Мадридтің «Реал» клубынан тағы бір «Алтын доп» иегері кетіп жатыр деген хабар келіп жетті.
Sport24-тің хабарлауынша, Хорватия ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы, 2018 жылғы әлемнің үздік футболшысына берілген «Алтын доп» сыйлығының иегері Лука Модрич мадридтік клубтан кетеді.
Ол Сауд Арабиясы клубымен келісімшартқа отырады. Келісім үш жылға жасалады. Бірақ Модричтің болашақта қай клубта ойнайтыны әзірге айтылған жоқ.
Лука Модрич «Реал» клубында 2012 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Оның командамен келісімшарты 2023 жылдың 30 маусымына дейін жасалған. Ол осы маусымда Ла Лигада 33 ойынға қатысып, 4 гол салып, 3 нәтижелі пас берген.
Бұған дейін Модричті Сауд Арабиясының «Әл-Наср» клубы шақырған болатын. Қазір оның жасы 37-де. Соған қарамастан футболшы Хорватия ұлттық құрамасынан шақырту алып, келесі жылы өтетін Еуропа чемпионатына қатысқысы келеді.
Модрич екі рет әлем чемпионатының жүлдегері атанған. 2018 жылы Ресейде өткен әлемдік доданың күміс медалисі болса, былтыр Катарда жалауы желбіреген мундиальдың қола жүлдесін жеңіп алған.
6 маусымда «Реал» клубынан Карим Бензема кетті. Ол Сауд Арабиясының «Әл-Иттихад» командасымен екі жылға келісімшартқа отырды. Келісімшарт бойынша Араб түбегінің жасағы футболшыға екі жылда 200 млн еуро санап береді.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА