• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    azerisport.com

    «Жеңіс» футбол клубына жаңа бас жатттықтырушы келді

    Астана қаласының «Жеңіс» футбол клубына Грузия ұлттық құрама командасының бұрынғы ойыншысы Леван Коргалидзе бас жаттықтырушы болып тағайындалды.

    Леван Коргалидзе 1980 жылы туған. Ол –  Кеңес Одағы және Грузияның чемпионатында Тбилисидің «Динамо», Ланчхутидің «Гурия» мен басқа да көптеген клубтарында ойнаған әйгілі футболшы Отар Коргалидзенің ұлы. Леванның өзі Тбилисидің «Динамо», Ланчхутидің «Гурия», Кутаисидің «Торпедо» және басқа да Грузия мен шетел командаларында шабуыл шебінде ойнаған. Жаттықтырушы болып екі командада жұмыс істеген. Оның бірі – Тбилисидің «Сабуртало» клубы болса, екіншісі осы қаланың «Локомотив» командасы.

    Грузия маманы жаттықтырушылық мансабын 2017 жылы «Сабуртало» клубының жастар құрамасының жаттықтырушысы ретінде бастады. 2019 жылы ол турнир кестесінің соңында тұрған Тбилисидің «Локомотив» клубына ауысып, бұл команданы Грузия кубогының финалына шығарған. Оның жетекшілігімен команда  чемпионатты төртінші орынмен аяқтап, Еуропа турнирлеріне қатысуға жолдама алды.

    Келесі маусымда ол команданы Еуропа лигасында дебют жасап, үшінші іріктеу турниріне шығарды, – деп хабарлады «Жеңіс» футбол клубы.

    Клубтың жаңа бас жаттықтырушысымен кездесу 5 желтоқсанға жоспарланған. Сол кезде команда Түркияға алғашқы оқу-жаттығу жиынын өткізуге барады.

    Енді Астанада Қазақстан премьер-лигасында ойнайтын екі клуб болады. Оның бірі – биылғы маусымда бірінші лигадан келген «Жеңіс» болса, екіншісі – 2010 жылы құрылған «Астана» клубы.

    «Жеңіс» «Астана» деген атпен соңғы рет жоғарғы лигада 2008 жылы ойнады. Бұл клубтың аты бірнеше рет өзгерді. 2006 жылы «Астана» болып өзгеріп, 2009 жылы «Локомотив» болып құрылды.

    2010 жылы «Локомотив» жылдың соңында атын «Астана» болып өзгертті. Ал бұрынғы «Жеңіс» 2009 жылы бірінші лигада «Намыс» деген атпен ойнап, 2010 жылы оның аты «Астана» болып өзгерді. Сөйтіп, бірінші лигадағы «Астана», яғни «Жеңіс» клубының жалғасы болып есептелетін клуб бір қалада екі «Астана» командасы деп наразылық білдірді. Одан кейін бірінші лигадағы «Астана» атын «Астана-1964» клубы деп өзгертті.  Ал «Локомотивтің» орнына құрылған «Астана» жоғарғы лигада ойнады.

    Бірінші лигадағы «Астана-1964» командасы 1964 жылы Целиноградта құрылған. Сол кезде «Динамо» клубы құрылды. Ол команда 1975 жылдан бастап «Целинник» болып аталды. 1994-1995 жылдары «Цесна» болды. 1996 жылы қайтадан «Целинник» болып атын өзгертті. 1997 жылы жылдың ортасында «Астана» болып құрылды. 1999 жылы «Жеңіс» командасы болып жасыл алаңға шықты.

    Команда кезінде КСРО-ның екінші лигасында ойнаған. Қазақ КСР кубогын 1968 және 1986 жылдары жеңіп алған. 1973 пен 1985 жылдары Қазақ КСР кубогының финалисі болған.

    Бұл клубта 1955 – 1960 жылдары Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы, 1960 – 1961 жылдары Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің төрағасы болған мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеневтің немере інісі, Ақмола облысының Астрахан ауданының тумасы Сәлім Тәшенев ойнаған. Ол 1980 – 1996 жылдары «Целинник» командасында доп тепкен. Көзкөргендердің айтуынша, ол клубтың аңызы еді.

    Сәлім Тәшенев 1956 жылы туған. 2007 жылы қайтыс болды.

    2014 жылы «Астана – 1964» деп аталған клуб таратылды. Клуб 2021 жылы қайта жанданды.

    2003 жылы «Жеңісте» Қазақстан ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Магомед Адиев ойнаған.

    «Жеңіс» үш рет 2000, 2001 және 2006 жылы Қазақстан чемпионы болған. Ал «Астана» жеті рет ел чемпионы атанған. Бұл команда чемпионатты 2014 пен 2019 жылдары және 2022 жылы жеңіп алды.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *