• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Жаныңда жүр жақсы адам

    Қарға тамырлы қазақпыз. Бір-бірімізге айырламас жақын ағайын-туыс, ажырамас, дос-құрдас болып араласып жатамыз. Біздің қазақтың өзге ұлттан өзгешілігі, құдіреттілігі де осында ма деймін. Қарап тұрсаң өзіңе деген сенімді, әр кезде қасыңнан табылатын, қамқоршы достарың туған бауырдай болып кетіп жатады. Қазақ достың көңілі бір атым насыбайдан қалады деп достықтың кей кезде сынаптай сырғып кететін сенімнен шығатындары да болатындығын ескертеді. Әңгіме барысы  жаныңда салауатты өмірге  дос-жаранды тартып жүрген, дос десе жанын пида етуге әзер адал дос, сегіз қырлы бір сырлы ардагер спортшы, ардақты азамат  Сайфуддин Шамсуддинов туралы болмақ. Сайфуддиннің өмірдегі ұстанымы жас буынға үлкен өнеге деп айтуға болады.

    Достық екі түрлі болады екен. Адал достық пен амал достық. Адал дос сені өліп бара жатса да сатпайтын, достық жанындай берік адам болса, амал достық күні түсіп тұрған кезде жаныңнан  табылып, басыңды қайғы үйіргенде ізін таба алмай қалатын бас пайдасы үшін сыйласатын достарды айтса керек. Адал достық туралы бабамыз «Бір дос бар көзіңнен қан шыққанша, бір дос бар қорадан мал шыққанша, бір дос бар кеудеңнен жан шыққанша», деген емес пе. Менің айтайын дегенім, жаныңда жүрген жанашыр досым Сайфуддин туралы.

    Ешқашан тәкаппарланбайтын, мақтанып, масаттанбайтын, қарапайым жайдарлы жайма-шуақ мінезі бар, үлкенге құрмет, кішіге ізеті зор, кішіпейіл, адамгершілігі, парасаттылығы, мәдениеттілігі өте жоғары бұл досымның жақсы тұстарын тізіп айтса, біреуге үлгі бола ма деген ой еді. Ең бірінші, адами қасиеті Сайфуддиннің ата-анасына деген құрметі мені таң қалдырады. Жастары 100-ге келіп қалған әкесі мен анасы Аллаға шүкір алтындай баласының қамқорында қамсыз бақуатты өмір сүріп, қара шаңырақтарының берекесін кіргізіп отыр. Кейде хабарласып, алдымен  атамыз бен апамыздың халын сұрайтынмын. Сонда: «Ақа, бәрі жақсы. Тек  мен анамның дәрісін тауып алып бара жатыр едім. Қазір қастарында біраз болып, сосын жұмысыма шапқылап кетемін» деп қоятын. Сонда мен әзілдеп: «Ой, Сәке, сендей баласы бар апамыздың арманы жоқ шығар, әлі жүзден асады», деп ризашылықпен айтатынмын. Сәкең кей-кезде жұмысында жиналыста отырғанда тоқсаннан асқан анасы телефонмен хабарласып қал-жағадайын сұрап жатады екен. Сәкең күн сайын  таңазанда анасына барып, маңдайынан сүйіп, сосын жұмысына кететін көрінеді. Анаға деген мейір, құрмет, жақсы көру деген осы болар. Ал, ананың ойы балада демекші, анасы күн ұзақ бірнеше мәрте сары баласының  халін біліп хабарласып отыруды бұрыннан әдетке айналдырса керек. Қандай ана мен бала арасындағы керемет сүйіспеншілік десеңші.

    «Анасы бар адамдар расымен ешқашан қартаймайды», деген өлең жолдары осындайда ойға оралады. Ананың балаға деген махаббатының шексіз екендігіне тәнті боласың. «Есейіп кетсең де сен маған сәбисің», деген осы болар. Біз қаншама биікке көтеріліп қызметте отырсақ та, алтын құрсақта аяулы анамыз үшін баяғы кішкентай ғана қарадомалақ баласы болып қала беріміз. Хадисте: «Кімде-кім ата-анасының ризалығын алған болса, Алла оның өмірін ұзартады», деген сөз бар. Меніңше, ата-анасының ақ батасын алып, жүздеріне кірбің түсірмей аялап бағып-қағып отырған Сайфуддин досымның айналасына жұғымды, сыйлы, қадірлі болып жүруі сол ата-анасының ақжолтай ақ баталарының арқасы да болар деген ойдамын. Иә, мұндай асыл азаматтың өмірі өзгеге үлкен үлгі емес пе. «Адамда не қасиет болса, бәрі күннің көзі мен ананың ақ сүтінен алынған қасиет», деген екен Ғабит Мүсірепов. Ендеше, Сәкеңнің бойында бар жақсы қасиеттері анасының ақ сүтінен  дарыған болу керек.

    Сәкеңнің екінші адами қасиеті досқа деген шынайы жанашырлығы. Елімізге келген қатерлі жаман індеттен халық қатты ауырып, қанша арыстарымыз ортамыздан кетіп қайғырып жатқан кез болатын. Сонда мен де аяқ астынан ауырып қалдым. Үш-төрт айдай жазылып кете алмай, қатты бір күйзелісте болдым. Дәрігерге барып тексерілгенімде әлгі ел аурып жатқан Ковид деген бәлекет аурудан дін-
    аман таза екенімді айтып қуантты. Дегенмен де кеудемнен демім анда-санда тарығып қысып өткендей мазалап қоймай жүр кез еді. Сонда Сәкең күнде көлігімен шауып келіп, мені алып жөнеледі. Сонда қала сыртындағы жер астынан атқылап жатқан ыстық суға әкеліп: «Ақа осы саған шипа-ем болады» деп жаны қалмай бірнеше мәрте алып барып, ыстық суға  түстік. Иә, Аллаға тәубе деймін. «Адамдықтың белгісі иіліп сәлем бергені, шын достықтың белгісі көп кешікпей келгені», деген екен бабаларымыз. Осындай қиналғанда жаныңнан табылған Сәкеңдей адал әрі қамқоршы досты өмірімнің қилы жолында кездестірген  Аллаға сансыз рахмет айтқан едім.

    Оның үшінші бір қыры – жан-жақтылығы. Балдәурен албырт жастық кезінде вокалды-инструменталды ансамбльдің бас аспаптарында ойнап көремендерін ән-жырмен сүйсіндірген екен. Сонымен қатар Сәкеңнің спорт саласындағы жемісті жолдары да жетерлік. Кілемге шықса түрленіп, түрлі әдіс-айла жасайтын нағыз балуанды көрсем, футбол алаңындағы өнеріне әлі күнге дейін тәнті болудан жалыққан емеспін. Теңбіл допты ұршықша иіріп алып кетіп, орта жарып барып салған голдарына еріксіз қол соғасыз. Еріксіз дегенім мен Сәкеңнің алаңда қарсы командада ойнайтын басты қарсыласымын. Сондықтан командам жеңіске жету үшін менде аянып қалмай жатамын. Дегенмен де әдемі голды соққан Сәкеңдей досыма риза болмасқа шара жоқ. Теңбіл допты аяғына желімдеп алғандай жабыстырып алып, түрлі финттермен алдап өтіп барып салып жатқан голдары досымның футболда да хас шебер жанның бірі екенін байқатады. «Сегіз қырлы, бір сырлы» деп Сайфуддиндей досымды айтса керек.

    «Жақсыға жақын жүрсең жаның жадырайды», деген емес пе. Жақсы дос , жанашыр жан жаныңда жүрсе өмірің де көңілің де жақсара түсері даусыз. Ендеше, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», дегендей, Алла Сайфуддиндей жақсы жанмен достығымды ұзағынан сүйіндірсін деймін.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    АЛМАТЫ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *