• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Бокс: төртінші күнгі көрсеткіш – бір жеңіс, бір жеңіліс

    Ташкентте өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатының төртінші күні біздің бір атлет жеңіске жетіп, тағы бір спортшы жеңіліс тапты. Бұл туралы rast.kz хабарлады.

    Бүгін 48, 51, 63,5 келілерге дейінгі және 92 келіден ауыр салмақтардағы атлеттер өзара күш сынасты.

    Күндізгі сессияда шаршы алаңға шыққан 63,5 килоға дейінгі салмақтағы Санатәлі Төлтаев маврикийлік Ричарно Колин Луиспен қолғап түйістірді. Өкінішке қарай, бұл жекпе-жекте белсенділік танытқан африкалық жігіт жеңісті тартып әкетті. Тартысты өткен бәсекенің қорытындысында төрешілер солай деп шешті.

    Осымен, Қазақстан құрамасы сапынан екінші былғары қолғап шебері жарыс жолынан шығып қалып отыр. Кеше мұндай сәтсіздікке 60 келіге дейінгі салмақтағы Талғат Сырымбетов ұшыраған еді. Бірақ ол өзінің миллиондаған отандастарының көзқарасынша, Азия чемпионы, иорданиялық Мохаммед Абу Джаджедтен ұтыла қойған жоқ. Біздің оғлан соның алдындағы, 1/32 финалдық іріктеу сайысында тай Сакда Руамтхамды 5:2 есебімен ұтқан болатын.

    Ал кешкі сессияның ең соңғы жұбында шайқастың шаңын шығарған 92 келіден ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев ресейлік Алексей Дроновтан 4:1 есебімен басым түсті. Жекпе-жектің бірінші раундында оның қарсыласы 3:2 есебімен алға шығып кетті. Содан кейін Қамшыбек шынымен қамшыны басты. Сөйтіп, екінші раундта-ақ таразы басын өзіне қарай аударып алды. Ал үшінші раундта осы қарқыннан айырылған жоқ, бұл жолы тіпті бір рет бәсекелесін нокдаунға түсірді.

    Енді Қамшыбек 7 мамыр күні 1/8 финалдық шайқасқа сириялық Мохаммад Млайеспен шығады. Одан аса алса, ширек финалда медальдар ауылы үшін шайқасады. Сол кезде өзбек Баходир Жалоловпен бетпе-бет келіп қалуы мүмкін.

    Бұл күні басқа елдердің намысын қорғап жүрген тағы үш қазақ жігіті жеңіске жетті. Атап айтқанда, 90 келіден ауыр салмақтағы қытайлық қазақ Данабек Байғазы күндізгі сессияда 2021 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, армян Давид Чалоянды жолдан шығарып тастап, сенсация жасады. Өзбекстан құрамасы сапындағы жергілікті қазақ, Азияның 2022 жылғы чемпионы Руслан Абдуллаев 63,5 келіге дейінгі салмақта испаниялық Конде Ойеер Ибареччені бірінші раунда екі рет нокдаунға жіберді. Содан кейін оның қарсыласының секунданттары ортаға ақ орамал тастап, шайқасты тоқтаттырды.

    Кешкі сессияда бұдан бірқатар уақыт бұрын Бахрейн азаматтығын алған бұрынғы жерлесіміз Азат Махметов 51 келіге дейінгі салмақта итальян Алессо Камиоланы 4:1 есебімен тізе бүктірді. Ол бокс жолын жалғастыру үшін осындай қадамға барған еді.

    Ертең, 5 мамырда үш жігітіміз шығады. Соның ішінде 57 келіге дейінгі салмақтағы Серік Теміржанов – малилік Абдул Карим Батхилимен, 80 келіге дейінгі салмақтағы Нұрбек Оралбай – әзербайжан Мурад Аллахвердиевпен, ал 92 келіге дейінгі салмақтағы Айбек Оралбай италиялық Азиз Аббес Моухидинмен шайқасады. Бұлардың арасында Серік күндізгі сессияда шықса, ағайынды егіздер Нұрбек пен Айбек кешкі сессияда бақтарын сынайды.

    Күндізгі сессия – сағат 13:00-16:00, кешкі сессия сағат 18:00-21:00 аралығында өтеді.

    Сол уақыттарда Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *