• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Нұрлан Құмар

    Кітап көрмесі – «көңіл көкжиегі». «Қасқырлар патшайымы» кітабы арнайы дипломға ие болды

    Алматыдағы «Атакент» кешенінде Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Ұлы Жібек Жолымен-2023» атты халықаралық ХІ кітап және полиграфия көрмесі өз мәресіне жетті.

    Іс-шара аясында әртүрлі баспалар, компаниялар, университтер әртүрлі тақырыпта мерекелік кештерді өткізді. Үш күнге созылған іс-шарада Қазақстанның, Ресейдің, Қырғызстанның, Өзбекстанның және Әзірбайжанның жетекші баспалары, полиграфиялық кәсіпорындары мен кітапханалары, сондай-ақ Алматыдағы Түркия, Қытай, Иран елдерінің өкілдері мен Мәдениет министрлігінің Баспа-полиграфия департаменті қатысты.

    Іс-шарада әріптестік байланыс жөніндегі шарттар жасалып, ол шарттың негізінде кітап индустриясы саласын дамытудың жаңа перспективалары айқындалды. Қалай дегенмен, «Ұлы Жібек жолымен» көрмесінің маңыздылығы тек баспагерлер үшін ғана емес, сонымен қатар қарапайым оқырмандар үшін де пайдалы болғаны сөзсіз. Бұл күні алыстан ат арытып келген меймандар, қала тұрғындары да көп жиналды. Талғамы биік оқырмандар өздерінің сүйікті баспаларының өкілдерімен емен-жарқын сұхбаттасу мүмкіндігіне ие болды. Қонақтар мен делегация мүшелері кең сарайдай көрме залына жағалай орналасқан баспалардың өнімдерін тамашалады.

    Үш күнге жалғасқан көрме аясында «Ұлттың интеллектуалдық деңгейін көтерудегі кітаптың рөлі» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік конференция, мемлекет тарапынан шыққан кітаптар насихатталды. Әртүрлі аталымдар бойынша баспагерлерді, баспа ісімен айналысатын ұйымдарды марапаттау рәсімдері өткізілді.

    ХІ халықаралық кітап және полиграфиялық көрме аясында белгілі қаламгерлермен және жас авторлармен кездесулер өткізіліп, жаңа туындылар ұсынылды. Балалар жылы аясында жасөспірімдердің шығармашылығын әдеби ойындар мен жұмбақтар, өлең оқу арқылы қолдауға арналған балалар бағдарламасы жоспарлануда. Оның басты қонағы Қытайдан келген атақты балалар жазушысы, «Hebei Juvenile and Cgildren’s Publishing House Co., Ltd» компаниясының бас редакторы Сунь Чжожань болды.

    Іс-шарада көптеген баспалардың кітаптары бағаланды. Соның ішінде «Шығыс әдебиеті» баспасынан шыққан «Қасқырлар патшайымы» кітабы арнайы дипломмен марапатталды.

    Сонымен қатар «Атакент-Экспо» халықаралық көрме компаниясы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Алматы қаласы әкімдігінің, «Қазақстан Республикасының  Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы» РММ-нің және «Қазақстан баспагерлер, полиграфистер және кітаптаратушылар Ассоциасиясымен» БПКА ресми қолдауымен «Атакент» көрме орталығы ХХІІ Қазақстандық «Білім және мансап – 2023» халықаралық көрмесін өткізді.

    Жиырма екі жылдан бері «Білім және мансап» көрмесі білім берудің барлық деңгейіндегі жетістіктерді, заманауи оқыту технологияларын, оқу жабдықтарын, жаңа білім беру бағдарламаларын көрсетіп, дарынды жастарды үздік оқу орындарымен байланыстырды. Биылғы жылы алыс-жақын көптеген  шетелдің оқу орындарының өкілдері атап аййтқанда Қазақстан, Ресей Федерациясы, Беларусь, Үндістан, Польша, Иран, Словакия, Чехия, Түркия келушілерді әлемнің әртүрлі елдерінің білім беру жүйелерімен таныстырып, оларға Қазақстандағы және шетелдегі ең жақсы білім беру бағдарламасын таңдауға көмектесті. Солардың ішінде Торун қаласындағы WSB Merito университеті (Польша, Торун), Прагада (Чехия, Прага) VERTEX SCHOOL Foundation тіл курстары, Философ Константин сияқты алыс шетелдердің оқу орындарының көрмесіне қызығушылықтың артқанын атап өту маңызды. Сонымен қатар Нитра университеті (Словакия, Нитра), Perspektywy Education Foundation (Польша) және басқа да жоғары оқу орындары қазақстандық жастарды қабылдауға сақадай-сай дайын болып отыр.

    Сонымен қатар Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Ұлы Жібек Жолымен-2023» атты халықаралық ХІ кітап және полиграфия көрмесі де жалғасын тапты. Іс-шарада әртүрлі баспалар, компаниялар, университтер әртүрлі тақырыпта мерекелік кештерді өткізді.

    Қазақстанда заманауи кітаптардың кең таралуына ықпал ету, отандық кітап индустриясы мен кітап нарығындағы отандық тауар өндірушілердің позицияларын нығайту, сондай-ақ полиграфия, кітап шығару және кітап өндірісіне жаңа технологияларды енгізу мақсатында өткізілген көрменің ашылу салтанатында Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Жүдебаев жүрекжарды лебізін білдірді.

    Түркістан қаласында өткен Ұлттық Құрылтайдың екінші отырысында мемлекет басшысы кітап саласын дамытуға ерекше тоқталды. Президент отандық кітап өнімдерін шығаруды арттыру бойынша нақты міндеттер қойды. Мемлекеттік тапсырыс бойынша министрлік 2022 жылы 506 мың дана таралыммен 188 әдеби туындыны жарыққа шығарды. Ал 2023 жылы 295 мың дана таралыммен 101 әдеби кітап шығады деп жоспарлануда. «Жаңа қазақ әдебиеті» жобасы аясында бұрын еш жерде жарияланбаған туындыларды жариялап жатырмыз. Атап айтқанда, 2022 жылы жалпы таралымы 30 мың дана болатын 10 әдеби туынды жарық көрген болса, биыл тағы 14-і 42 мың дана таралыммен басылады. Олардың барлығы еліміздің кітапхана қорын толықтырады, – деді ол.

    Іс-шарада «Шығыс әдебиеті» компаниясының ұйымдастыруымен «Девочка идет вперед» кітабының ресми тілде шығарылған нұсқасының тұсаукесерін өткізді. Елімізге білгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, журналист-жазушы, бірнеше кітаптардың авторы Саят Қамшыгер тұсаукесерді жүргізіп отырды. «Hebei Juvenile and Children’s Publishing House Co., Ltd.» компаниясының бас редакторы Сунь Чжожань кітапта жазылған негізгі мәселелерге ерекше тоқталды.

    «Девочка идет вперед» кітабының авторы Жуань Мэй шығарманы қалай жазғандығын, көркем туындыны бейнелеп суреттеуге не түрткі болғанын және алдағы уақытта атқарылар жоспарларымен бөлісті. Қазақстан кітап палатасының басшысы Әділ Қойтанов достықта шекара болмайтындығын, көршілес қос елдің қаламгерлері әрдайым бас қосып, бір-бірінен үйренетіні көп екендігін тілге тиек етті.

    Қытайдың Алматыдағы консулдығының бас консулы Цзян Вэй Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық барлық салада күшейіп келе жатқандығын, қос мемлекеттің қаламгерлерінің ұқсас тұстары көп екендігін атап өтті.

    Жиында оқырмандар өздерінің толғандырған мәселелері бойынша сұрақтар қойды. Оқырмандардың сұрағына кітап авторы Жуань Мэй нақты әрі тұщымды жауап берді. Кітап авторының пайымымен ең жақсы сұрақ қойылған оқырманға «Девочка идет вперед» кітабын сыйға тартып, жүрекжарды лебізін білдірді. Аталмыш шара аясында оқырмандар мен қала қонақтары «Шығыс әдебиеті» және «Шанс» баспасы шығарған кітаптарға жоғары бағасын берді. Тұсаукесерге елімізге танымал қоғам қайраткерлері мен ақын-жазушылары қатысты. Сонымен қатар көптеген баспалар елімізге танымал және әдебиет майданына жаңадан қосылған қаламгерлерің кітабының тұсауын кесті.

    «Білім және мансап» көрмесі 22 жыл бойы Қазақстанның, алыс және жақын шет елдердің білім мекемелеріне заманауи оқу технологияларын, жаңа оқу бағдарламаларын, оқу құралдарын ұсыну мүмкіндігін беріп келеді. Өзім осы көрмеге жылда қатысамын. Бұл шара жастардың рухани жағынан өсуіне мол септігін тигізеді. Көптеген баспалар осы көрме арқылы кітаптарын насихаттауына мол мүмкіндік алады. Әрі халықтың кітапқа деген қызығушылықты арттырады, – деді «Көршілес» журналының бас редакторы Гүлнұр Қыранбай.

    Иә, көз жетпейтін жерге ұшқыр ой жететіні айдан анық. Ойдың жүйріктігін жетілдіретін де, ұтқырлығын оздыратын да, сөзге шешендігін шынықтыратын да – кітап екені белгілі.

    Халықаралық кітап және полиграфия көрмесінде халықаралық және мәдени ынтымақтастықты дамыту, алдыңғы қатарлы технологиялар мен баспа саласындағы дүниежүзілік тәжірибелерді қамту, жетістіктер мен инновацияларды көрсетуге баса мән берілді.

    Кітап оқу – рухани кемелдікке бастайды. Болашақ қоғамның мәдениет деңгейінің көрсеткіші де – кітап оқу деп айтар едім. Өзім бала кезімнен кітапқа құмар болып өстім. Көркем әдебиеттің тәрбиелік, танымдық және эстетикалық мәні зор. Сонымен қатар көркем әдебиеттер адамның қоғам мен табиғат өмірін, адамдық сезім мен қарым-қатынас әлемін ашып, түсіндіреді. Өзім басқаратын компанияда көптеген әдеби-көркем және танымдық кітаптар жиі шығып тұрады. Ең бастысы біз Қазақстан мен Қытай жазушыларының кітаптарын аударамыз. Қос мемлекеттің қаламгерлерін бір-біріне таныстырып, рухани тұрғыдан байланыс орнатамыз. Ең бастысы біз халыққа қызмет етіп, халық сұранысына сай кітаптарды да шығарып келеміз, – деді «Шығыс әдебиеті және өнері» Баспа компаниясының басшысы Жеңіс Омаров.

    Сондай-ақ көрменің іскерлік бағдарламасы аясында Қазақстанның және алыс-жақын шетелдердің жетекші университеттерінде презентациялар, семинарлар, тестілеу және біліктілікті арттыру конкурстары өтті. Іс-шара аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық тестілеу орталығы мектеп, лицей, колледж түлектері үшін ҰБТ бағдарламасы бойынша тегін сынақ тестілеуін өткізді.

    Көрмеге бітірушілер, талапкерлер, студенттер, олардың ата-аналары, сондай-ақ көрменің үш күні ішінде Қазақстандағы және шетелдегі бакалавриат және МВА бағдарламалары, тіл курстары туралы білуге бірегей мүмкіндігі бар сала мамандары қатысты, бизнес-бағдарламалар мен оқыту жүйелері, жетекші университеттер мен үздік бизнес мектептерінің өкілдерімен жеке сөйлесу мүмкіндігі, осы елдердегі университеттерге түсу талаптары, оқу ақысы, шәкіртақылар мен гранттар және басқа да елімізде және шетелде білім алудың ең тиімді де қызықты ұсыныстары туралы толық ақпарат алуға көмектесті. Осылайша, көрме көрме жұртшылықтың назарының ошағына айналып, оқу орындарының өзін танытуына, тәжірибе алмасуына зор мүмкіндік берді. Ал көрме жастар үшін олардың жан-жақты дамып, жаңа сапалы қадам жасауға жол ашты. Көрмеге ұйымдастырушылары мен қатысушылары келушілер арасында бағалы заттар мен сыйлықтардың эксклюзивті ұтыс ойынын өткізді.

    Ал,«Ұлы Жібек Жолымен – 2023» халықаралық көрмесінің қорытынды үшінші күнінде 2021-2023 жылдары жарық көрген кітаптар арасындағы байқаудың қорытындысы шығарылды. Жеңімпаздар жеті номинация бойынша, атап айтқанда «Жыл кітабы», «Үздік көркем әдебиет. Проза», «Үздік көркем басылым. Поэзия» «Үздік танымдық басылым», «Балалар мен жасөспірімдерге арналған үздік көркем-танымдық кітап», «Ел туралы үздік фотоальбом: тарихы, мәдениеті, географиясы» және «Үздік аударма басылым» бойынша үздіктерді анықтады.

     

    Нұрлан ҚҰМАР,

    АЛМАТЫ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *