Қазақстан боксшылары 11 желтоқсан күні Алматыда өтетін кеште бірден үш титулды жекпе-жекке шығады.
Бокс кешінің ұйымдастырушысы Movida promotions мәліметіне қарағанда, басты жекпе-жекте бірінші жартылай орта салмақтағы Жанқош Тұраров пен Луис Энрике Ромеро жартылай орта салмақтағы IBO Intercontinental чемпионы атағы үшін қолғап түйістіреді.
Жеңіл салмақтағы боксшы Ангелина Лукас UBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы титулы үшін танзаниялық Лулу Каяджемен кездеседі.
Ал орта салмақтағы Елхан Табынбаев WBC Intercontinental белдігі үшін бразилиялық Матеус да Силвамен жұдырықтасады.
Еркебұлан Тоқтар мен Арман Әшімов кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жектерін өткізеді. Тоқтар ирандық Амир Яранимен кездеседі. Әшімов алты жекпе-жегінде үш жеңіске жеткен тәжірибелі Бухути Татишвилимен рингке шығады. Олардан басқа, Әлихан Түленбаев, Адлан Селмұрзаев, Шынарбек Батинұлы бокстасады.
Бокс кеші «Алматы Арена» спорт кешенінде өтеді.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА