• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Сали Сабиров

    Спаррингтік турнир: бүгін боксшылар жеті жекпе-жекке шығады

    Бүгін Астанада бокстан өтіп жатқан спаррингтік турнирде жартылай финалдың жекпе-жектері болады. Шаршы алаңға 54, 63,5, 66 және 75 келі салмақтағы боксшылар шығады.

    Алдымен 63,5 келіге дейінгі салмақтағы былғары қолғап иелері күш сынасады. Бірінші жекпе-жекте Мұхаммедсабыр Базарбайұлы мен Жандос Қарабалиев қолғап түйістіреді. Мұхаммедсабыр кеше ширек финалда Ертуған Зейнуллиновты жеңген. Ал Жандос спаррингке екінші айналымнан қосылып отыр.

    Серік Теміржанов мен Дулат Бекбауов та бірінші жекпе-жектерін өткізеді.

    Қыздар арасында 54 келі салмақта Ұлжан Сәрсенбек мен Жайна Шекербекова рингке шығады. Кеше екеуі де қарсыластарын қиналмай жеңді. Ұлжан Элина Базаровадан 5:0 есебімен басым түсті. Жайна да Балауса Мұздыманнан 5:0 есебімен айласын асырды.

    Содан кейін Сымбат Әлиасқар мен Әнел Сақыш финалға жолдама үшін бокстасады.

    Кеше Сымбат ¼ финалда әлем чемпионы, Қазақстанның 9 дүркін чемпионы Дина Жоламанды жолда қалдырды. Ол 31 жастағы тәжірибелі боксшыны жеңіп, сенсация жасады. Әнел Сақыш болса, Сәния Сұлтанқызын төрешілердің шешімімен жеңді.

    66 келіде  Милана Сафронова мен Наталья Богданова қолғап түйістіреді. Наталья Богданова Рио Олимпиадасының жүлдегері, Азия чемпионы Дариға Шәкімовадан басым түсіп, ½ финалға шықты. Милана Сафронова турнирге екінші айналымнан қосылып отыр.

    Лаура Есенгелді мен Жасмин Қизатова да алғашқы жекпе-жектерін өткізеді.

    75 келіде Гүлсая Ержан мен Жібек Жарасқызы рингке көтеріледі.

    Кездесулерді 16:00-де Qazsport арнасы тікелей эфирден көрсетеді.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *