Бүгін Германия Федеративтік Республикасында футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионаты жалауын көтереді.
Оның ашылу салтанаты Астана уақытымен сағат 23:40-та бастап көрсетілсе, чемпионаттың алғашқы ойыны Германия мен Шотландия құрамаларының арасында болады. Командалардың матчы сағат 23:50-де басталады.
Еуропа чемпионатын Qazaqstan мен Qazsport» телеарналары тікелей эфирде көрсетеді. Бұл арналарда барлық 51 матчқа трансляция жасау жоспарланып отыр.
Құрлықтық доданың ойындары Германияның Берлин, Дортмунд, Дюссельдорф,Майндағы Франкфурт, Гельзенхиркен, Гамбург, Кельн, Лейпциг, Мюнхень, Штутгарт қалаларында болады. Оған Англия, Аргентина, Германия, Испания, Италия, Нидерланд, Польша, Португалия, Румыния, Словакия, Словения, Түркия, Франция, Швейцария, Швеция елдерінің төрешілері шақырылған.
Құрамалар мына топтарға бөлінген:
А тобы: Германия, Шотландия, Мажарстан, Швейцария.
B тобы: Испания, Хорватия, Италия, Албания.
С тобы: Словения, Дания, Сербия, Англия.
D тобы: Польша, Нидерланд, Австрия, Франция.
E тобы: Бельгия, Словакия, Румыния, Украина
F тобы: Португалия, Грузия, Түркия, Чехия.
Чемпионаттың финалы 14 шілдеде болады. Оған дейін болатын топтық кезең ойындары Астана уақытымен жоғарыда аты аталған телеарналарда сағат 18:00, 21:00, 00:00-де басталады. Құрлықтық додада 30 маусым мен 2 шілде аралығында 1/8 финал болса, 5-6 шілдеде ширек финал, 9-10 шілдеде жартылай финалда ойнайтын құрамалар алаңға шығады.
Еуропа чемпионаты 1960 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақытқа дейін Германия (1972, 1980, 1996 ) мен Испания (1964, 2008, 2012 ) үш рет, Италия (1968, 2020 ) мен Франция (1984, 2000 ) екі рет чемпион атанған. КСРО (1960), Португалия (2016), Чехословакия (1976), Нидерланд (Голландия, 1988), Дания (1992) мен Грекия (2004) бір-бірден құрлықтың басты додасын жеңіп алған.
Еуропадағы букмекерлік кеңселердің мәліметіне қарағанда, футбол фаннаттарының көбі биылғы чемпионық атақты Англия құрамасы жеңіп алады деп бәс тіккен. Екінші орында Франция құрамасы тұр. Үшінші орынды Германия құрамасы иеленіп отыр. Одан кейін Испания, Португалия, Нидерланд, Италия мен Бельгия командалары чемпион болады дегендер бар.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА