2013 жылы бокстан Атырауда өткен Қазақстан чемпионатында Асланбек Шымбергенов 64 келіде бақ сынап, екінші орын алды. Содан кейін ол ұлттық құрамаға алынып, шетелдегі сайыстарда ел мерейін асқақтатты.
2014 жылы Таразда ел чемпионы атанды.
2016 жылы Рио Олимпиадасына қарағандылық Абылайхан Жүсіпов қатысты. Олимпиадаға бармаса да А.Шымбергенов бокстан кетпеді. Қайта ол Олимпиадаға қалайда қатысамын деп өзіне жоспар қояды.
2017 жылы Талдықорғанда өткен ел чемпионатында алтын медальді жеңіп алып, екінші мәрте Қазақстан чемпионы атанды.
2018 жылы Индонезияның Жакарта қаласында жалауы желбіреген жазғы Азия ойындарында күміс, төрт жылдан кейін Қытайдың Ханчжоу қаласында үшінші орын алды.
2022 жылы Азия чемпионатында 71 келіге ауысып, алтын медальге ие болды. Бұл — оның карьерасындағы алғашқы алтын жүлдесі еді.
2020 жылы Токио Олимпиадасына бара алмай елде қалып, кәсіпқойға кетсем бе деген ой келеді. Бірақ жеке жаттықтырушысы Ермек Ертаевпен ақылдасып, әуесқой бокста қалып, әлем чемпионатына және Олимпиадаға қатысайық деп жоспар құрады.
Кезінде Абылайхан Жүсіповті құрамада сүйреп жүрді. Гамбург-2017, Екатеринбург-2019, Белград-2021 жылдары өткен үш бірдей әлем чемпионатында Абылайхан Жүсіпов үш мәрте қола медаль алды. А.Жүсіпов қола жүлдеден аса алмады. Жүсіпов Рио-2016, Токио-2020 Олимпиадасына қатысып, жүлде ала алмай қалды. Жүсіпов кейін кәсіпқойға ауысты.
Бокстан ұлттық құраманың жаттықтырушылары Асланбекке сеніп, оны капитан етіп сайлайды. Бір кездері Жүсіповтің көлеңкесінде қалып жүрген Шымбергенов енді құрамада бірінші нөмірлі спортшы болады.
2023 жылы Ташкентте өткен әлем бчемпионатында 71 кг салмақта А.Шымбергенов чемпион атанады. Финалда өзбек өкілі Сайджамшит Жафаровты айқын басымдықпен жеңді.
Биыл Италияда өткен әлемдік лицензиялық турнирде Париж Олимпиадасының жолдамасын алды. Ол өзінің тоғыз жыл күткен Олимпиадасына баратынына, арманының орандалатынына сенді. Сол мақсатына жетті. Енді Парижден жеңуді ғана ойлауы керек.
Біз Шымбергеновке сенеміз. Франция астанасында көк туымызды желбіретіп, әнұранымызды шырқатуын тілейміз!
Айбек МҰХАНОВ,
АҚТАУ