Әзербайжанның астанасы Бакуде өткен қазақ күресінен XII әлем чемпионаты төл күрестің халықаралық деңгейдегі бәсекесі жыл өткен сайын күшейіп келе жатқанын көрсетті, деп хабарлады Qazaq Kuresi Ассоциациясының баспасөз қызметі.
Екі күнге созылған додаға 24 елден 159 спортшы қатысып, ерлер мен әйелдер арасында 16 салмақ дәрежесі бойынша әлем чемпиондары анықталды. Соның 11-інде Қазақстаннан өзге мемлекеттердің балуандары жеңіске жетті.
Баку бозкілеміндегі нәтиженің басты ерекшелігі де осында. Бұған дейін халықаралық жарыстарда Қазақстан балуандардың басымдығы жиі байқалса, биылғы әлем чемпионатында бірнеше мемлекеттің өкілдері алтын жүлдеге таласып қана қоймай, чемпион атанды. Бұл қазақ күресінің шетелде тек қатысушылар санымен емес, спорттық шеберлік деңгейі жағынан да дамып келе жатқанын аңғартты.
Ерлер арасындағы сегіз салмақтың бесеуінде шетелдік спортшылар топ жарды. Атап айтқанда, 66 келіде Тәжікстан өкілі Абдулфиз Мустафои, 82 келіде оның отандасы Навруз Каримзод әлем чемпионы атанды. Грузиялық балуандар да екі алтын иеленді: 90 келіде Гиорги Кациашвили, +100 келіде Гиорги Чагелишвили қарсыластарынан басым түсті. 100 келіде Әзербайжан өкілі Тунжай Шамил чемпион болды.
Қазақстан құрамасы ерлер арасында үш салмақта алтын алды. 55 келіде Рузимон Тугушев, 60 келіде Ернұр Сүлеймен, 74 келіде Жұмажан Қожамбеков құрмет тұғырының ең биік сатысынан көрінді.
Атап айтқанда, әлем чемпионатының бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ, ал демеушісі – Sport Qory спортты қолдау қоры болғанын атап өткен жөн. Сөйтіп, ерлер арасындағы жалпыкомандалық есепте Қазақстан 155 ұпаймен бірінші орынға ие болса, Грузия 145 ұпаймен екінші, Тәжікстан 120 ұпаймен үшінші орынға тұрақтады.
Әйелдер белдесуінде халықаралық бәсеке одан да айқын көрінді. Сегіз салмақтың алтауында шетелдік балуандар жеңіске жетті. 48 келіде Иран өкілі Шива Алишах Джахангири алтын алса, Өзбекстан құрамасы бірден үш әлем чемпионын шығарды. Мубинабону Валиджонова 52 келіде, Севинч Тошпулатова 56 келіде, Тилло Хонимкулова 60 келіде чемпион болды.
70 келіде жарыс қожайыны Әзербайжанның өкілі Гүнел Гасанлы топ жарды. Ал ең ауыр салмақта Италия спортшысы Элеонора Гетти әлем чемпионы атанды. Еуропалық балуанның қазақ күресінен әлемдік додада алтын алуы төл күрестің географиясы кеңейіп келе жатқанының тағы бір көрінісі болды.
Қазақстан әйелдер құрамасынан Сезім Өтеулі 65 келіде, Назерке Тілеуханова 77 келіде әлем чемпионы атанды. Әйелдер арасындағы жалпыкомандалық есепте Қазақстан 141 ұпаймен бірінші, Өзбекстан 123 ұпаймен екінші, Грузия 115 ұпаймен үшінші орын алды.
Осылайша, Бакуде сарапқа салынған 16 алтын медальдің бесеуі Қазақстанға, қалған 11-і шетелдік балуандарға бұйырды. Тәжікстан, Грузия, Әзербайжан, Өзбекстан, Иран мен Италия спортшыларының әлем чемпионы атануы қазақ күресінің халықаралық деңгейдегі бәсекесі біртіндеп жаңа сипат алып келе жатқанын көрсетті.
Соңғы жылдары қазақ күресінің халықаралық байланыстары да кеңейіп келеді. Атап айтар болсақ, Qazaq Kuresi Ассоциациясы 2022 жылы United World Wrestling (UWW) ұйымының толыққанды мүшесі болған еді. Бұған дейін Әлем, Азия, Еуропа, Африка чемпионаттары мен Әлем кубоктары әр құрлықта ұйымдастырылып, қазақ күресінің халықаралық жарыстар жүйесі қалыптасты.
Бүгінде қазақ күресі әлемнің 40-тан астам елінде дамып келеді. Баку чемпионаты сол жұмыстың нақты нәтижесін көрсетті: шетелдік спортшылар енді қазақ күресіне тек қатысып қана қоймай, оның әдіс-тәсілдерін меңгеріп, әлемдік деңгейде жүлде үшін күресе алатын дәрежеге жетті.
Бакудегі әлем чемпионатының басты қорытындысы да медаль санымен ғана өлшенбейді. 24 елдің басын қосқан додада әртүрлі күрес мектебінен келген балуандардың чемпион атануы қазақ күресінің халықаралық спорт кеңістігіндегі ауқымы мен бәсекесін кеңейте түсті.





SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары