• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Несіп Жүнісбайұлының жеке архивінен

    Болмаған сайлаудың қорытындысын бір апта бұрын жариялау — қиянат!

    Кеше белгілі жазушы, публицист, Қазақстан Републикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт қайраткері Несіп Жүнісбайұлының Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті қызметіне бірнеше атақты спортшылардың лайық екенін айтып, SportPress.kz ақпараттық-сараптамалық спорт сайтына хат жолдаған болатын.

    Бүгін қаламгер ҰОК президентігіне сайлау туралы тағы  бір пікірін жазып, хат жолдады. Оқырманға осы хатты жариялауды жөн көріп отырмыз.

    … Мына екі-үш жазбамнан кейін маған біраз адам хабарласты: «Несіп,сен далаға сөйлеп жатырсың, бар мәселе шешіліп қойған!» деді. Астапыралла! Сайлау болған жоқ, Тимур Құлыбаев орнын берген жоқ, сонда ол қалай біткен шаруа болады? Өлмеген адамды көму, болмаған сайлаудың қорытындысын бір апта бұрын жариялау — ҚИЯНАТ қой!

    Демократияға бет алған адал, әділетті қоғамда бәрі ашық орындалуы керек емес пе? Жарайды, қайта сайланғанына жыл да толмаған Құлыбаевтың орнын босатуы орынды дейік, бірақ оның орнына осы саладағы ел білетін, ел бағалайтын бірнеше адам өздерін осы қызметке ұсынып, бағдарламаларын талқылауға жариялап, содан соң атаулы күні САЙЛАУҒА түспей ме екен?! Серік ҚОНАҚБАЕВ та, Дәулет ТҰРЛЫХАНОВ та, Ислам БАЙРАМУКОВ те, Серік СӘПИЕВ те бұл қызметке әбден лайық және мен атамаған қаншама лайықты тұлғалар бар — Бақтияр АРТАЕВ, Асқар ОРАЗАЛИНОВ, Ермахан ИБРАИМОВ, Асхат ЖИТКЕЕВ, Асхат ШАХАРОВ, Нұрбақыт ТЕҢІЗБАЕВ, Ұлан РЫСҚҰЛ, Диас ДОСҚАРАЕВ… Тәуба, спорттағы тұлға болуға лайық жігіттер баршылық. Ал, осындай маңызды мәселе спортшы қауым арасындағы кең ТАЛҚЫЛАУға неге түспеді? Кім ол шешімді көпшілікке салмай қабылдай салған? Мұны ел президентіне жеткізу керек. Жас Үкімет шаруашылықпен айналысқаны жөн,еліміздің Парламенті мұны бір талқылап алса нұр үстіне нұр болар еді. Сонымен қатар, осы салаларға үнемі назар салып отыруға тиіс мемлекеттік хатшы да мәселенің мән-жайынан қабардар болып, өз ықпалын тигізгені жөн.

    …Маған «Далаға сөйлеп отырсың…» дегендердікі бекер болар. Әділетті демократиялық ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН құрамыз деп жатқан елде ондай ойланбаған шешім бола қоймас. Бір адамның айтқаны түкірігі жерге түскенше орындала беретін заманнан өттік,барлық шешім заң аясында шешіледі деп Президентіміздің өзі айтқан жоқ па?! Олай болса, еліміз үшін ерекше маңызды қызмет боп табылатын ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенттігін сайлау да сол әділетті Заң мен сол салаға байланысты Ереже аясында өтеді деп күтейік.

     

    Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ,

    спорт журналисі, жазушы, спорт қайраткері

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *