Ашық НҚА порталында «Мәдениет және спорт министрлігінің кейбір мәселелері туралы» Үкімет қаулысы талқыға шығарылды.
Құжатта атап көрсетілгендей, Мәдениет және спорт министрлігіне қосымша мына қызметтер беріледі:
— мәдениет мәселелері бойынша тұрақты жұмыс істейтін комиссия құрып, ережені бекітіп береді;
— мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендия беру қағидаларын бекітеді;
— архив және кітапхана ісі, геральдика салаларындағы ұлттық және халықаралық конкурстар мен фестивальдарды, сыйлықтар мен жүлделерді тағайындайды;
— халықаралық жарыстардың чемпиондары мен жүлдегерлеріне, жаттықтырушыларға және спорт түрлері бойынша Қазақстан ұлттық құрама командаларының мүшелеріне ақшалай көтермелеудің мөлшерін бекітеді;
— бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша ел аумағында болатын республикалық, облыстық және халықаралық спорттық жарыстарын медальдармен қамтамасыз ету нормаларын бекітеді;
— Республикалық ономастикалық комиссия құрады;
— Кинемотография саласындағы мемлекеттік қолдау мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия жасақтайды;
— туристік қызмет саласындағы ғылыми қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесін құрады;
— лотерея операторын және оған лоторея өткізу құқығын беру мерзімін айқындайды.
Үкімет қаулысы 20 маусымға дейін көпшілік талқылауда болады. Осыдан кейін қол қою үшін премьер-министрге жолданады.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА