• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    primeminister.kz

    Премьер-министр паралимпиадашыларды Азиададағы жеңісімен құттықтады

    Премьер-министр Әлихан Смайылов 22-28 қазан аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен IV Азия Пара ойындарының жеңімпаздарымен және жүлдегерлерімен кездесті, деп хабарлады Үкіметтің ресми сайты.

    Жарысқа Қазақстан атынан 14 спорт түрінен 131 спортшы қатысты.

    Нәтижесінде ел құрамасы 41 медаль жеңіп алды, оның ішінде 8 алтын, 12 күміс және 21 қола медаль иеленді.

    Медаль саны бойынша Қазақстан 44 қатысушы ел арасында 11-ші орынға көтерілді.

    Кездесуде Әлихан Смайылов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хатын оқып, қазақстандық паралимпиада ойыншыларын өткен Пара ойындарындағы жарқын жеңістерімен құттықтады.

    Сіздердің бойларыңыздағы жанқиярлық рух пен жеңіске деген құштарлық миллиондаған адамдарды өмірдегі қиындықтарды еңсеруге және табысқа жетелейді. Сіздердің керемет спорттық өнерлеріңіз адамның ерік-жігерінің шексіз екенін паш етті. Сіздердің әрқайсыларыңыздың өмір жолдарыңыз – өскелең ұрпақ үшін шеберліктің, батылдықтың, сондай-ақ табандылықтың үлгісі. Онсыз, әрине жоғары спорттық нәтижелерге жету мүмкін емес, — деді премьер-министр.

    Әлихан Смайыловтың айтуынша, жетістікке жету жолында паралимпиадашыларға қолдау көрсеткен тәлімгерлер мен жаттықтырушылар да ерекше құрметке лайық.

    Сіздер табысқа жету жолында талмай күрестіңіздер. Азия Пара ойындарындағы бүгінгі жеңістер — болашақ Паралимпиада жетістіктері үшін маңызды қадам, — деді ол.

    Кездесуде Әлихан Смайылов Азия Пара ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, сондай-ақ оларды дайындаған жаттықтырушыларға мемлекет басшысының атынан алғыс хаттар мен естелік сыйлықтарын табыс етті. Қазақстанның Паралимпиадалық дзюдо федерациясы да президенттің алғыс хатымен марапатталды.

     

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *