• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Талғат Қазанғапов

    Нысана көздеу: Әсем Орынбай — Әлем кубогының иегері!

    Әсем Орынбай Катардың астанасы – Доха қаласында нысана көздеуден өтіп жатқан Әлем кубогының финалында алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

    Ұлттық құрама спортшысы стенд атудың скит бағдарламасында финалға шығып, 51 балл жинады. Кьяра Ди Марциантонио (Италия) 50 нысананы дәл көздеп күміс жүлдеге ие болса, қола медаль Дания Джо Вицциге (АҚШ) бұйырды. Бұл сында үш дүркін Олимпиада чемпионы Кимберли Роуд (АҚШ) жүлдеге бір табан жетпей қалды (34 ұпай).

    23 қарашада Әсем Орынбай алғашқы іріктеуден кейін 72 ұпаймен көш басына шыққан еді. Ал кеше 44 балл алып, финалға 6-орынмен (116 ұпай) жолдама алды. Қазақ мергені қазір ISSF рейтингінде 7-орында келе жатыр.

    Өте бақыттымын. Бүгін күн райы қолайлы болды деп айта алмаймын. Сәт сайын жел тұрып, «тосын сый» жасап жатты. Соған қарамастан үздік шықтым. Бұл осы маусымдағы соңғы жарыс. Бар ойым лайықты өнер көрсету болды, — деді Әсем Орынбай финалдан кейін Халықаралық нысана көздеу федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

    Биылғы маусымда Әсем Орынбай әр жарыста бірнеше рет жеңіс тұғырына көтерілді. Атап айтар болсақ, мамырда Алматыда өткен рейтингтік Әлем кубогында жекелей сында топ жарып, ізін ала әріптесі Эдуард Ещенкомен бірге күміс жүлдегер атанды. Одан кейін жазда Лонатодағы (Италия) Әлем кубогында аралас жұптар арасында (Эдуард Ещенкомен)  үшінші орын алған.

    Халықаралық нысана көздеу федерациясы (ISSF) мұндай финалды араға 4 жыл салып ұйымдастырып отыр. Бәсекеде 42 елден келген 179 үздік мерген бақ сынап жатыр.

     

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *