• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Қазақстан күрес федерациясы

    Біріккен күрес әлемі ұйымы әлемдік додаға жақсы баға берді

    Біріккен күрес әлемінің (UWW) президенті Ненад Лалович Астанада күрес түрлерінен өткен әлем чемпионатының ұйымдастырылуына жақсы баға берді, деп хабарлайды SportPress.kz.

    Биылғы әлемдік дода 1 қарашада мәресіне жетті. Осы күні Астанадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде әлем чемпионаты салтанатты жағдайда аяқталып, жер-жүзінің 135 елінен келген 900-ден астам балуан өз елдеріне қайтты.

    Астанадағы дүрмекті дода тоғыз күнге созылды. Осы уақытта балуандар 30 салмақ дәрежесінде жүлделерді сарапқа салды.

    Қалаға арнайы алыс-жақын елдерден келген қонақтар күрестің жақсы өткенін де айтты. Жарыс туралы чемпионаттың жабылу салтанатында Біріккен күрес әлемінің (UWW) президенті Ненад Лалович те өз пікірін білдірді. Ол әлемдік доданың ұйымдастырылуына өте жақсы баға берді. Мәртебелімейман еліміздің небәрі 4-5 айдың ішінде осындай ауқымды халықаралық жарысты өткізуге дайындалып, барлық ұйымдастырушылық міндетті лайықты деңгейде атқара алғанын ерекше атап өтті.

    «Бұл ерекше әлем чемпионаты болды. Жарыстың қаншалықты тиісті деңгейде ұйымдастырылғанына барлығымыз куә болдық. Осы ауқымды доданың өтуіне атсалысқан әрбір азаматқа шынайы алғысымды білдіремін. Чемпионат өз мәресіне жеткенімен, әлемдік күрестің тарихында тағы бір жарқын белес болып қалмақ.

    Астанадағы әлем чемпионаты баршамыздың есімізде ерекше әсерімен, жылы естеліктерімен сақталатынына сенімдімін», деді Ненад Лалович.

    Осыдан кейін UWW президенті әлем чемпионатын жақсы ұйымдастырғаны үшін Қазақстан күрес федерациясының төрағасы Еркін Оқасовқа халықаралық ұйымның атынан арнайы естелік сыйлық пен чемпиондарға арнап тігілген RUDIS компаниясының жейдесін табыс етті. Осы арада айта кететін бір нәрсе, мұндай марапат еліміздің күрес тарихында алғаш рет беріліп отыр.

    Өз кезегінде Қазақстан күрес федерациясының төрағасы Еркін Оқасов чемпионатты ұйымдастыруға атсалысқан азаматтарға алғысын білдіріп, ұлттық құраманың жарыстағы нәтижесіне қатысты өз ұстанымын ашық айтты.

    Ол балуандардан бұдан да жақсы көрсеткіш күткенін, алдағы уақытта нәтижені жақсарту федерация жұмысының басты міндеті болатынын атап өтті.

    Салтанатты рәсімінде әлем чемпионатының ауыспалы туы 2027 жылғы доданы ұйымдастыратын АҚШ делегациясының өкілдеріне тапсырылды.

    Осылайша, тоғыз күн бойы әлемдік күрес қауымдастығының назарында болған Астанадағы чемпионат ресми түрде аяқталды.

    «Қазақстан күрес федерациясы алдағы уақытта ұлттық құрамалардың дайындығын күшейтуге, жаттықтырушылар мен спортшылардың жұмысын жетілдіруге және халықаралық жарыстардағы нәтижені жақсартуға басымдық береді.

    Федерация ұжымы төраға белгілеген міндеттерді іске асыру үшін бірлесе жұмыс атқаруға дайын. Басты мақсат – балуандардың әлемдік аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жанкүйер сенімін ақтау», деп хабарлады Қазақстан күрес федерациясының баспасөз қызметі.

    Еске сала кетсек, Грек-рим күресінің ше­бер­лері бастап берген әлем чем­пионатын әйелдер күресі мен еркін күрес балуандары түйіндеді. Өкінішке қарай, елорда төріндегі әлемдік додада еліміздің Әнұраны шырқалмады.

    Биылғы күрес түрлерінен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы бес медаль жеңіп алды. Оның ішінде бір күміс және төрт қола жүлде бар. Ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте 15-орынға ие болды.

     

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *