Көркем жүзуден Канаданың Маркем қаласында өтіп жатқан Әлем кубогы кезеңінде Қазақстан спортшыларының қоржыны тағы бір алтын жүлдемен толықты.
Виктор Друзин ерлер арасындағы еркін бағдарламада жеңіске жетті. Ол 193.7938 ұпай жинады.
Күміс медальді Италия, қола жүлдені Испания спортшылары иеленді.
Әйелдер арасындағы сында Карина Магрупова төрттікке енсе, жұптық сында Ясмина Тұяқова мен Арина Пушкина 11-орында қалды.
Бұған дейін Эдуард Ким техникалық бағдарламада жеңімпаз атанған болатын. Содан кейәін ол Наргиза Болатова екеуі күміс жүлдені жеңіп алды.
Бұл — Ким мен Друзиннің Әлем кубогы кезеңіндегі алғашқы алтын жүлдесі. Одан бұрын жарыс басталған кезде Виктор Друзин Анна Павлетцовамен жұп құрып, еркін бағдарламада 181.5833 ұпай жинап, қола жүлдегер атанған еді.
Друзин мен Павлетцова жұбы осыған дейін Бейжіңдегі Әлем кубогы кезеңінде еркін бағдарламада күміс жүлдемен күптелген.
Аралас жұптық сындағы еліміздің тағы бір дуэті Артур Майданов мен Валерия Столбунова төртінші орыннан сатыдан көрінді. Олар 153.1355 ұпай жинады.
Турнирге 16 елдің 88 спортшысы қатысып, сынға түсіп жатыр.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА