Футболдан ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы, ресейлік маман Магомед Адиев әлі Қазақстан азаматтығын алатын ойы жоқ екенін ашып айтты.
Ол Еуропа чемпионатына жолдама беретін матчтар аяқталған соң, Қазақстан футбол федерациясынан келісімшартты ұзарту туралы ұсыныс түспесе, өз Отаны – Ресейге қайтып кететінін жасырмады. Оның айтуынша, бар мәселе Қазақстан азаматтығын алуға тіреліп тұрған жоқ. Ол Қазақстанды Еуро-2024 турниріне шығарып, отандастарымызға үлкен сый жасағысы келеді. Бірақ бәрін уақыт көрсетеді.
Қазір азаматтықты талқылайтын уақыт емес. Біз алдымен Еуропа чемпионатына жолдама алуды ойлауымыз керек. Әрі қарай ен болатынын уақыт көрсетеді. Алайда мен Қазақстан азаматтығын аламын деп айта алмаймын. Менің өз Отаным бар. Ол – Ресей.
Қазір бізге ойындарға дайындалу қажет. Менде де, Қазақстан футбол федерациясында да азаматтығыма қатысты мәселе тіреліп тұрған жоқ. Иә, азаматтық туралы сөз болған. Қай кезде болғанын ұмытып қалыппын, — деді ол.
Ол азаматтық туралы ойламайтынын айтты.
Мен — өз елімнің азаматымын, Грозныйда туғанмын. Сол жерде туып-өстім, енді қарттықты да сол жерде қарсы алуым керек шығар. Қалай ойлайсыз?!, — деді ол Sport24-ке.
Сонымен бірге ол Ресей мен Қазақстанның футболын салыстырып, екеуінің арасы жер мен көктей екенін тілге тиек етті. Оның пікірінше, Санк-Петербургтің «Зенит» клубы премьер-лигада ойнаса, сөзсіз қатарынан он дүркін ел чемпионы болар еді. Ресейде футбол жақсы дамып жатыр. Ондағы инфрақұрылым Қазақстандағы стадиондар мен басқа да футбол алаңдарынан мың есе артық.
46 жастағы ресейлік маман 2022 жылдан бері еліміздің бас командасын жаттықтырып келеді. Сол кезден бері Адиевтің жасақтап келе жатқан ұлттық құрама халықаралық аренада лайықты өнер көрсетіп жатқанын айту керек.
Қазір Қазақстан ұлттық құрамасы Еуропа чемпионатына жолдама беретін матчтарға дайындықты бастап кетті. Еліміздің бас командасы оқу-жаттығу жиынын Түркияда емес, Біріккен Араб Әмірліктерінде өткізетін болып шешілді.
Құрама команда БАӘ-де 8 наурызда жиналып, 14 наурызда Түрікменстан құрамасына қарсы жолдастық матч өткізеді.
Қазақстан құрамасы Араб Әмірліктерінде Еуропа чемпионатына Ұлттар лигасы арқылы берілетін жолдаманы алу үшін дайындалады.
21 наурызда «Төрттік турнирінде» сырт алаңда Грекиямен матч болады. Екінші жартылай финалда Грузия мен Люксембург кездеседі. Осы матчтарда жеңген командалар бір-бірімен финалда кездесіп, ойынды жеңген құрама Еуропа чемпионатына жолдама алады. Егер Қазақстан құрамасы Грекия командасын жеңсе, онда өз алаңында Грузия-Люксембург матчында жеңген жасақпен кездеседі. Бұл мүмкіндік еліміздің бас командасына 2022-2023 жылдардағы маусымда Ұлттар лигасындағы С тобында 1-орын алғаны үшін беріліп отыр.
Жақында Францияның Париж қаласында өткен 2024-2025 жылғы UEFA Ұлттар лигасының жеребесі болғанда ұлттық құрама В лигасында Аустрия, Норвегия, Словения құрамаларымен бірге бір топқа түсті.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА