• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Талантты талант таниды

    Жақында грек-рим күресінен Қазақстанның жастар құрама командасы Үндістанның Дели қаласында өткен Азия чемпионатында еліміздің әнұранын екі рет ойнатып, көк байрағын жеті рет биіктен желбіретті.

    Осы белдесулерде жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Серік ЖҰМАШЕВТІҢ шәкірттері екі алтын мен бес қола медальді алып, жалпы командалық есепте 147 ұпаймен екінші орынды иеленді.

    Елімізге алтын жүлденің бірін 60 кило салмақ дәрежесінде күрескен Ғалым Қабдынасаров, екінші алтын медальді 67 кило салмақта ел намысын қорғаған Мерей Бекенов жеңіп алды.

    Жалпы, Серік Жұмашевтің шәкірттері жыл сайын алыс-жақын шетелдерге шығып, үлкен жарыстарда топ жарып, құрмет тұғырының ең биік сатысынан көрініп келеді. Жақында біз Алматыда жас палуандардың қабілеті мен дарынын бірден танитын талантты спорт маманымен кездесіп, әңгімелескен едік.

    -Серік Мұратұлы, сізді көп адамдар өз жұмысын жақсы білетін, баланың бойында күреске деген қабілеті болса бірден танып, содан жақсы палуан шығаратын мықты маман дейді. Бұл сөзге біз де қосыламыз. Шынымен де сіз қай команданы, қай спортшыны жаттықтырсаңыз да солар елімізге бос қоржынмен қайтпайтынын білеміз. «Талантты талант таниды» деген сөз рас сөз. Бұл асыра мақтау емес. Бұл – факт. Сіз бала кезіңізден күреспен айналысып келеді екенсіз. Осының бәрін басынан бастап айтып бересіз бе?

    -Мен енді, рас айтайын, өзім туралы көп айтқым келмейді. Жарнамаға жоқпын. Көпшілік алдына көп шыға бермеймін. Менің әкем Мұрат Сүндетұлы ЖҰМАШЕВ кезінде балаларды спортқа баулып, күреске жаттықтырған. Ол ауылда көп балаларды тәрбиелеп, талай әлем чемпиондарын дайындаған. Әкем еліміздің  оқу-ағарту ісіне үлесін қосып, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағын алған. Өзі де жас кезінде күреспен айналысып, спорт шеберлігіне үміткер болған екен. Мен жастайымнан әкеме еліктеп, спортшы болуды армандап өстім.

    Неше жасыңыздан бастап күреспен айналыстыңыз?

    -1973 жылы Орал облысы Жалпақтал ауданы Талдапан ауылында тудым. Әкем ауылдағы мектепте денешынықтыру пәнінен сабақ беріп, жаттықтырушы болды. Сол кезде ол грек-рим күресі үйірмесін жүргізіп, балаларды жаттықтырды. Оның қол астында көп бала дайындалды. Ол Талдапан ауылынан екі халықаралық спорт шебері мен бес-алты спорт шеберін шығарды. Мен де солар секілді 3 сыныптан бастап күреске қызығушылық танытып, 7 сыныпқа дейін айналыстым. Орал қаласына барып, жарыстарға қатыстым. Тіпті, ауылда оқып жүріп, 6-7 сыныпта Талғар қаласында өткен Тұрар Рысқұлов атындағы турнирге қатысып, 29 кило салмақта бірінші орын алғанмын. Сол кезде мені Алматыдағы Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спортта дарынды балаларға арналған  мектеп-интернаттың жаттықтырушысы Әділжан Кәрібайұлы Қангелдиев байқап, оқу орнына шақырды. Осы мектепке мен 7 сыныпта бардым. Әділжан аға Оралға келіп, мені бір жарысқа қатысып жатқан жерімде көріп, өзімен бірге әкетті. Содан 11 сыныпқа дейін Қажымұқан мектебінде оқыдым. Сол жерде жаттықтым. Кейін әскер қатарында болғанда да Орталық әскер клубында күреспен айналыстым. Әділжан ағаның қарамағында жүріп, ұлтық құрама команданың қатарына қабылдандым. Ол кезде ұлттық құраманы Дәулет Болатұлы Тұрлықанов жаттықтыратын. Дәулет Болатұлының кезінде Геннадий Андреевич Сапунов келісім-шарт бойынша қызмет етті.

    -Қай кезде Қазақстан құрамасы сапында алғашқы жетістігіңізге жеттіңіз?

    -1997-1999 жылдары Қазақстан чемпионы болдым. Сол кезде Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко еліміздің намысын қорғап жүргенде мен екінші номерлі болып күрестім. 1990 жылдардың соңында елімізде көптеген талантты жастар шықты. Солармен бірге оқу-жаттығу жиындарына қатыстым. 1999 жылы Орталық Азия ойындарында екінші орын алып, Шығыс Азия ойындарында күміс медальді иелендім. Содан кейін Азия кубогының иегері атандым. 27 жасымда мені Дәулет Болатұлы Алматыдағы «Дәулет» мектебіне шақырды. Мен көп ойланбай жаттықтырушылық жұмысқа ауыстым. Осы мектепте қаланың күреске икемді балаларының бәрі жаттықты. Кейін ол кәдімгі кәсіби күрес клубына айналды. Бұл жерден Нұрмұхан Тінәлиев, Асхат Дінмұхаммедов шықты. Басқа да талантты жастар түлеп ұшты. Асхат – менің алғашқы шәкіртім. Ол осы мектепте аяққа тұрып, қазір де соның атынан күресіп жүр. Енді күзде ол Индонезияның Джакарта қаласында өтетін жабық ғимараттағы Жабық Азия ойындарына қатысады. Осы спорт ордасында қызмет етіп жүргенде Дәулет аға мені Каркен Ахметов атындағы республикалық спорт мектебіне ауыстырды. Бұл жерден де көптеген чемпиондар шықты. Онда Нұрмұхан Тінәлиев, Мкхитар Манукянның жиені тәрбиеленді. Ол да менің шәкіртім болды. 2011 жылы ол әлем чемпионы атанды.

    Құдайға шүкір, біздің елде қай кезде болсын талантты палуандар көптеп шығып, өздерін халықаралық сахнада жақсы жағынан көрсетіп келеді. Мысалы, сол жылдары әкемнің шәкірті Артур Үмбетқалиев Түркияның Анкара қаласында жастар арасындағы әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Бұл ұмытпасам, 2009 жыл болатын. Осы жылы мені Қазақстанның кадеттер арасындағы құрама командасының аға жаттықтырушысы қызметіне бекітті. Жасөспірім палуандармен көп жұмыс істеуге тура келді. Күрес залында балалар көп тер төкті. Соның нәтижесінде 2010 жылы Жәнібек Қандыбаев Сингапурде тұңғыш рет жасөспірімдер арасында өткізілген Олимпиада ойындарының чемпионы атанды. Осы сында Ахан Баймағамбетов қола жүлдені иеленді. 2011 жылы әлем чемпионатында Мейрамбек Айнағұлов алтын медальді, Мұхаммед Есмұрзаев күміс медальді, қола жүлдені Абылай Кәрімжан алды. Біздің құрама кадеттер арасында командалық есепте үш рет Азия чемпионатын ұтып алды. 2014 жылы жасөспірімдер арасында Қытайдың Нанжин қаласында өткен Олимпиадада тағы бір шәкіртім Евгений Поливадов қола медальге ие болды.

    -Кадеттер құрамасын жаттықтырып, көп жетістікке жеткен екенсіздер. Енді биыл сіз жастар құрамасының аға бапкері болып отырсыз. Бұл спорт мамандарының сізге артқан сенімі деп ойлаймыз. Жаңа қызметте алдыңызға қандай мақсат пен міндет қойдыңыз?

    -Жақында біздің құрама Үндістанда болып қайтты. 15-18 шілде күндері осы елдің астанасы Дели қаласында жастар арасында Азия чемпионаты өтіп, содан екі алтын, бес қола медаль алып келдік. Осы жарысқа команданы көп уақыт дайындадым. Алдымен палуандарды іріктеп алдық. Былтыр қараша айында Шәміл Серіковтің турнирінде Азия чемпионатына баратын спортшыларды іріктедім. Сосын қаңтар айында жарысқа дайындықты бастап кеттік. Чемпионат алдында 6-7 оқу-жаттығу жиынын өткіздім. Соның екеуі Өзбекстанда, біреуі Қырғызстанда өтті. Қалған уақытта жігіттер елде жаттықты. Енді мақсат туралы айтсам, менің мақсатым да арманым да біреу: ол – болашақ жастарда болған соң, жастарды жақсы тәрбиелеп, халықаралық техникаларға үйретіп, шеберлігін арттырып, құрама командаға дайындап беру. Болашақта осы балалардан Олимпиада, әлем чемпиондары шықса екен деп армандаймын.

    -Ол үшін елімізде жағдай жасалып жатыр ма?

    -Мемлекет тарапынан қолда бар жағдайдың бәрі жасалып жатыр. Алматы облысында АИБА базасы, Алексеевкада, Щучьеде, Шымкентте орталықтар бар. Дегенмен өңірлерде спортшының жеке дайындығы жақсы болса екен деп тілейміз. Өйткені, жергілікті жерде палуандардың жеке жаттықтырушылары күресті дұрыс үйретпей келеді. Соған байланысты бізге құрама командада жастарға күрестің техникасы мен тактикасын қайта үйретуге тура келіп тұр. Біз палуандарды құрама командаға шақыртып, халықаралық аренада қалай күресіп, қандай айла-тәсілді қолдану керектігін үйретеміз. Ал күресі жақсы дамыған елдерде олай емес. Мысалы, Иранды алайық. Ол жақта күрес бір жерден басқарылады, бір жерде үйретіледі. Өкінішке қарай, біздің елде ондай палуандарды халықаралық жарысқа бір жерде үйрететіндей жағдай болмай тұр. Біздің ел осы жағынан қалып тұрған сияқты. Сондықтан қазақтың балаларына басқа елдің спортшыларына қарағанда екі есе жұмыс істеу керек.

    Біздің балалар шымыр, шыдамды, жігерлі де жинақы. Сосын балаларда техника бар. Біз көп жағдайда осы жағынан ұтып жүрміз. Бір жақсысы, елімізде күрестің бұрыннан қалыптасқан мектебі бар. Қазір көп жастарымыз Жақсылық Үшкемпіров, Шәміл Серіков, Дәулет Тұрлықанов, Юрий Мельниченко, Бақтияр Байсейітов, Мкхитар Манукян сияқты болсақ деп армандайды. Сол үшін күрес залынан шықпай, таңның ертесінен кештің батысына дейін кілемнің шаңын қағып жүр. Сондықтан мен жаңа айтқанымдай, осы балалардан Олимпиада, әлем чемпионы шықса екен деймін. Шынын айтсақ, сол арман, мақсат үшін ғана күресте жүрміз. Осы жерде бізге Дәулет Болатұлы Тұрлықановтың көп көмектесіп жатқанын айтқым келеді. Қазір ол кісі Қазақстанның грек-рим, еркін күрес және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті мен Азия күрес кеңесінің президенті қызметін атқарып отыр. Дәулет аға қай қызметте болса да қай жерде жүрсе де грек-рим күресінің дамуына ерекше көңіл бөледі. Мен оны Дәулет Болатұлымен танысқан кезден бері жақсы білемін. Қазақта «Ағасы бардың жағасы бар» дейді ғой, осындай ағаларымыз бар да біз ештеңеден қиналып көрген жоқпыз.

    -Жаңа Үндістанда өткен Азия чемпионаты туралы айттыңыз ғой. Палуандарға ризасыз ба?

    -Осы жарыста финалға сегіз спортшыны шығарамын деп ойлағанмын. Үнді еліне сондай мақсатпен бардық. Екі спортшымыз алтын, бес палуанымыз қола медальді жеңіп алды. Жарыста жігіттердің техникасы мықты болды. 60 кило салмақ дәрежесінде Ғалым Қабдынасаров, 67 кило салмақта Мерей Бекенов чемпион атанды. Ғалым финалда иран палуанын 10:2 есебімен ұтты. Оның алдында Сауд Арабиясы мен Жапонияның жігіттерінен айласын асырды. Ал Мерей финалда қырғыз спортшысы Халмурат Ибрагимовты 9:0 есебімен айқын басымдықпен жеңді. Финалға дейін ол Өзбекстан мен Қытай палуандарын жықты. Қола медальді 55 кило салмақта Арслан Абдурахманов, 82, 87 және 130 кило салмақта Станислав Рильский, Санжар Темірбек пен Антон Савенко иеленді.

    Жарыс басында жігіттер осындай халықаралық додаларға көп шықпаған соң аздап қобалжыды. Содан кейін тактика, техника жағынан жақсы келіп, бар уайымын ұмытып, алдына қойған мақсатты орындап отырды. Соған риза болдым.

    –Әңгімеңізге рахмет!

    Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН

    АЛМАТЫ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *