерде алаң иелерінің қақпашысы Темірлан Анарбековке оңай болмағанын айту керек. Ол жалғыз өзі қорғаушыларға айқайлап, дұрыс қорғанудың жолын көрсеткісі келгенімен онысынан ештеңе шықпады. Ал Қостанайдың жасағы болса, тағы допты торға тоғытуға талпынды. Сөйтіп, 63-минутта «Тобылдың» сапындағы Виталий Лисакович голдың авторы атанды.

    Осымен ойын біткен сияқты болған. Командалар шаршап-шалдығып, алаңда көп қимылдамай, бір-бірінің қателігін аңдып жүрген еді.  Сондай кездің бірінде 80-минутта Луис Герра қорғаныстың қателігін тиімді пайдалануға тырысып, тағы бір гол салып кетті. Осылайша, таблодағы есеп 1:4-ті көрсетті.

    «Тобыл» тәжірибелі қарсыласын үлкен есебімен жеңіп, турнир кестесінде 34 ұпаймен жетінші орынға шықты. Ал «Ордабасымен» иық теңестіріп келе жатқан «Қайрат» бірінші орынға шыға алмай қалды.

    Осы турда Шымкенттің командасы «Астананы» 1:0 есебімен жеңіп, турнир кестесінде 58 ұпаймен көш бастады. «Қайратта» — 57 ұпай.

    Бұдан басқа Павлодардың «Ертіс» клубы өз алаңында Көкшетаудың «Оқжетпесін» 2:1, Өскеменнің «Алтай» командасы сырт алаңда Жезқазғанның «Ұлытауын» 3:0 есебімен басым түсті.

    Сонымен бірге Ақтаудың «Каспий» жасағы өз алаңында «Ақтөбеден» 1:2 есебімен жеңілсе, Семейдің «Елімай» футболшылары Талдықорғанның «Жетісу» клубын 2:1, Астананың «Жеңіс» командасы Петропавлдың «Қызылжар» жасағын 3:1, Қызылорданың «Қайсар» ойыншылары «Атырауды» 1:0 есебімен жеңді.

    Енді командалар 17 және 18 қыркүйекте ойнайды. Әуелі «Тобыл» мен «Елімай», «Астана» мен «Қайрат», «Атырау» мен «Ордабасы» күш сынасса, 18 қыркүйекте «Оқжетпес» пен «Жеңіс», «Жетісу» мен «Каспий», «Алтай» мен «Ертіс», «Қызылжар» мен «Қайсар», «Ақтөбе» мен «Ұлытау» жасыл алаңға шығады.

    Қазір турнир кестесінде 25 матчтан кейін бірінші орында 58 ұпаймен «Ордабасы», екінші орында 57 ұпай жинаған «Қайрат», үшінші орында 45 ұпайы бар «Астана» командалары келеді. «Астанада» бір ойын кем. Олар 24 рет алаңға шықты.

    Төртінші орында 42 ұпаймен «Оқжетпес», бесінші сатында 41 ұпай алған «Ақтөбе» тұр.

     
    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *