• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Еуразия университетінде Сейдахмет Бердіқұлов атындағы аудитория ашылды

    Бүгін Астанадағы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғимаратында қазақ спорт журналистикасының негізін қалаушы, ел спортын насихаттауға телегей-теңіз еңбек сіңірген, Қазақстан спорт басылымдары қауымдастығының алғашқы президенті Сейдахмет Бердіқұлов атындағы аудитория ашылды.

    Сейдахмет Бердіқұлов атындағы аудиторияның ашылу салтанатына Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, мемлекет және қоғам қайраткері, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сауытбек Абдрахманов, ҰҒА-ның академигі Уәлихан Қалижан, спорт журналистикасының ардагері Несіп Жүнісбайұлы, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров, белгілі қаламгерлер Қыдырбек Рысбекұлы, Талғат Батырхан, «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қорының директоры Ринат Кертаев, QazSport телеарнасының директоры Нағи Бақытбек, Сейдахмет Бердіқұловтың жиені Мәди Әміржанов қатысты.

    Іс-шараны университет ректоры кіріспе сөзбен ашты. Содан кейін Сейдахмет Бердіқұловтың шәкірті Несіп Жүнісбайұлы мен «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қорының директоры Ринат Кертаев сөз сөйлеп, аудиторияның мәні мен маңызы туралы айтты.

    Ринат Кертаев аудиторияның ашылуына Altyn Qyran Foundation қоғамдық қоры мен оның басшысы Исламбек Салжановтың мұрындық болғанын, Сейдахмет Бердіқұлов сияқты қазақ спорт журналистикасының негізін қалаған көрнекті қаламгердің атындағы аудитория ашу аса зор құрмет екенін атап өтті.

    Аудиторияның бір жағы студия етіп жақсы безендірілген. Онда студия қонақтарымен сұқбат алуға, оны насихаттауға жағдай жасалған.

    Екінші жағынан аудиторияда қаламгердің өмірбаянынан сыр шертетін дүниелер қойылған бұрыш ашылған.

    Салтанатты іс-шара Сейдахмет Бердіқұловтың 90 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға ұласты.

    Сейдахмет Бердіқұлов – 1966 жылы Лондонға, 1970 жылы Мексикаға барып, футболдан әлем чемпионаты жайлы қалам тартқан алғашқы қазақ. Сондай-ақ ол 1970-1986 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің редакторы, 1986-1994 жылдары «Жалын», «Балауса» баспаларының директоры болды.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *