• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    olympic.kz

    ХОК Головкинге қолдау көрсететінін айтты

    Бүгін Швейцарияның Лозанна қаласында Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің Халықаралық Олимпиада комитетіне ресми іс-сапары аяқталды, деп хабарлады Olympic.kz. 

    Сапардың соңғы күні ҰОК президенті Геннадий Головкин бастаған делегация ХОК басшысы Томас Бахпен кездесті.

    Кездесуде Қазақстан мен ХОК арасындағы әріптестікті нығайту мәселесі әңгіме болды.

    Бах ҰОК президенті Геннадий  Головкинді жауапты қызметке сайлануымен құттықтап, Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің жаңа басшылығына ХОК қолдау көрсететінін айтты.

    ҰОК басшысы өз кезегінде жаңарған команданың алдағы мақсаты мен міндетін айтып, халықаралық әріптестік пен атлеттерді қолдау бағдарламаларына ерекше тоқталып өтті.

    Геннадий Головкин ҰОК-тің Халықаралық Олимпиада комитетіне сенімді серіктес болып қалатынын және ұйымның барлық бастамаларын, оның ішінде, спортшылар құқығын қорғауға арналған ұсыныстарды әрдайым қолдайтынын айтты.

    Тараптар олимпиадалық күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді және Олимпиадалық қозғалысты дамыту жұмыстарын, оның ішінде, қозғалысты Орталық Азия аймағында дамыту мәселесін талқылады.

    Кездесуден соң Геннадий Головкин атақты спортшылардың ұйымның штаб-пәтеріне келгенде қолтаңба қалдыратын олимпиадашылар қабырғасына қол қойды.

    Халықаралық Олимпиада комитеті мен арнайы Томас Бах мырзаға бізге шақырту жіберіп, жылы қарсы алғаны үшін барша командамыздың атынан алғыс айтамын.  Бұл кездесу ортақ мақсат жолында біріккен екі ұйым арасындағы берік әрі сенімді әріптестіктің бастауы боларына күмәнім жоқ, — деді Головкин.

    Кездесуге ХОК директоры Джеймс Маклод, ХОК-тің ҰОК-термен қарым-қатынас жөніндегі директорының орынбасары Ольвие Ниамка мен Қазақстан ҰОК бас хатшысы Жанар Өтешева да қатысты.

    22-23 мамыр күндері Лозаннада өткен іс-сапар барысында ҰОК делегациясы ХОК қызметі және департаменттері басшыларымен бірқатар кездесу өткізіп, екі ұйымның қарым-қатынасына байланысты маңызды мәселелерді талқылады.

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *