Денсаулық – зор байлық. Адам барында бағалай білмейтін екі құндылық бар екен. Оның бірі уақыт болса, екіншісі – денсаулық.
«Денсаулық – зор байлық», «Дені саудың – жаны сау», деп дана халқымыз бекер айтпаса керек. Өкінішке қарай, қоғамда денсаулыққа зиян тигізетін кейбір әлеуметтік ауытқушылықтар, теріс қылықтар кездеседі. Сондықтан да, елімізде әсіресе жастар тәрбиесінде салауатты өмір сүруге дабыл қағып, әр-түрлі шаралар ұйымдастырылуда.
Салауатты өмір салтын ұстануда ұлттық спорт түрлерi мен халық ойындары жеткiншек ұрпақты үйлесiмдi тәрбиелеудiң ажырамас бөлiгi болып табылады. Қазiргi дене шынықтыру практикасында ғасырлар бойы сомдалған және сыннан өткен халық ойындары мен ұлттық спорт түрлерi құралдары арқылы жеткiншек ұрпақты тәрбиелеудiң бай тәжiрибесiн пайдалану қажет. Ойын баланың барлық қабілетінің дамуына, айналасындағы дүние жайлы түсініктерінің кеңейуіне көмектеседі. Қазіргі таңда халқымыздың дене шынықтыруға және спортпен байланысты көген тартыс, атшылар жарысы, асық ойындары және басқа да небір түрлі ойындары бар.
Көген тартыс — ұлттық ойын. Бұл ежелден келе жатқан көне ойындардың бірі. Ертеде оны малшылар ойнайтын болған. Ойынды кең алаңда, дене шынықтыру залдарында өткізуге болады. Ойын жастарды коллектившілдікке, бірлесіп іс-әрекет жасауға, дене күштерін молықтырып, білектерін сомдай түсуге, шынығуға баулиды.
«Атшылар жарысы» — ұлттық ойын. Ойын алаңда, спорт залында өткізіле береді. Ойынға қатынасушылар тең екі топқа бөлінеді де, әрбір топ ішінара және екі топқа бөлінеді. (Сонда барлығы төрт бөліктен тұрады.) Қай топтың «аттар», ал қай топтың «Салт аттылар» болатынын жеребе арқылы шешеді. Ойын жастарды жинақылыққа, ұйымшылдық, коллективтік әрекет жасай білуге үйретеді, жолдастық қарым-қатынасты қалыптастырады, дене күшін сомдап, төзімділікке үйретеді.
Асық ойындары — қазақ халқының ұлттық ойындарының бірі. Ұлттық ойындары көбінесе әр халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайларына, шаруашылың мүмкіншіліктеріне байланысты қалыптасқан. Қазақ халқының ұлттық ойындарының көбі табиғи заттармен ойнауға негізделген. Асық ойыны баланың жастайынан жүйке жүйелерін шыңдап, оларды дәлдікке, ұстамдылыққа, байсалдылыққа тәрбиелейді. Мұндай қасиеті болмаса, адамда төзімділік, шыдамдылық та болмайды. Ондай қасиеттері болмаса, адам ойында да, өмірде де көздеген мақсатынан шыға бермейді. Бұл ойынның еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін ойнайтын түрлері болған.
Қазіргі таңда да COVID-19 пандемиясының таралуына байланысты денсаулыққа аса көңіл бөліп, салауатты өмір салтын ұстану өте маңызды. Осы орайда бізде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Экономика және Бизнес жоғары мектебінің «Экономика» мамандығының 2 курс студенттері кураторлық тобыммен бірге іс-шара өткіздік. Бұл шарамыздың мақсаты – «Тәннің саулығы-жанның саулығы» дегендей жастарды қазірден бастап денсаулықтарына көңіл бөліп, табиғаттың адам баласына сыйлаған басты байлығы, денсаулықты бірден-бір дұрыс жолы-зиянды, жат қылықтардан аулақ болып, салауатты өмір сүру екендігін ұғындыру, денсаулықтың қадірін түсіне, сақтай білуге тәрбиелеу, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген әлдеқайда тиімдірек екендігін түсіндіру, дене тәрбиесіне, салауаттылыққа дағдыландыру.
Адам бақытты болу үшін оған денсаулық керек, ал денсаулықтың кепілі салауаттылық. Отанымыздың ертеңгі жағдайы ертеңгі еліміздің болашағы жастардың қандай азамат болып қалыптасатынына байланысты. Ертеңгі күні әрқайсысы мемлекеттің дамуына, ұлттық құндылықтардың сақталуына, халыққа қызмет ететін жастардың жаман әдеттерден бойларын аулақ салып, төзім, табандылықпен білім сатысынан көрініп қазақ елінің жарқын болашағын кұрайтын, саналы, сауатты, салауатты азамат болып қалыптасқаны маңызды.
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті
«Экономика» кафедрасының доценттері, экономика ғылымдарының кандидаты Ғалия ДАУЛИЕВА, экономика ғылымдарының кандидаты Гүлмира АНДАБАЕВА, аға оқытушы Ілияс КҮЛИЕВ
АЛМАТЫ