• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Қоңқабаев Жалоловты жеңуі мүмкін – Тұрсынғали Еділов

    Ташкент төрінде бокстан ересектер арасында өтіп жатқан әлем чемпионаты бел ортасына келді. Жекпе-жектер қыза түсуде. Финал жақындаған сайын жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар былғары қолғап шеберлері іріктеліп, шаршы алаңға шығып жатыр.

    Бүгін ширек финалдық жекпе-жектер өтуде. Қазақстан құрамасынан алғашқы болып 57 кг салмақтағы Серік Теміржанов кубалық Сайдель Ортамен қолғап түйістіріп, ол өкінішке қарай, жеңіліп қалды. Кубалық қабылан қазақ қарсыласының стиліне басып, оны таза ұтты десе болады. Яғни, қарсы шабуылды күтпей, соққылар жасай жүріп, ұпай жинап алды.

    Бұл біздің елдің құрамасының бүгінгі алғашқы жеңілісі болды. Одан кейін рингке көтерілген Асыланбек Шымбергенов (71 кг) франциялық Макан Траорені оңай ұтты. 80 кг салмақтағы Нұрбек Оралбай да иорданиялық Хуссейн Эйшаиш Ишайшпен айқасып, таза жеңді.

    Енді ширек финалдағы айқастарға Санжар Тәшкенбай (48 кг), 54 кг салмақтағы Махмұд Сабырхан, Дулат Бекбауов (67 кг) пен ең ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев шығады.

    Біз қазақ боксшыларының жекпе-жектері туралы Қазақстан құрама командасының бас жаттықтырушысы болған белгілі бокс маманы Тұрсынғали Еділовті әңгімеге тартқан едік. Тұрсынғали Нұржақыпұлының өзі бокстан спорт шебері (1984), Республиканың үш дүркін чемпионы, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңірген жаттықтырушы (1996), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (1996). Ол Олимпиада және әлем чемпиондарын дайындап, талай былғары қолғап иесін биік шыңдарға шығарып, әнұранымызды ойнатқызған маман.

    -Тұрсынғали Нұржақыпұлы, Өзбекстандағы әлем чемпионатын қарап, жеңісті сәттерімізді тағатсыздана күтіп отырған шығарсыз. Бәрімізде тақымымызды қысып, ұлттық құраманың боксшыларына болысып жатырмыз. Биылғы жарыстан қандай нәтиже күтесіз?

    -Алдымен айтарым, Өзбекстан әлем чемпионатына жақсы дайындалған екен. Ашылу салтанаты да керемет болды. Жалпы, өзбек елінде бокс жақсы дамып жатыр. Қарқынды дамып келеді десем болады. Боксшыларының бәрі жарысқа жақсы дайындалғаны көрініп тұр. Соңғы статистистикаға қарасақ, Өзбекстаннан ширек финалға 11 боксшы шығыпты. Кубадан 12 адам жолдама алған екен. Ресейден 8 спортшы ¼ финалда жұдырықтасады. Ал біздің елден 7 боксшы ширек финалға шықты. Осыған қарап, өзбек елінің, жалпы басқа да бокс державаларының әлем чемпионатына қалай дайындалғанын көруге болады.

    -Оларға әлем чемпионатына жарияланған бойкот та кесірін тигізбеген сияқты.

    -Иә, бойкоттың жарияланғанына қарамастан Африка, Азия, Америка елдері мықты боксшыларын әкеліпті. Биылғы додада Америка құрлығынан Бразилия, Африкадан Кения, Азиядан Үндістан, Еуропадан Франция секілді мемлекеттердің өкілдері жақсы өнер көрсетуде. Яғни, бұл елдерде бокста өрлеу, өсу деген бар. Бұл жарыс осы мемлекеттерге нағыз мотивация болды.

    Әлем чемпионатының жүлде қоры да қомақты екен. 5,2 млн доллар! Мұндай қомақты жүлде қоры бұрын-соңды болған емес.

    Былтыр Сербияның Белград қаласында ұйымдастырылған әлем чемпионатында жүлде қоры ұмытпасам, 2,6 млн АҚШ доллары болған. Соның 100 мыңы чемпионға, күміс жүлдеге 50 мың, қола медальге 25 мың доллар берілген еді. Ал биылғы бәсекеде әлем чемпионына 200 мың доллар, күміс жүлдегерге 100 мың, қола медалиске 50 мың доллар беріледі екен. Сондықтан жарыс аса қызықты және тартысты болып жатыр.

    -Келесі жылғы Олимпиада Францияның астанасы – Париж қаласында болады. Жаңа сіз айтқан Франция құрамасы осы төрт жылда бір айналып келетін додаға мықты дайындалып жатқан сияқты.

    -Иә, ол да бар. Франция Олимпиаданы ұйымдастырушы ел болғаннан соң, боксқа баса мән беріп келеді. Біздің елдің ұлттық құрамасына да әлем чемпионатына емес, Олимпиадаға баса назар аудару керек. Жігіттер жоқ емес, бар. Жақсы боксшыларымыз бар. Тек соларды жақсы дайындай білу керек. Ең бастысы, психология жағына мән бергеніміз дұрыс. Ал әлем чемпиоантына келсек, қазір Америка құрлығынан Бразилия, Африкадан Кения, Азиядан Үндістан, Еуропадан Франция секілді мемлекеттердің боксшылары жақсы дайындалғаны көрініп тұр.

    -Осылармен салыстырғанда ұлттық құраманың мүмкіндігі қандай?

    -Әлем чемпионатында талай боксшының қабағы жарылып, жарақат алып, жарыс жолынан шығып жатыр. Бокс болған соң бәрі болады. Жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Оны маған дейін де интервью берген азаматтар айтқан шығар. Мысалы, Сәкен Бибосыновты алайық. Ол сөз жоқ, жақсы боксшы. Бірақ қабағы жарылып, үшінші раундта соққы жіберіп алып, жеңіліп қалды. Мен биылғы жарыста Сәкеннің көзінен от көрмедім. Былтыр Сербияда өткен әлем чемпиоантында ол оттай жанып жүретін. Көзінен от көрінетін. Ал биылғы додада олай болмады. Сәкен Теміржанов та жақсы боксшы. Оған кішкене тәжірибе жетіспей жатқан сияқты. Махмұд Сабырханның болашағы зор. Талғат Сырымбетовке де тәжірибе жетіспеді. Оған шаршы алаңда сабырлы болып, айқасу керек еді. Ол олай жасамады. Бокста қарсыласыңды алдап, онымен ойнап, басын айналдырып, соққы беріп тұру керек. Талғат олай істей алмады. Бәрін асығыс істеді. Содан жеңіліп қалды.

    Нұрқанат Райыс та мықты жігіт. Ол да асығады екен. Сабыр сақтап, бокстаспайды.

    Кеше де бүгін де Асыланбек Шымбергенов жақсы бокстасты. Міне, қазақ бокс мектебі осындай болу керек. Нұрбек Оралбай да қарсыласын жақсы жеңді. Енді ширек финалда жеңген боксшылардың келесі жекпе-жектері қиын болады. Оларға қарсы жеребе бойынша түскен спортшылар шықпайды. Оларға сайдың тасындай іріктелген мықтылар шығады.

    Қазір Куба, Өзбекстан, Ресей, Франция, Бразиялия секілді елдердің боксшылары білек сыбана айқасып жатыр. Сондай кезде бізідң жігіттерге жүйкені жұқартпай, сабырлық сақтап, психологиялық жағынан жақсы дайындықпен шығу керек.

    -Бүгін кешке Қамшыбек Қоңқабаев пен Баходир Жалоловтың жекпе-жегі болады. Осы екеуінің айқасы туралы не айтар едіңіз? Қамышыбек жеңіледі деген пікір басым. Сіз қалай ойлайсыз?

    -Қамшыбектің қарсыласы мықты боксшы. Оны бәрі айтып жатқан шығар. Иә, Баходир Жалолов – Олимпиада, әлем чемпионы, Азияның үш дүркін чемпионы. Бірақ ол солай екен деп Қамышыбекке қол қусырып отырудың керегі жоқ. Босаңсуға болмайды. Баходир кәсіпқой бокста ешкімнен ешқашан жеңілмеген болса да Қоңқабаевқа кірпік қақпай соңына дейін айқасу керек.

    -Қамшыбекке рингтің шетінде тұрсаңыз қандай кеңес берер едіңіз?

    -Бұл жекпе-жекте Қамшыбекке Баходирге қарағанда оңай болады. Неге десеңіз, ол бірінші айқасында ресейлік Дроновты жеңіп, психологиялық жағынан жеңіске дайындалған. Дронов та оңай боксшы емес. Ол жасөспірімдер арасында Олимпиада чемпионы болған. 21 жаста болса да мықты боксшы. Ал ауыр салмақта мықты болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Жалоловқа сәл қиындау болуы мүмкін. Өйткені, ол өз елінде бокстасады. Мыңдаған жанкүйердің психологиялық жағынан қысымы болады. Одан жанкүйерлер жеңісті ғана талап етіп, жүйкесіне тиіп, нервісі сыр берсе, Қамшыбек сондай моментті пайдалана білу керек. Мен Қамшыбекке осыны айтар едім. Яғни, оған жүйкеге сыр бермей, тәжірбесін көрсетіп бокстасу керек.

    Қазір Қамшыбекте жеңіске деген сенім бар. Ең бастысы осы. Оған жақсы демалып, ешетеңені уайымдамай, шаршы алаңда өзінің боксын ғана көрсету керек. Екеуі де тәжірибелі боексшылар ғой. Екеуінің де күші тең. Егер Қамшыбектің ұйқысы қанық, ұйқысы тыныш, жақсы демалған болса онда бәрі жақсы болу керек. Қамшыбекке екінші номерлі боксшы болып айқасу керек. Бокста жеңістің 50 пайызы көңіл-күйге байланысты. Жақсы көңіл-күймен шықса, бәрі ойдағыдай болады.

    Қамшыбекке сәттілік тілейміз! Бәріміз де тақымымызды қысып, болысатын боламыз.

    Ал Жалоловқа бүкіл өзбек елі қарап отыр. Оның жекпе-жегіне Өзбекстанның президенті Шавкат Мирзияев келетін болса, онда Қоңқабаевпен айқас оған психологиялық жағынан кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан Қамшыбек Жалоловты жеңіп кетуі мүмкін. Енді бәрін ринг көрсетеді.

    Бізде тағы айтайын, жақсы боксшылар бар. Асыланбек Шымбергенов, Нұрбол Оралбай, Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырханның финалға шығуға шамасы жетеді.

    -Көп адамдар төрешілерді кінәлайды. Аяқтан шалу, бармақ басты, көз қысты болады дейді. Бұған не дейсіз, Тұрсынғали аға?

    -Мұндай жағдай барлық жерде, барлық кезде болған. Бола береді де. Ол 200-300 жыл бұрын да болған.

    Қазір Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығын ресейлік Умар Кремлевтың басқаратынын білесіздер. Бірақ мен чемпионатта ресейлік боксшылардың құлағынан тартып, жеңіс сыйлап жатқанын көрген жоқпын. Өзбектер де ұтылып жатыр. Осы чемпионатта төрешілердің үстінен қарайтын әділ-қазылар да бар екен. Оны да естіп жатырмыз. Білесіз бе, «Восток – дело тонкое» дейді ғой. Азия елдері адамды қалай күту керек екенін, қонақты қалай қарсы алу керектігін біледі.  Азияда адамды қандай жолмен болса да «сатып» алады. Өзбектер біз сияқты қонақжай халық. Олар қонақ күткенде асты-үстіңе түсіп қарсы алады. Сый-сияпат жасауды жақсы бледі. Сондай кезде төрешілер боксшылардың айқасы тең болып жатса, өзінің көңілі түскен спортшыға ұпай сыйлауы әбден мүмкін.

    -Адам факторы бәрін шешеді дейсіз ғой.

    -Барлық жерде солай болған.

    -Әңгімеңізге рахмет!

     

    Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *