• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Instagram.com/boxingkazakhstan/

    Лицензиялық турнир: Айбек Оралбай шаршы алаңда атой салып жүр

    Бокстан Италияның Бусто-Арсицио қаласында жалауын көтерген лицензиялық турнирде Қазақстан боксшыларының алды ширек финалға шығып үлгерді.

    Солардың арасында көптен бері халықаралық аренаға шыға алмай жүрген 92 келі салмақтағы Айбек Оралбай алдына келген қарсыластарын құлатып, ширек финалға шықты. Ол 1/8 финалда әлем чемпионатының күміс жүлдегері, тәжірибелі эквадорлық былғары қолғап иесі Хулио Кастильо Торрестен айқын басымдылығын танытып, 5:0 есебімен женді.

    Осы жекпе-жектік алдында Оралбай 1/16 финалда Оңтүстік Корея елінің спортшысы Ханеул Жангпен кездесіп, қарсыластан қарағанда өзін жинақы да жігерлі, шымыр да шыдамды екенін көрсетіп, шапшаң қимылдарымен соққыларды дәл тигізіп, төрешілер тарапынан тиісті бағасын алып, жеңіске жетті.

    Енді Айбек Оралбайдың келесі қарсыласы АҚШ-тың талантты спортшысы Джамар Таллей болады. Екеуі бүгін рингке көтеріледі.

    Айбектің сыңары – Нұрбек Оралбай да турнирді жақсы бастады. Лицензиялық турнирде 80 келіде күш сынасып жатқан әлем чемпионы 1/16 финалда Того мемлекетінің спортшысы Прева Падабадиді 5:0 есебімен жеңді.

    Қара күштің иесі Прева Падабади ауыр соққыларға иек артқанымен, тәжірибелі отандасымыз техникалық шеберлігімен айласын асырып кетті.

    1/8 финалда Нұрбек Оралбай 2021 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алексей Алфёровпен жұдырықтасады.

    Тағы бір боксшымыз 57 келідегі Махмұд Сабырханның да аяқаласы жаман емес. Ол да ширек финалға алғашқылардың бірі болып шықты. Былтыр Ташкентте өткен әлем чемпионатын жеңіп алған боксымыз бұл жолы да жолынан жығылмады. Сабырхан Азия чемпионатының күміс жүлдегері Сапавут Сукзетті 3:2 есебімен жеңіп, ¼ финалға жолдаманы қалтасына басты.

    Бұл жекпе-жекте Сабырхан айла-тәсілмен жеңді десе болады. Таиланд боксшысы алғашқы раундта қолының ұзындығын пайдаланып, соққылар жасағысы келгенімен, оған Махмұд еш мүмкіндік бермеді. Сабырхан қорғанысқа көңіл бөліп, жақын қашықтықта Сукзеттен айласын асырып кетті.

    Бұл екеуі рингте бірінші рет кездескен жоқ. Олар былтыр 22 жасқа дейінгі Азия чемпионатының финалында шаршы алаңға шыққанда Махмұд Сабырхан жеңіске жеткен еді.

    71 келіде әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов те жанкүйерлерін бір қуантып тастады.

    Команда капитаны 1/16 финалда Токио Олимпиадасының қатысқан боксшы Дамиан Дуркачты (Польша) 4:1 есебімен жеңді.

    Жеңіс жүрген жерде жеңілістің болатыны жасырын емес. Өкінішке қарай, 63,5 келідегі Мұхаммедсабыр Базарбайұлы 1/16 финалда Еуропа чемпионы Радослав Росеновқа қарсы лайықты жұдырықтасқанымен, төрешілер жеңісті Болгария өкіліне берді. Сөйтіп, ол ерлер арасында жарысты аяқтады. Ұлты қырғыз боксымыз жарасты жақсы батап еді. Екінші жекпе-жегінде қарсыласы одан айласын асырып кетті.

    Әйелдер боксынжа әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері Алуа Балқыбекова жаңа 50 келі салмақтағы бірінші жекпе-жегінде жеңіске жетті.

    28 жастағы отандасымыз Чехияның жас боксшысы Клаудиа Тотовамен кездесіп, 3 раунд бойы айқасты өз бақылауында ұстады. Оның қарсыласы бесінші бұрышты іздеп, соңында Балқыбаеваның соққыларына шыдамай, жеңілді. Қорытынды есеп — 5:0.

    Осы жерде айтатын бір нәрсе, Алуа Балқыбекова бірінші мәрте Олимпиада жолдамасына таласып жатыр.

    Бұл салмақта Париж Олимпиадасының төрт жолдамасы беріледі.

    Енді отандасымыз бүгін тағы да шаршы алаңға шығады. Ал Наталья Богданова мен Жайна Шекербекова жарысты аяқтауға мәжбүр болды.

    66 келідегі Наталья Богданова әуелі Аргентина спортшысы Лорена Соледад Бальбуэнаны 4:1 есебімен жеңген еді. Одан кейін 1/8 финалда Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері Анета Ригельскаға 1:4 есебімен жол берді.

    54 келідегі тәжірибелі спортшымыз Жайна Шекербекова 1/16 финалда Нигерия өкілі Шукура Каримнен 1:4 есебімен есе жіберді.

    Бұған дейін хабарланғандай, 60 келідегі Римма Волосенко төртінші жекпе-жегінде Словакия спортшысы Мирослава Жединаковаға төрешілер шешімімен жеңілген болатын.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *