Қазақстан ұлттық құрамасының қақпашысы Давид Лория Румыния мен Армения құрамаларына қарсы ойын туралы ойын айтты.
— Ең алдымен жеңіске деген құлшынысымыз болу керек. Қарсыластарымыздың қарымынан жасқанбай, өз жоспарымызды толығымен іске асыруды ойлағанымыз жөн.
– Алдағы екі ойынның қайсысы маңыздырақ деп ойлайсыз?
– Бұл жерде нақты мына команданы ғана ұту керек деген ой болмауы керек. Жасыл алаңға шыққаннан кейін кез-келген ұжымды жеңуді ғана ойлаймыз. Бізді алда қиын екі ойын күтіп тұр. Ал Румынияның жақында жаңа бас бапкері тағайындалды. Сондықтан олар бізді жеңу үшін бәрін жасайды деп ойлаймын. Біз сырт жақта да, өз елімізде де ұпай алуды мақсат етуіміз керек.
– Армения құрамасымен бірнеше рет кездестік. Сізге армяндарға қарсы ойын қандай әсер қалдырып отыр?
– Арменияға қарсы ойын ешқашан оңай болған емес. Оларда мықты ойыншылар жиналған. Бізді бұл жолы да тартысқа толы кездесу күтіп тұрғаны анық. Бірақ жанкүйеріміздің қолдауынан үміт күтеміз. Олардың қолдауы бізге ерекше күш береді.
– Ұлттық құраманың бір ойынын еліміздің өзге қалаларында өткізгіңіз келе ме?
– Бұл сұрақ маған арналмаған сияқты. Ал өз басым қай жерде болсын өнер көрсетуге дайынмын. Бізге қай жерде ойна десе, сол жерде ойнаймыз.