Алматыда таеквондодан халықаралық турнир мәресіне жетті. Республикалық спорт колледжінің алаңына төселген үш даянға 1443 спортшы шықты.
«Барыс» таеквондо клубының кубогы үшін өтетін халықаралық сайыс ең алғаш рет 2009 жылы ұйымдастырылған еді. Оған 500-ге тарта спортшы қатысса, екінші жылдан бастап қатысушылардың саны күрт артқан. Ал биылғы додаға 99 команда қатысып, Ресей, Моңғолия, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Украина, Әзірбайжан сынды елдердің тегеурінді таеквондошылары қатысты. 5 жастан жоғары балалар арасындағы «А» санатындағы халықаралық турнир үш күнге жалғасты.
Жалпыкомандалық есепте Алматы қаласының таеквондошылары топ басына шықты.
Алматы қаласының жас таеквондошылары «Барыс» клубының кубогы үшін өткен «А» санатындағы сайыстан 30 алтын, 20 күміс, 38 қола медаль олжалады. Командалық есеп бойынша екінші сатыға Өзбекстан спортшылары жайғасты. Даңқты бапкер Зайнаб Назаралиев өзі бастап 250 спортшыны Алматыдағы турнирге қатыстрды. Олар 11 алтын, 12 күміс, 18 қола медальға қол жеткізді.
– Біз бұл турнирге жыл сайын қатысамыз, жыл озған сайын қатысушы командалардың саны артып келеді. «Барыс» клубының кубогы үшін өтетін халықаралық турнирдің беделі жоғары. ТМД елдерінен өте талантты балалар келеді. Осынау жарысқа қатысу арқылы да біз шәкірттерімізді шыңдаудан өткіземіз, – дейді Зайнаб Назаралиев.
Жалпы командалық есепте үздік үштікке Алматы облысының таеквондошылар жайғасты. Олар халықаралық турнирден 31 медаль иеленді.
Қырғыз елінің таеквондошылары да бұл турнирден медаль алды. Бұл ел таеквондо спортын дамыту үшін Кореядан бапкер алдырған-ды. Ин Юншу бапкердің бағыт-бағдар беруімен дайындықтан өткен қырғызстандық спортшылар халықаралық турнирден төрт медаль олжалады.
Турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев республикалық спорт колледжінің залында осындай бәсі жоғары халықаралық турниді жыл сайын ұйымдастырып, биылдан бастап «А» санатындағы турнирлердің қатарына қосқан Респбуликалық спорт колледжінің директоры Амалбек Тшановқа алғысын жеткізді.
Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов бұл турнирді жыл сайын арнайы келіп тамашалайтынын айтты. «Таланты жас спортшылардың талабына қарап қуанамын. Еліміздің спорты алға жылжуына осындай маңызды сайыстардың өткені де септігін тигізері сөзсіз» деді М.Жұрынов.
Мәдениет және спорт вице-президенті Сәкен Мұсайбеков пен аталған министрліктің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев те арнайы қонақ ретінде шақырылып, бүлдіршіндер мен жасөспірімдердің тартысына ризашылықтарын білдірді.
Тоғыз жыл бұрын Алматы қаласында таеквондодан «Барыс» клубы құрылды. Осы игілікті іске бастамашы болған мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері, педагогика ғылымдарының докторы Амалбек Қозыбақұлының еңбегі зая кеткен жоқ. «Барыс» клубында шыңдаудан өткен жастар әлемдік сайыстарда ел намысын қорғап жүр. Арыға тереңдемей-ақ күні кеше Египетте кадеттер арасында әлем чемпионы атанған Әлихасан Бақытжанның жетістігін айтсақ та жетеді. Еліміздің тарихында кадеттер арасында алғаш болып әлем чемпионы атанған Әлихасанның арманы – Олимпиаданың алтын медалі.
«Барыс» спорт клубының кубогы үшін «А» санатындағы халықаралық турнирді ұйымдастырушылардың да көздеген межесі – Қазақ елінің таеквондошыларын Олимп шыңына шығару.
Қ.ЖОМАРТ,
АЛМТАТЫ