Футболдан Катарда өтіп жатқан әлем чемпионатында Аргентина құрамасы жартылай финалда Хорватия командасын 3:0 есебімен ұтып, финалға шықты.
Бұл кездесуде аргентиналықтар сапында бірінші голды Лионель Месси салды. Ол 11 метрлік айып добын соғып, қақпаны дәл көздеді. Араға бес минут салып Месси хорваттардың бірнеше футболшысын алдап, командаласы Хулиан Альварестің есепті еселеуіне мүмкіндік жасап берді.
Үзілістен кейін Хорватия сапында бірден үш ойыншы тыңнан алаңға шықты. Бірақ есепті қысқарта алмады. Керісінше, 69-минутта Альварес Мессидің пасынан кейін тағы бір гол соқты. Қорытынды есеп 3:0 болып, Аргентина осымен әлем чемпионаттарының төртінші рет финалына шықты.
Месси әлем чемпионаттарындағы 11-голын соғып, Аргентина құрамасының мундиальдегі үздік сұрмергені атанды. Сонымен қатар, ол әлем чемпионатындағы 25-матчын өткізіп, Лотар Маттеустің рекордын қайталады.
Енді Аргентина финалда Франция — Марокко матчының жеңімпазымен кездеседі. Екінші жартылай финалдық кездесу бүгін астана уақытымен сағат 00.50-де басталады.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА