• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Ат — қазақтың ауасы мен даласы

    Ат дүбірі естілгенде бойында қаны туламайтын қазақ жоқ. Қазақтың той мен тамшасы  қашаннан арғымақтың жарысынсыз, ат спорты ойындарынсыз өтпегенін білеміз.

    Қымызмұрындық, ас, баласын сүндетке отырғызу секілді ел ішіндегі көптеген мерекелер аламан ат жарыстарынсыз  өтпейтін болған. Күнделікті тіршілігі жылқымен тікелей байланысты болғаннан соң, бабаларымыз барлығын жылқыға қатыстырып айтып отырған. Мысалы, жылқы мінезі, жылқының жершілдігі, жылқыға байланысты әдет-ғұрыптар мен наным-сенімдер жылқы түстеу, жылқы және саз өнері, ер-тұрман жылқыдан алынатын өнімдер тағысын айта берсе жетерлік.

    Жалпы, қазақтың әдеттік құқығындағы жылқының орны мен рөлі айрықшы болғанын білмейтін жан жоқ шығар. Сондықтан да жылқыға құрмет қазақ үшін ерекше. Ата-бабаларымыз астындағы атын бәйгеге қосып, көкпарға салып немесе үйдегі  шаруаға міну үшін де үнемі баптап, күйін келтіріп отыруды қалыпты жағдайға айналдырған. Тұлпар туар құлынды енесінің құрсағынан танитын қазақ үшін жүйрік ұстап  бағым-күтіміне ерекше мән беріп, бәйгеге салу үлкен өнер деуге болады. Әрине, жүйрік ұстап, ат жүгірткен атбегілердің бәйгілі  болып жатқаны, бағы жанып, ел ішінде аттары шығып қана қоймай дәулеті тасып абыройы арта түседі.

    Ат-қазақтың ауасы да даласы,

    Атсыз бір күн тұра алмайды баласы!

    Ат-биікке шығаратын аспандай,

    Онсыз-оның ашылмайды аясы.

    Қайғысын да қуанышын да бөліскен,

    Ат-көзінің бейне ағы мен қарасы.

    Кісінесе-тілдескендей иесімен

    Аттың артық сықылды бағасы — деген шабыт шақырар өлең шумақтарын оқи отырып, қазаққа аттың қаншалықты жақын екенін білеміз. Жылқы малының тегі қазақ даласы Бопай қыстағынан табылған жәдігерлер арқылы белгілі болғанын бүгінде кеңінен  жазылып айтылуда. Жылқы малын жағалаған жанда береке болары хақ. Жылқы туралы қаншама  жыр-дастандар жазылды десеңші. Бүгін біз ат спортының дамуына өзіндік үлес қосып жатқан Сағымкүл Оразымбетқызы, 7 жасында ат жалын ұстап мініп, ұлы аламанда атқа шауып жүрген жүректі бала Ақжол мен ат спортынан өткен аламан бәйгелер туралы  аз-кем сөз етсек.

    Жылқыны жағалаған жанға береке мен дәулеттің келіп қонары анық. Негізі, сол тұлпарларға шабатын жас шабандоздардың  бойындағы мықтылығы, жүректілігі, шеберлігі барлығы сап келетін өз алдына бір төбе үлкен мектеп екеніне қазіргі кезде айрықша мән беріліп, оларды даярлау жолға қойылуда.

    Алматы маңындағы Көкбастау деген атшабарды білмейтін жан жоқ шығар. Сол жерде жыл он екі ай небір ат спортынан аламан жарыстар өтіп, атқұмар халық үлкен әсер алып тұратын киелі жер десе болғандай. Сол маңда көптеген ат жүгіртетін атбегілер шоғыры орналасқан. Мерхат Бұлғынов секілді атбегінің баптаған дүлділдері де көптеген бәйгеде топжарып, ел ауызында жүр. Соның қасында аттарын батпасып, шаруашылығын басқарып қазақтың бір атқұмар ардақты әйелі де бар. Оның аты – Сағымкүл Оразымбетқызы. Сағымкүлдің төл немересі  Ақжол туралы әңгіме тіпті бөлек. Ақжол 7 жасынан ат жалын ұстап мініп ұлы аламанда бәйгеге шапқан екен. Міне, нағыз қазақтың тума талантты ұлы десе болғандай. Иә, 7 жасында бала оңы мен солын әзер танитын кез емес пе, ал Ақжол бала есік пен төрдей жүйріктің үстіне қорықпай мініп, аламан бәйгеге жүрексінбей шауып топжарып бірінші болып келіпті. Болар бала бесігінде бұлқынар — деген осы болар. Міне, қызық десеңші. Бұл жаста бала далада доп қуып, сауба қамшы таяқты ат қылып мініп шауып жүретін кезі емес пе. Ақжолдың мұндай батырлығына сүйсінбей қоймассың, сірә. Хош, апасы  Сағымкүл  мен ағасы Ермаханның тәрбиесінде өскен жалынды жасөспірім бүгінде жасы 12-ке келсе аламан жарыстарда жүйрікке мініп бәйгілетіп жүр. Бұл қазақтың қанында бар қасиет екені даусыз. Дегенмен де оқтай зулған аттың үстінен ауып қалмай, жайдақ күйде  қаншама шақырымды шауып өтіп, аман-есен мәреге келу ат үстіндегі баланың да шеберлігі мен жүректілігінің үлкен  септілігі  болары анық. Сондықтан да Ақжол Жұматай шабандоз қазірдің өзінде ел аузына іліге бастаған талантты жастың бірі болып жүр. Иә, бар жақсылықтар ана сүтімен анасының тәрбиесімен келеді десек, Сағымкүлдің де атқа деген құмарлығы балалары мен немерелерінің алдынан шықса керек. Сондықтан қазақта ердің жүгін көтерген ер мінезді, елжанды, батыр аналар болғаны ақиқат. Қазақта ел басына күн туғанда да қолға қару алып жауға ерлермен бірге иық тіресе аттанған қаракөз қыздарымыз да болғаны белгілі. Ал, бейбітшілік заманда ел экономикасының әрбір саласында  майталман еңбегімен ел құрметіне бөленген қаншама қазақ әйелдері  болғаны белгілі. Сағымкүл Оразымбетқызы да елім, жерім дейтін, ұлттық спорттың ұлтжанды жанашыры. Балаларының барлығын 7 жасынан атқа қондырып бәйгеге шығарып жүрген атқұмар ана, немерелерінің атқа жақын жүргенін қалайды. Иә, тек қана ат жағаламай сол дәстүрлі ат спорты өнерін дамытуға үлес қосуларын тілейді. Ана жүрегі осыны меңзейді.

    Әрине, қуана құптарлық тәрбие. Жуырда Сағымкүл  өзі туып өскен Кенен ауылында немересі Едігенің 1 жасқа толуына орай, аламан бәйге ұйымдастырып, халыққа ұлттық спорт түрлерінен тамаша бір шараны тарту етті. Ұлттық спорттың ішінде қазақ күресі, жаяу жарыс және қол күрес, балалар жарысы секілді түрлерінен өткен бәсекеде қатысуға Кенен сөресінің маңына жиналған халықта  есеп болмады. Соңынан ат жарыстарынан бәйгелер басталды. Алдымен жарыс жолына тай жарыстары шықты. Онда Шудан келген  Штабханның «Мырзаторы» жүйрігі бірінші болып мәреге келді. Екінші болып Қақпатас  ауылының атбегісі Жандос Сейдуалиевтің «Тайбурылы» ауыздығымен алысып жетті. Сосын Құнан бәйгелерден үздік шапқан жүйріктер анықталды. Бұл бәйгеде Талағат Дауышевтың «Құнан мырза» жүйрігі мәре сызығын бірінші болып шауып өтті. Ұзынағаштың атбегісі Бақытжанның «Күреңі» екінші болып тіркелді. Ал, Кенен ауылынан Темірлан Үшкеннің «Ирсу» атты сәйгүлегі Үшінші жүлдеге ие болды.  Халықтың асыға күткен аламан жарыстар да көп ұзамай  басталды. Ауыздығымен құс тістеген жүйріктер 25 шақырымға жарыс жолына шыққан еді.  Бұл сында Қордайдан келген Руслан Әбдрахимовтың «Жебе» жүйрігі жеке дара келді. Екінші орынды Шамалғаннан ауылынан келген Мырзақабыл Амановтың «Гаухартас» жүйрігі иеленді.

    Жаяу жүгіруден  Меркеден келген Самат Түйметаев алдына жан салмады. Екінші орынды Кенен ауылының желаяғы Еламан Ысқақ жеңіп алды. Қол күресінен Кенен ауылының баласы Алмасқа қарсы ешкімнің білегі шыдамаса, қазақ күресінен Кенен ауылының дарынды балуаны, самбо күресінен республикалық жарыстарда бәйге олжалап жүрген Әкімғали Садырбаев  финалда өзінің ауылдасы  Дастан Белекті жеңіп, жарыстың жеңімпазы атанды.

    Міне, осындай дәстүрлі ұлттық ат спорты ойындары қазақ пен қырғызға белгілі  ақиық ақын Кенен Әзербаевтың атындағы  атшабарында өтіп, ат дүбірін аңсап қалған атқұмар ауыл халқы ерекше әсерлерімен үйлеріне  тарқасты. Дүбірімен дүйім жұртты үйірген айтулы ат жарысы ұлттық ат спорты ойындарының дами түсуіне сәл де болса үлес қосқан ел ішіндегі  байрақты бәйгенің бірі болғаны сөзсіз.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    АЛМАТЫ

     

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *