17 жастағы теннисші Соня Жиенбаева Түркияның Анталия қаласында өткен ITF W15 турнирінің финалында жеңіске жетіп, жеңімпаз атанды, деп хабарлады Қазақстан теннис федерациясы.
Дүниежүзілік рейтингіде 1 246-орында тұрған теннисші әлемнің 525-ракеткасы, түркиялық Йорук Илаймен бас жүлдені сарапқа салды.
Жиенбаева тартысты өткен ойында қарсыласын 7:6 (7:4), 6:4 есебімен жеңді. Осылайша, Соня Жиенбаева ересектер арасында ITF жарысындағы алғашқы титулын иеленді.
Бүгін мен үшін осы маусымдағы маңызды күн деп есептеймін. Апта бойы қиын матчтар өткіздім. Психологиялық жағынан да дайын болғаныма өте қуаныштымын. Бәріңізге қолдауыңыз үшін алғыс айтамын, — деді Жиенбаева.
Соня жасөспірімдер арасында әлемдік рейтингіде 31-сатыда тұр. Ал WTA рейтингісінде 15 сәуірде 1 000 теннисшінің қатарына кіреді.