• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Жапон қызы Олимпиадада алтын жүлде ала ма?

    Жиырма жастағы Акари Фужинами — әйелдер күресінен Жапония мен әлемнің бірінші нөмірлі палуаны. Ол жеті жыл бойы ешкімнен жеңілмеген. Өз салмағында үздік атанған А.Фуджинами биылғы Олимпиялық ойындарға 53 кг салмақ дәрежесінде қатысады.

    Былтыр Астанада күрес түрлерінен өткен Азия чемпионатына Күншығыс елінің командасы да қатысты. Сол жарыста әйелдер күресінен Жапония құрамасының бас жаттықтырушысы Канехама Риодан сұхбат алдым. Оның айтуынша, Жапонияда 53 мың қыз күреспен айналысады екен.

    Мен одан: «Дүние жүзі бойынша әйелдер күресінен жапондар бірінші орында емес пе? Неге күреспен айналысатындар аз?» — деп сұрағанымда, ол «Өйткені, бізде әйелдер күресіне қызығушылық аз. Көбі таеквондо, дзюдо, баскетбол мен спорттың басқа да түрлеріне қызығады, — деп жауап берді.

    Жалпы, жапон қыздары 2004-2020 жылдары 20 жүлде алған. Оның 15-і алтын, үшеуі күміс, екеуі қола медаль екен.

    Каори Ите – төрт рет Олимпиадада топ жарса, Саори Есидо – үш алтын, Рисако Кавай – екі алтын медаль алыпты. Ал Хитоми Обара, Эри Тосака, Сара Досе, Юи Сузаки, Мая Мукайда, Юкако Кавай бір-бірден Олимпиада чемпионы атанған.

    А.Фуджинами екі дүркін әлем және екі мәрте Азия чемпионы және Азия ойындарының чемпионы болған. Әзірге басы бос 20 жастағы жапон қызының статистикасы таңқаларлық. Ол 35 рет белдесіп, 22 отандық, 13 шетелдік турнирлерді жеңіп алған. 130 рет боз кілемге шығып, соның бәрінде жеңіпті.

    Париж Олимпиадасының басталуына аз ғана уақыт қалды. Күншығыс елінің алты қызы 6 салмақ дәрежесінде қатысып, 3-4 алтын жүлде алатын шығар. Жапонның нәзік жандары үш жыл бұрын Токиода (50, 53, 57 және 62 кг) 4 алтын медаль алды.

     

    Айбек МҰХАНОВ,

    Маңғыстау облысы

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *